Арбағин-3: Ғашықтық жолында
(last modified Thu, 17 Oct 2019 15:20:08 GMT )
Қаз 17, 2019 21:20 Asia/Almaty
  • Арбағин-3: Ғашықтық жолында

Бұл күндері Наджафтан Кербалаға баратын 80 км жол Жер планетасының ең илаһи бағытына айналды. Бұл жол өз жолаушысын жұмаққа бастап барады.

Қазіргі күндері Наджафтан Кербалаға баратын 80 км жол Жер планетасының ең илаһи бағытына айналды. Бұл жол жолаушысын жұмаққа бастап барады. Осы жолдағы әрбір қадам адамды Құдайға жақындата түседі. Жол Наджаф қаласының шыға берісінен хазірет Аббастың (ғ.) кесенесіне дейін 1452 жарық бағанасымен белгіленген. Бағаналардың арақашықтығы шамамен 50 метр. Бұл жаяу зияратшылар үшін өте жақсы белгі саналады. Ирак пен басқа елдерден келген миллиондаған адам Иракта "амуд" деген атпен танымал осы жарық бағаналарын бірінен соң бірін артқа тастап, жүріп өтеді. Мұнда бала мен қарт, кедей мен бай, жұмысшы мен доктор, инженер мен саудагер деп бөлінбейді. Олардың бәрі бірге материалдық әлемнің артықшылықтарынан арылып, бір реңк және бір белгімен, яғни «хусейндік» реңк және құрмет, тілеулестік пен кішіпейілдік белгісімен осы жолға шығады. Бір қызығы, шеруді ешбір мемлекеттік орган немесе ұйым ұйымдастырмайды. Жалпы ешбір үкімет немесе ұйым 20 млн зияратшыға жатын жер мен қажет мүмкіндікті жасай алмайды. Ирак халқының Хусейн бен Әлиге (ғ.) мықты сенімі мен жанпидалығының арқасында әлемдегі ең үлкен жиын осылай ұйымдастырылады.

 

Ғашықтық жолында

Ирактың қонақжайлылығы соншалықты, Арбағин зияратшылары жолға бір кішкентай жолдорбадан басқа ештеңе алмай шыға алады. Наджафтан Кербалаға бағыт алған адамдар алдымен Әмір әл-Мүмениннің (ғ.) кесенесін зиярат етіп, Кербалаға қарай жолға шығады. Кербала жолымен тоғысатын барлық көшелер ұлттары әртүрлі зияратшыларға толып кетеді. Әрбір қадамда араб, парсы, дари, урду, ағылшын және француз тілдеріндегі сөздер естіліп жатады. Олардың барлығы бір тілек, бір дауыспен ортақ мақсатқа қарай қозғалуға жиналған. Бұл қозғалыс тек ғибадат ету мақсатындағы қозғалыс емес, Хусейн бен Әли (ғ.) және оның сенімді серіктерімен үндесу үшін атқарылады. Олар өздерінің бар болмыстарын пида ету арқылы илаһи және адами құндылықтарды жандандырып, қорғау үшін ақиқат жолын нұрландырды. Шын мәнінде имам Хусейн (ғ.) зияратшылары Арбағин кезінде жаяу ұзақ жол жүру арқылы имам Хусейн (ғ.) керуенінің діни-ақлақтық ерекшеліктерін сезуді қалайды. Сондай-ақ, әрбір зияратшы жеке қозғалыс және имам Хусейнмен (ғ.) ішкі байланысымен қоса, өзін біртұтас жамағаттың бір мүшесі санап, басқаларға өз мақсаттарына жету жолында жәрдемдесу міндетіне ие болады. Ол адам үшін Арбағин әлемді құтқарушы келетін ғасырға дайындық пен жаттығу болып табылады.

 

Наджафтан Кербалаға қарай жүру

Жаяу зияратшылар әлемнің ең ірі әрі таңғажайып зираттарының бірі "Вади ус-Салам" қабірстанынан өткеннен кейін Кербала жолына аяқ басқанда зияратшыларға қызмет етуге дайын аялдамалар мен шатырлар көрінеді. Жан-жақтан қошемет сөздер естіледі. Ирактықтардың зияратшыларды қошеметтеп қарсы алуы әдемі де теңдессіз көрініс қалыптастырады.

