Пальмира – сахараның жақұты: ДАИШ-тың шапқыншылығына дейінгі және кейінгі жағдайы
ДАИШ пайда бола салысымен көптеген қылмыстар мен қатігездік әрекеттерге барды. Көне қала Пальмираны қирату олардың сол әрекеттерінің бірі саналады. Бұл бағдарламада осы тақырып қарастырылады.
ДАИШ лаңкестік тобының бақылауында болған Сирияның көне Пальмира қаласы көптеген айлар бойы жаулап алынғаннан кейін жақында Сирия армиясының кең ауқымды ілгерілеушіліктерімен азаттықтың тынысын сезінді. Бұл көне қала жаулап алынған кезде оның жүздеген тұрғынының ДАИШ лаңкестік тобы қылмыстарының құрбанына айналуымен қатар, қаланың көптеген тарихи ғимараттары мен ескерткіштері де қиратылды.
Екі мың жылдық тарихи салтанатының ескерткіштері осы уақытқа дейін сақталған Пальмира қаласы ДАИШ-тың басқыншылығымен ескерткіштерінен айрылды. Пальмираның құлауы қарсаңында Сирия халқының қырғынына қатысты үнсіздік танытқан ЮНЕСКО мен көптеген халықаралық органдар осы көне қаланың жағдайына алаңдаушылық білдіре бастады. Алайда олардың алаңдаушылықтары тек қаланың тарихи ескерткіштерінің қирауына ғана қатысты болды. ДАИШ лаңкестері Пальмира қаласын басып алған кезде ежелгі қаланың амфитеатрын жаппай қыру үшін пайдаланып, археолог және сол қаланың ежелгі нысандарының бұрынғы басшысы Халед ал-Асадты өлтірді. Олар сонымен қатар екі мың жылдық тарихы бар Баал-Шамин ғибадатханасы мен Бэл кесенесін бұзып, қаланың тарихи «Тағе Носрат» ескерткішін жарып жіберді. Мұнымен қоса ДАИШ лаңкестері бұл қаланың мұнара тектес ежелгі кесене, зираттарын да қиратты.
Сирияда соғыс басталардан бұрын туризм өнеркәсібі бұл елдің экономикасының негіздерінің бірі саналды. Елдің жұмыс күшінің айтарлықтай бөлігі туризм өнеркәсібі және сонымен байланысты өнеркәсіптерде шоғырланған болатын. Сириядағы азамат соғысына дейін жылына 150 мыңнан астам турист тек Пальмираға келетін. Бірақ бірнеше жылғы қанқұйлы соғыс Сирияның туризм саласынан түсетін табысын жойып, бұл елге қазір ешқандай саяхатшы келмейтін етті.
Сириядағы лаңкестердің ежелгі ескерткіштерді толығымен дерлік қиратуы туралы ақиқат өте ащы. Пальмирамен қоса Дамаск, Алеппо, Басри қалаларының тарихи аумақтары мен Сирияның солтүстігіндегі «өлі қалалар» деп аталған тарихи аймақтар да нұқсан келген мекендер саналады. Бүлікшіл топтардың Алланың елшісінің немересі хазірет Зейнабтың кесенесіне қайталап жасаған шабуылдары мен мұсылмандар құрметтейтін мекендерді қиратуы Сириядағы лаңкестік топтардың дінге қарсы іс-әрекеттерінің қатарын құрап отыр.
Осы уақыт ішінде ДАИШ тобының қарулы күштері күмбездер мен мұнараларды, исламның ардақты пайғамбарыының сахабалары – Уәйіс Қарани мен Аммар Бен Йасердің және Аби Бен Ғейс Нахаидің кесенелерін бұзып, осы үш сахабаның қабірлерін толығымен жермен-жексен етті. Мұнымен қатар «Азат армия» атты топ бұдан бұрын Дамаскте исламның басындағы кезеңдегі үлкен тұлға Хаджар ибн Адидің кесенесін де қиратқан болатын.
