Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері (13)
Бағдарламаның жалғасында Құрандағы исламдық ойлардың тағы бір ерекшелігімен таныстырамыз.
Ардақты ағайын, өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, кез келген қоғамды басқару және жетекшілік етуді мойнына алған әрбір адам халықтың жүрегіне жол тауып, өз мақсаттарын орындауы үшін бәрінен бұрын өзі басқаларды шақыратын нәрселерге берік болуы керек. Сондай-ақ, бұл салада Алла елшілерінің өмір жолы басқа жетекшілерден көбірек жарқырай көрінетінін айттық. Алла тағала Ислам пайғамбарын (с.ғ.с.) Құранда әртүрлі қалыпта мақтап, мадақтаған. Осындай жағдайда мынадай сауал туындайды: пайғамбарлардың миссиясының мақсаты не? Бұл сұраққа берілген алғашқы жауап – адамдардың өмірін қайта жаңғырту мәселесі. Құран бұл жөнінде былай дейді: "Ей, Алла мен пайғамбардың шақыруына иман келтірген адамдар, сендерді шақырған кезде жауап беріңдер, сонда сендерге жаңа өмір сыйлайды".
Алла тағала Құранның басқа бір бөлігінде бұл өмірді "пәк өмір" деп атаған. Бұл өмірде илаһи құндылықтар мен қасиеттер көрініс табады. Бұл өмірде қылмыс, жемқорлық, әлеуметтік келеңсіздіктер болмайды. Бұл өмір бауырластық пен теңдік, қауіпсіздік пен тыныштық, бейбітшілік пен достық, жайлылық пен шыншылдық негізінде құрылады. Барша жұрт пәктік, тазалық пен гуманистік кеңістікте көңілдері жай тауып, өмір сүреді. Бұған қатысты ең маңызды тақырып мынау: мұндай қоғамды құруға қажетті нәрсе – қырағылық пен хабардар болу. Сол себепті Алла тағала пайғамбарларға былай деген:"(Мұхаммед Ғ.С.): “Менің жолым осы. Алла жаққа шақырамын. Мен және маған ергендер, ашық дәлел үстінде. Алланы пәктеймін. Сондай-ақ серік қосушылардан емеспін” де" ("Юсуф" сүресі, 108-аят).
Қырағылық пен хабардар болу шақырулар мен жолдаулардың қалыптасуы мен қабылдануында басты рөл ойнайды. Егер бір қоғам өздері көздеген мақсаттар мен армандар орындалу үшін қырағылықпен талпыныс жасаса, нәтижеге жетіп, ешқашан күдік пен үмітсіздік тұзағына түспейді, керісінше барлық күш-жігерімен таңдаған жолын жалғастыратын болады. Бұған қатысты Құдайдың мына бір бұйрығы көңіл аударуға тұрарлық. Ол Ислам пайғамбарына былай деген: "Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес ("Нахл" сүресі, 125-аят)".
Халықтың жүрегіне жол табу және кез келген ағымды ұстанушыны тартудың тағы бір жолы – олардың хабардарлық деңгейін арттыру. Пайғамбарлар осы мақсатты орындау үшін Алла тарапынан арнайы миссия алып, барлық күш-қуаттарымен өз заманындағы қоғамды ұлттардың тоқырауы мен артта қалуының басты себептерінің бірі болған жәһілдік пен надандықтан құтқарып, олардың қарқындап дамуына жағдай жасауға талпынған. Дана Құдай осы жөнінде былай дейді: "Расында Алла (Т.) мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді ("Әли Имран" сүресі, 164-аят)".
Ұлы Алла білімді болу мен хабардар болудың маңыздығы мен құндылығын көрсету үшін пайғамбарлардың миссиясын ғылым мен хикмет үйрету деп айтып, өзінің осы қырағы шарасын мәтін келтірумен бастайды, өйткені адамзаттың тағдырында ғылым мен білімдей шешуші рөл ойнай алатын илаһи нығмет кемде кем. Аятта көңіл аудартатын басқа бір маңызды жайт мынау: Хакім Алла кітап пен хикпетті үйретпестен бұрын тазкие – тазару мәселесін көтерген. Бұл ғылым мен хикметтің адам жаны мен рухы оның ойы, ақлағы, мінез-құлқы мен және сөйлеу мәнері лас әрі пәс нәрселерден тазарған жағдайда ғана сындарлы рөл ойнайтынын білдіреді. Бұлай болмаған жағдайда тазармаған жанға егілген білім дәні соғыс, тынышсыздық, күйзеліс пен қобалжудан басқа жеміс бермейді. Қазір әлемде осындай жағдайға куә болып отырмыз.
Пайғамбарлардың тағы бір маңызды мақсаттарының бірі – әділ жүйе құру. Бұл жүйеде әрбір адам еңбегі мен талпыныстарына қарай өзіне лайықты орынға ие болып, өзінің барлық қабілеттерін паш етеді. Әділет әрбір адамның өз идеал мақсатына жету үшін жүре алатын күре жол іспетті. Халықтың басым көбі көмектескен жағдайда Алла елшілері мен жетекшілері осындай жолды салуда басты рөл ойнайды. Құран бұл жайында былай дейді: "Расында елшілерімізді ашық мұғжизаларымызбен жібердік. Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін Кітапты, мизанды (әр нәрсенің өлшеуін) жібердік. ("Хадид" сүресі, 25-аят). Көңіл аударарлық жайт мынау: осы аяттан соң бірден "Сондай-ақ темірді пайда қылдық. Онда мықты күш әрі адамзат үшін қажеттер бар" дейді.
Тәпсіршілердің көбінің пайымдауынша, Алланың "илаһи кітап және мизанмен бірге темірді жібердім" дегендегі мақсаты мынау: темірден қару-жарақ жасамай, құдіреттің құралын пайдаланбай, әділ жүйе құру, залым режимдерді құлату және әділеттік жолындағы арман-мақсаттарды орындау мүмкін емес. Ашығырақ айтсақ, залым билеушілер өздерінің билігі мен мүдделерін сақтау үшін әділеттікті талап етуші жетекшілер мен халық алдында бейжай қалмай, өзінің әскері мен қару-жарақтарын пайдаланып әділеттікті көксеген көтерілістерді басып-жаншиды. Бұл жағдайда әділетті жақтаушы жетекшілер мен қаналған халық үшін қару алып, күрескеннен басқа амал қалмайды. Сөйтіп, олар озбыр билеушілерге күшпен жауап беріп, әділеттік орнатуға тиісті жағдай жасайды.