Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(9)
Бүгінгі бағдарламада Құдайға ғибадат етіп, Оған иман келтірудің басты нышандарының бірі ретіндегі құлшылықтың тек қана Аллаға арналуы қажеттігін талқылаймыз.
Алланың қолдауымен құлшылығымыз одан ары арта түсер деген үмітпен "Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері" атты бағдарламаның келесі бөлімін назарларыңызда ұсынамыз. Барлық адамдар біртұтас үйлескен тұлғаға айналуды қалап, соған жетуге тырысып, бір бағытта қадам басып, бір бағытта қозғалып, бір мақсатқа қарай ілгіреуді көздейді. Қоғамтанушылар, психологтар, сопылар мен тағы басқалар адамдардың бұл арманы мен тілектерін орындауға талпыныс жасады. Олардың әрқайсысы салыстырмалы түрде шешім жолдарын тапты, бірақ хакім әрі дана Алла адамды өзі жаратқандықтан, оның барлық тілектері мен қабілеттерін біледі, оның бойындағы құпияның бәрінен хабардар. Сондықтан оған жан-жақты кемеліне жеткен түбегейлі жолды көрсетті. Бұл жол адамдарды құтқаратын жағаға жеткізеді және оларға шынайы қауіпсіздік пен тыныштық сыйлайды, қобалжу, абыржу мен құлазудан арылтады. Мейірімді Алла осы күдік тудырмайтын жолды сипаттауда былай дейді: “Маған құлшылық қылыңдар. Тура жол осы!” («Иасин» сүресі, 61‑аят)
Құтқаратын түбегейлі жолдың барына қарамастан адамдардың көбі қате сенімдер мен күмәндарға байланысты адамды кемелдікке жеткізетін Аллаға құлшылық жолында қадам баспай, басқа кез келген үстірт дауыстарға жауап береді. Анда‑мұнда барады, ақырында тауы шағылып, үміті үзіліп қайтып келіп, сергелдең мен нигилизмнің шырмауына түседі. Сол себепті болар дана да мейірбан Алла былай дейді: «Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, сонда сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар» («Әнам» сүресі, 153‑аят).
Аллаға ғана құлшылық етуде беріктікті сақтау құдірет, байлық, нәпсіқұмарлық пен шайтанға табынудан бас тартумен ғана шектелмейді, діни басшыларға ессіз берілуден бас тартуды да қамтиды. Әсіресе егер діни басшылар мансапты көздеген шайтан сипатты үстемшіл билеушілердің қолында құралға айналған болса, байлық жинаушылардың қолында ойыншыққа айналған болса, оларға жақтасуға болмайды. Ұлы Алла бұл жайлы ескерту айтып, Ислам пайғамбарына былай деген: «Әй Кітап иелері! Біздің арамыз бен сендердің араларыңа бірдей бір сөзге келіңдер; жалғыз Аллаға құлшылық қылайық, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ Алладан өзге бір-бірімізді тәңір тұтпайық» деп айт. Егер олар жүз бұрса: «Куә болыңдар, шәксіз біз Мұсылман болдық» деңдер» («Әли Имран» сүресі, 64‑аят).
Аллаға ғана құлшылық етудің тағы бір маңызды принципі – күпірлікке салынған залым билеушілерге бағынбау, нәпсілік және шайтандық құмарлықтарға ілеспеу, екіжүзділер мен Аллаға серік қосушыларға бас иемеу, өзін өзі жоғалтқан адамдарға ілеспеу және қате әрі жалған жолдарға қадам басқан халықтың басым бөлігіне жақтаспау. Құран аяттардың көбінде осы мәселеге тоқталып, Алладан басқаға және таңдаулыларға бас июді күпірлік деп атады. Кейбір тез сенгіш таяз адамдар сезімге бой алдырып, әрекет етеді. Олар алдын ала танымсыз, түбегейлі зерттеусіз алдауға еріп, өтірікшілердің тұзағына түседі. Олар мұның шынайы емес екенін білмейді. Ал әлгілер тек өздерінің мүдделері мен позицияларына тиісті жағдай жасауды көздейді. Құран қиямет күнінің ертеңінде налитын адамдар туралы былай деді: «Раббымыз! Басшыларымызға, үлкендерімізге бой ұсындық та бізді солар адастырды деді» («Ахзаб» сүресі, 67‑аят).
Кейбір замандар мен мекендерде бейсанасыз бағынудың аясы кеңейе түсіп, қоғамның басым бөлігін қамтып, адамдардың көбі басым халық осындай өмір салтын ұстанатындықтан олар таңдаған жолды дұрыс та қисынды жол деп санайды. Ал ақиқат пен жалған, дұрыс пен бұрыстың критерийі адамдардың санында емес, қарым‑қатынас сапасы, қолданатын тәсілдері мен мінез‑құлықта жатыр. Тура осы себепті адамға ақыл мен ой нығметін берген Алла тағала былай дейді: «Егер сен жер жүзіндегі адамдардың көбіне көнсең, сені Алланың жолынан адастырады. Олар өз ойларына ғана ілеседі де, ұдайы жалған сөйлейді» («Әнам» сүресі, 116‑аят).
Бүгінгі бағдарламаны қорытындылай келе, бейсанасыз бағыну мен соқыр табыну Аллаға ғана құлшылық етіп, ғибадат етумен үйлеспейтін, оған қайшы келетін құлшылықтың түрі саналады деп айтуға болады. Құлшылықта да, бағынуда да Алла мен оның елшілері сипаттаған жолмен жүру керек. Сонда саналы монотеистік сенімнің аясынан шықпайтын боламыз.