Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(10)
(last modified Wed, 22 May 2019 20:02:09 GMT )
Maм 23, 2019 02:02 Asia/Almaty
  • Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(10)

Бүгінгі бағдарламада Құрандағы исламдық ойлардың тағы бірімен таныстырамыз.

Бағзы заманнан осы күнге дейінгі саяси жүйелер мен құрылымдарға шолу жасағанда мынадай ащы шындықты байқаймыз. Бір топ әрдайым саяси-экономикалық, мәдени-әлеуіметтік және оқу-білім салаларындағы артықшылықтардың барлығына ие болған. Ал басқа бір топ әділетсіз кемсітушілікке ұшырап, көп мүмкіндіктен мақұрым қалып, аса зор таптық алшақтықтан зардап шегіп, озбыр билеушілер мен қайғысыз байлардың қол астында қиындық пен дертке толы өмір сүргенін көруге болады. Пайғамбарлардың барлығы шабытты қолдаулар мен саналы таухидтік сенімдермен  осындай залым жүйелерді құлату үшін күресіп, илаһи жүйе мен билік орнату арқылы үстемшілдер билігін жойып, әділ үкімет құру арқылы зұлымдық, кемсітушілік пен таптық алшақтықтардың көзін  құртуға тырысқан. Қысқа билігі кезінде осындай жүйені құруды көздеген Әли (ғ.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлыққа таңдалуын сипаттауда: "Алла тағала Мұхаммедті әділетті түрде пайғамбарлыққа таңдап, өз құлдарын басқа адамдарға табынудан құтқарып, ақиқатқа қарай шақыруды көздеген. Зұлым келісімдер мен уағдалардан босатып, оларды құтқаратын келісімдерге міндеттеп, соқыр бағыныштылық пен үстемшілдердің таңуынан шығарып, саналы түрде бағынуға жетекшілік етіп, Аллаға серік қосатын адамдардың достығы мен басқаруынан босатып, кемелдік тудыратын достық пен басқаруға берік болуға   шақыруды көздеген",-деді (Кафи. 8-том).

Осының негізінде таухидтік жүйе мен билікте бас ұру, келісу, бағыну мен басқару илаһи сипатқа ие болады. Осы жолға қайшы келетін кез келген шара исламның таухидтік көзқарасы бойынша қабылдауға келмейтін күпірлік әрекет болып саналады. Таухидтік жүйеде барлық кемсітушіліктер, түстер, нәсілдер мен артықшылықтар солғындалады, өйткені Құранда айтылғандай, барлық адамдардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Құндылық берілетін жалғыз артықшылық –тақуалық. Ол адамдардың Алланың алдында ерекше жағдайға ие болуына себеп болады.  Алла тағала "Худжурат" сүресінің 13-аятында былай деген: "Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы".

Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) Алланың бұл сөзінің шынайылығын көрсетуге бар күшін салған. Ол исламның таухидтік жүйесінде барлық адамдардың практикалық және теориялық тұрғыдан бір-бірімен тең екенін көрсету үшін жәһілдік заманның, әсіресе тайпалық және нәсілдік фанатизм өршіп тұрған дәуір ақсүйектерінің көзқарастарына керісінше, мақсаттандырылған тиісті шаралар жасады. Бағдарламаның жалғасында солардан бірнеше мысал келтіреміз.  

Адамдардың тең екенін көрсететін маңызды шаралардың бірі – Қажылардың дүниежүзілік конгресі. Онда материалдық дүниеге тиесілі сипаттардың түсі мен буы шетке ысырылып, барлығы бірдей ақ түсті "ихрам" киіп, таухидтік ұранмен Алланың үйін тәуіп етеді. Осы кезде әлемнің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандар теңдессіз салтанатты рәсім – қажылыққа жиналған кеңістікте Алла елшісі зихадже айының 12 жұлдызында айтқан құтпасында: "Ей, халайық, сендердің Жаратушыларың біреу екенін біліңдер. Адам баласы бір ер мен бір әйелден жаралған. Ешбір араб басқалардан, басқа ұлттар арабтан артық емес, ешбір қара түсті қызыл түстіден, ешбір қызыл түсті қара түстіден құрметтірек емес. Артықшылықтың жалғыз белгісі – Аллаға тақуалық",-деді. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с) қара нәсілді, бойы қысқа, ұсқынсыз кедей Джусперге қарап былай деген: "Алла ислам тағылымдары арқылы жәһілдік заманда құрметті болған нәрсенің қадірін кетіріп, қор саналған адамға абырой беріп, жәһілдік замандағы жалған мақтаныштарды жойды" (Фору-е кафи, 2-том, 8-бет).

Мұхаммедтің (с.ғ.с.) заманындағы исламның ағартушылық кезінде түбегейлі өзгеріске ұшыраған көрнекті тұлғалардың бірі Салман еді. Ол Ираннан Мәдинеге қоныс аударғаннан кейін Алла елшісінің алдына барып, Исламның өміршең тағылымдарын зерттеп, танысқаннан кейін оған иман келтірді. Имам Бағер (ғ.) былай дейді: "Бір күні Салман бірнеше адаммен мешітте отыр еді. Олар өздерінің әулеттерін жер-көкке сыйдырмай мақтап, өздерінің шыққан тегімен масаттанып отырған көрінеді. Бір адам осындай даулы кеңістікте мазақ қылмақ болып, Салманға қарап: "Айтшы, кәне. Сен кімсің? Әкең кім? Тегің қандай?",-депті. Салман өзінің ирандық ұлты мен нәсілі туралы айтудың орнына: "Мен Салманмын. Құдайдың құлдарының бірімін. Адасып жүр едім, Алла Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы мені дұрыс жолға бағыттады. Кедей әрі мұқтаж едім. Мейірімді Алла өз елшісі арқылы мұқтаждықтан арылтып, дәулетімді асырды. Басыбайлы құл едім, ізет тудырушы Құдай құлдықтың қамытынан азат етті. Бұл менің тегім",-депті. Салманның сөз аяқталмай жатып, Алла елшісі мешітке кіріп келіп, не туралы сөйлесіп жатқандарын сұрайды. Салман болған жайды баяндағаннан кейін пайғамбар жиылған халыққа қарап: "Ердің ары – діні мен иманы, адамдық тұлғасы мен абыройы – оның мінез-құлқы, ал тегі мен тамыры – оның санасы мен ақылы",-деген екен.

Содан соң Алла елшісі Салманға қарап: "Тақуалық саясында болмаса, бұлардың ешқайсысының артықшылығы жоқ. Егер сенің тақуалығың олардан артық болса, сен олардан артықсың, жоғарырақсың",-деген екен.

Бір күні бұл әлемде бос уәде пен ұраннан ада шынымен-ақ әділ теңдік принципі орнайтынына үміттенейік. Келесі бағдарламаға дейін сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.