 

«Моукеб»-аялдама дегеніміз қасиетті діни жерлерді зиярат етуге аттанған адамдарды қабылдап, тамақтандырып, оларды жатын жермен қамтамасыз ететін орын. Бұл аялдамалардың көбі жол бойына уақытша орнатылып, қаржы жағдайларына байланысты имам Хусейн (ғ.) зияратшыларына қызмет етеді. Ирактың ең үлкен көшпенді тайпасына тиесілі аялдамалардан бастап жолда кетіп бара жатқан зияратшыларға құрма ұсынатын балаларға дейін зияратшыларға қызмет ету керуенінен қалып қоймауға тырысады.

 

Зияратшыларға қызмет көрсетіп жатқан балалар

 

Аялдама құрған адамдардың арасында зияратшыларға қорқор тұтататындар, аяқтарын уқалап беретіндер және аяқ киімдерін тазалап, жылтыратып беретіндер басқалардан көбірек көзге түседі.

Массаж жасап, аяқ киім тазалайтын аялдамалар Наджаф-Кербала жаяу жолында өте көп. Аялдама қызметшілері жаяу зияратшыларды шақырып, олардың шаршаған ақтарын уқалап, иісмай жағып береді.

 

Массаж аялдамасы

 

Аялдамалар зияратшыларды көбірек тартуда бір-бірімен бәсекелеседі. Көбісі жол бойында зияратшылардың алдын бөгеп, оларға демалып кетіңіздер деп жалынып, үйлеріне шақырады. Содан соң өздері зияратшылардың жағдайын жасаймыз деп жүгіріп, оларды үйлерінде көбірек ұстап, көбірек сауап алуға тырысады.  

Зияратшыларды қоймай, өз үйіне апаратын ирактықтардың бірі Абукамил бұл жөнінде былай дейді: «Имам Резаның (ғ.) кесенесін зиярат ету үшін Мешхедке барғанда маған берілген үлкен мұрсатқа қалай алғыс айтатынымды білгім келді. Сол жерде келесі жылы имам Хусейн (ғ.) Арбағинінің жаяу зияратшылары қандай тағам қаласа, соны әзірлеп беремін деп серт бердім. Не қаласа да, жасайтын болдым. Әртүрлі тағамдарды әзірлеп қоюға шешім қабылдадым. Содан соң зияратшылардан «Қандай тағам жегіңіз келеді? Қой еті? Тауық еті? «Бамие» тұздығы? «Ғейме» тұздығы? Неше түрлі тағам бар. Міне, таза балық. Сіздер үшін шөже кәуап та әзірледім. Өтінемін, менімен бірге жүріңіздер. Тауық етінен кәуап пісіріп қойдым. Шөже кәуап, ет пен балық та бар. Біз сіздерге қызмет көрсетуге дайынбыз. Бірер минут отырып, демалыңыздар. Сіздерге қызмет етуге рұқсат етіңіздер. Мен өзім сіздерді күтемін. Қош келдіңіздер! Жүріңіздер» дегім келді». Бұл қонақжай ирактықтан қызмет көрсету себебін сұрағанда: «Иманның тірегі – Аллаға ғашықтық. Егер сіздің бойыңызда бұл ғашықтық сезімі болса, сізге басқа ештеңе керек емес. Ғашықтықтың мұндай деңгейіне қандай адам жете алады? Мыңнан біреу ғана. Өз сеніміне ерекше сенімді адам ғана. Имам Хусейн (ғ.) сияқты адам. Ол кісі жақсылыққа шақырып, жамандықтан алшақ болуды жандандырып, озбырлық пен басып-жаншуға қарсы күресу үшін көтеріліске шықты. Егер біз ол кезде Кербалада болсақ, біз де оған көмектесер едік, оның жанында соғысар едік. Өйткені ол ғашықтық пен бейбітшілік сияқты ұлы армандар үшін күресті. Имам Хусейннің (ғ.) сәбиін өлтіру барлық илаһи және адами құндылықтарды аяққа таптап, зұлымдық жасау болды. Исламда сол сәбиді өлтіру дін жолынан таюмен бірдей саналады. Исламда ғана емес, басқа кез келген дінде де солай»,-деп жауап берді.