Бұл елде азамат соғысының басталғанына көп уақыт өтпей жатып, Еуропаның қауіпсіздік саласының басшылары Сирияның әл-Каида демеушілік жасайтын лаңкестер үшін туристік елге айналғанын ескертті. Олар «лаңкестік туризмінің» Британияның кейбір азаматтары арасындағы туристік жұмыстардың маңызды бір бөлігінің атауына айналғанын, осы мәселенің бұл аймақтың қауіпсіздігіне бұрынғыдан бетер қауіп төндіретіндігін айтты.
Айтпасқа болмайтын нәрсе, ол – лаңкестер мен лаңкестік топтардың өздерінің түрткілерін діни деп жариялағандарымен, шындығында олар мұрындарына діннің иісі де бармайтын адамдар. Олар әртүрлі түрде ислам діні мен адами құндылықтарға қатысты тұрақсыздықтарын көрсетті. Мәселен, Сириядағы ДАИШ лаңкестік тобы қолбасшыларының бірі екі жыл бұрын исламға дейін салынған барлық шіркеулерді қирататындықтарын мәлімдеді. Бұл олардың әсірешіл, надан ғана емес, сонымен қатар мазхабаралық арандатушылық және әртүрлі діндердің ізбасараларының шырқын бұзуды да көздегендерін, әлі де сол мақсаттарынан танбағандарын көрсетеді. Себебі аспандық діндердің ғибадат мекендерін жою ешуақытта ислам пайғамбарының тәсілі болған емес.
Сирия астанасы Дамаскті «тарих дарбазасы» деп те атайды.
Бұл қаланың әлемнің ең көне қалаларының бірі екендігі, милади жыл санағынан бұрынғы 8-10 мың жыл бұрын адамның тұрақты мекені болғаны белгілі. Сол себепті оны «әлемнің алғашқы астанасы» деп те атайды. Дамаск – шығыстағы адамзаттың ең көне өркениеттерінің пайда болуы мен дамуына куә болған қала.
Бұл қала әртүрлі кезеңдерде алуан түрлі династиялар мен императорлықтардың билік еткен астаналары мен орталықтары болған. Милади жыл санағы бойынша 636 жылы Дамаск ислам әлемінің астанасы болғаннан кейін ислам әлемінің ең маңызды қаласына айналып, қысқа мерзімде Умави халифатының орталығына айналып, өзінің өркендеуінің ең биік шыңына жетті. Көптеген пайғамбарлар мен есімдері даңққа толы ерлер мен әйелдер, данышпандар мен ойшылдар, ақындар мен астрономдар, дін үлкендері осы жерден шығып, мәдениет пен білім және даналықты дамытып, тарату және әртүрлі діндерді уағыздау жолында қыруар еңбек сіңірді.
Пальмира немесе Тадмор – Сириядағы ежелгі қалалардың бірінің атауы. Оның ескерткіштері Хомс облысында орналасқан. Сирия эллинистік және византийлік кезеңдерде өркениеттің ең маңызды орталықтарыының бірі болды. Оның таңданыс тудыратын әдемі архитектуралық құрылымдары мен ежелгі дуалдары бұл елдің тарихи болмысының бір бөлігі саналады. Пальмираның тұрғындарын арамейлер, амурлықтар мен арабтар және еврейлерден тұратын азшылық құрады. Пальмираның көне қирандыларымен жапсарлас Тадмор қаласы орналасқан. Тадмор – Пальмираның араб тіліндегі атауы. Бұл Сирияның шығысындағы ашканилер мен пальмиралықтар және иунандықтардың мәдени синтезінің мекені болған. «Сахара жақұты» деп танымал болған бұл қала әлемнің тарихи маңызды ескерткіштерінің және Сирияның ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізімінде тіркелген ескерткіштерінің бірі. Пальмира қирандыларының үлкен бөлігінің тарихы милади жыл санағы бойынша бірінші және екінші ғасырлардан бастау алады. Пальмира антикалық дәуірлерде әлемнің ең маңызды орталықтарының бірі болған. Бұл – иунандық және римдік өнерлер жергілікті дәстүрлермен, сондай-ақ ежелгі Иранның ықпалымен араласқан өнер мен сәулет өнері көрініс тапқан қала. Аталмыш аумақ мыңнан астам баған мен 500-ден астам қабірді қамтитын үлкен зираттан тұрады.