 

«Иса бен Мариям» аялдамасы – діни азшылықтардың аялдамаларының бірі. Мұнда христиандар, мұсылмандар мен  сабеилер имам Хусейн (ғ.) зияратшыларына қызмет етеді. Бұл аялдама мүшелерінің көбі – христиандар. Солардың бір қызметшісі шиіттердің имам Хусейнге (ғ.) қызығушылығы мен ғашықтығын білдіруі туралы былай дейді: «Имам Хусейнге (ғ.) деген ғашықтық шынымен-ақ таңданыс тудырады. Мен христиан ретінде осылай деймін. Сүнниттер мен сабеилердің де менің сөзіме қосылатынына сенімдімін. Мен шынымен бұл ғашықтықты сөзбен жеткізе алмаймын. Христиан ретінде сіздер істейтін істі мақтан тұтамын. Мұндай мәдениетті Ирактан басқа жерден табуға болады деп ойламаймын». Бұл ирактық христиан сөзінің жалғасында былай деді: «Мұнда тіпті кедей адамдар да ұсынатын зат табады. Бұл халықтың имам Хусейнге (ғ.) ғашықтығының белгісі. Мен басқа елдерді де зерттедім, көптеген елдерге саяхаттадым. Ирактықтардың имам Хусейн (ғ.) зияратшыларына қызмет ету  мәдениетін басқа еш жерден көрмедім. Біздің мақтан тұтатынымыз да осы. Мен христиан ретінде шиіт бауырларымды мақтан тұтамын. Олардың зияратшыларға қалай қызмет етіп жатқанын көрген кезде жүрегімде мақтаныш сезімі оянады. Тағамдарынан дәм татсын, су ішсін деп зияратшыларға жалынғанын көргенде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді».

 

Хусейнге қызмет ету біздің абыройымызды арттырады

Бұл сөзді мұсылман емес, бір христиан айтып тұр. Бірақ бұл адамдардың да имам Хусейнді (ғ.) жақсы көріп, оның зияратшыларына құрмет көрсететіні соншалықты, күн сайын оларға сыйлық дайындап қояды. Осы 20 күндік жаяу шеру барысында өздерін зияратшыларға қызмет етуге арнайды.

«Иса бен Мариям» аялдамасында қызмет істейтін сабеи дінін ұстанушы былай дейді: «Закарияның басынан өткен қиындықтар имам Хусейннің (ғ.) де алдынан шықты. Сол себепті біз имам Хусейнді (ғ.) өзіміздің бауырымыз санаймыз». Сабеилер Иракта Евфрат пен Тигр өзендеріне жақын маңда өмір сүреді. Олардың өз тілі мен алфавиті бар. Ол сирия тілінің бір тармағы саналады. Сондай-ақ, оларда өзіндік наным-сенімдер мен қасиетті кітап бар. Олар өздерін хазірет Яхия бен Закарияның ізбасарлары санайды.

 

Жер бауырлап жүріп, саған қарай барамыз, саған ләббайк айтамыз, ей, біздің сейтіміз бен моуламыз. Ей, Хусейн!.

Иә, имам Хусейн (ғ.) – тарихта мәңгі қалатын ақиқат. Ғасырлар тезі бұл ақиқатты солғындата алмады. Оның атымен аталатын Арбағин де мәңгі сақталады. Арбағин жаяу шеруінде қадам басқан әрбір адам бұдан былай одан бас тарта алмайды. Сондықтан жыл сайын зияратшылардың саны арта түсуде. Бұл қозғалыс уәде етілген жаһандық қоғам қалыптасқанға дейін жалғаса береді.