Тадмор қаласын Левант сахарасына дейін созылған өзінің кең ауқымды билігі тұсында Ашканилер салған болатын, бірақ римдіктердің шабуыл жасауына байланысты тез арада бұл қала Иран жерінен бөлініп, римдіктердің қолына түсті. Бұдан кейін қала Сирия патшайымы – Зенобия үкіметінің астанасы болды. Тадмор қаласы алтын түстес бағандары бар ақындарға шабыт сыйлайтын көңіл-күй кеңістігіне ие әдемі қала әрі милади жыл санағынан бұрынғы бірінші және екінші ғасырларда Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттықтың ең маңызды бекеттерінің бірі саналды. Соңында бұл әдемі қаланы милади жыл санағы бойынша 274 жылы Рим императоры талқандады. Көне қала әртүрлі бөлімдерден, соның ішінде Пальмира қамалынан, Бэл ғибадатханасынан, Адриана қақпасынан, тетрогоналды ғимараттардан және Баал-Шамин сынды кесенелерден тұрды. 2015 жылдың тамыз айының 23 күні ДАИШ лаңкестік тобы жарылғыш заттарды қолданып, кесенені ішінен бұзып, кесененің айналасындағы бағаналарды жарғыш заттарды қолданып, талқандаған Баал-Шамин ғибадатханасының тарихы милади жыл санағы бойынша бірінші ғасырға тиесілі. Пальмира иунандық, римдік қалалардың қатты ықпалында болды. Үлкен бағаналы алаңдар, минералды сулар көзі немесе амфитеатр – Пальмирада көзге түсетін иунандық-римдік қалалардың көрсеткіштері. Бұл көне қаланың амфитеатрының сахнасында шығыстық қойылымдар көрсетілді. Амфитеатр сонымен қатар хайуандарды төбелестіру немесе гладиаторларды күрестіру үшін де пайдаланылды. Бірақ ДАИШ аталмыш қаланы жаулап алған кезде театр сахнасын жаппай қырғын үшін қолданды. Шамамен екі мың жылдық тарихы бар «Носрат тағын» немесе «Жеңіс тағын» да ДАИШ лаңкестері 2015 жылдың қазан айының бесі күні талқандады. Бұл қала ДАИШ тобының қолына түскен уақыттан бері тарихи ғимараттар мен ескерткіштерді қиратып, тарихшылар мен археологтарды өлтіру лаңкестік топтың тарихпен, мәдениет және ағартушылықпен соғысудағы стратегиясына айналды. 2015 жылдың шілде айында да ДАИШ лаңкестері мәдени мұраларға қарсы әрекеттерінде алты көне мүсінді, соның ішінде «Аллат» арыстанының мүсінін қиратты. Сирияның ежелгі ескерткіштер кеңсесінің директоры Абдулкарим ДАИШ-тің бұл әрекетінен кейін мүсіннің қарулы қақтығыстарда аман қалуы үшін металл пластиналармен және құм салынған дорбалармен жабылғанын, бірақ ДАИШ лаңкестерінің оны шығарып алғанын мәлімдеді. Мамандар бұл әрекетті ДАИШ-тің Пальмира ежелгі мұраларына қарсы жасаған ең үлкен қылмысы деп атады.
Осы қылмыстардың барлығына қарамастан, Сирия армиясы 2016 жылдың наурыз айының 27 күні Пальмира қаласын өз бақылауына алып, миналар мен бомбаларды заласыздандыру амалдарынан кейін бұл қаланы ДАИШ лаңкестерінен тазалауға кірісті. Бірақ, өкінішке орай қаладан келіп түсіп жатқан бейнелер мен суреттер ежелгі ескерткіштердің денінің қиратылғанын көрсетеді. «Сахара жақұтының» бұрынғы салтанатының жарқылы бүгінде солғын тартқан...