Арбағин – Ғадирдің шыңы (7)
(last modified Tue, 22 Oct 2019 03:53:48 GMT )
Қаз 22, 2019 09:53 Asia/Almaty
  • Арбағин – Ғадирдің шыңы (7)

Арбағин – түпкілікті жеңістің жаршысы; ұлы ислам өркениетінің бастамасы.

Өзімен бірге соңғы қажылыққа қатысып, өзінің бұйрығы бойынша Ғадир Хомда аялдаған ұлы жамағат алдында сөйлеген пайғамбар: "Халайық! Мен бүгін алдарыңызға соңғы рет шығып тұрмын. Сондықтан тыңдаңыздар да, Алланың бұйрығына мойынсұныңыздар. Өйткені Алла Тағала – иелеріңіз, билеушілеріңіз және оған ғибадат етесіздер. Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп тұрған сол Құдайдың елшісі мен боламын. Менен кейін Пәруәрдігердің бұйрығымен Әли сіздердің имамдарыңыз бен билеушілеріңіз болады. Осы кезден бастап имамат менің әулетім Әлиден тараған ұрпақ арасында жалғасады. Бұл заң Алла мен Оның елшісін көретін Қиямет күніне дейін сақталады.

Халайық! Мен өзімінің үгіт-насихаттық міндетімді орындап жатырмын. Бұл осы жиынға қатысқандар мен мұнда жоқтарға, туған және әлі дүниеге келмеген адамдар мен баршаға дәлел болуы керек. Сондықтан менің сөзімді осы жиынға қатысқандар келмегендерге, әкелер балаларына Қиямет күні туғанға дейін жеткізіп отыруы керек. Бірақ хабардар болыңдар! Менен кейін көп ұзамай имаматты бір патшалық алмастырып, жамағатты өзіне күштеп бағындырады.

Басқыншылар мен талан-таражға салушыларды Алланың қарғысы атсын! Ол кезде Құдай азап отын сіздер мен жын-шайтандардың басына төгеді. Ол кезде ешкім сіздерге көмекке келе қоймас",-деген болатын.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) қайтыс болғанынан көп ұзамай-ақ исламның бағыты өзгерді.  Пайғамбардан кейін илаһи сенімдер мен құндылықтар реңінен айырылып, біртіндеп жәһілдік наным-сенімдер, солардың құндылықтары қайта жанданды. Пайғамбардың көзі тірісінде жанпидалық сияқты илаһи құндылықтардың рухтарына ықпал еткені соншалықты, джиһад пен соғысқа аттануда бір-бірінен озуды қалаған адамдар Пайғамбардың мүрдесі жерге тапсырылмай жатып-ақ, Сақифа Бәни Саедеге жиналып, "Бізден бір әмір, сізден бір әмір" деп ұрандатты. Олар исламдық билікті өзара бөлісуге болатын олжадай көрді. Өкінішке орай, жәһілдік құндылықтарды қайтару ісінің қарқынмен қолға алынғаны соншалықты, Абузар, Омар мен Хаджр бен Ада сынды көрнекті тұлғалар азапталып, жер аударылды. Оған керісінше Пайғамбар (с.ғ.с.) тарапынан жер аударылған адамдар халифтің кеңесшілері мен қызметкерлерінің қатарына енді. Осылайша ислам қоғамында кемсітушілік, халықтың мал-мүлкін талан-таражға салу және күнә жасау белең алды. Сенімдер мен құндылықтардың өзгергені соншалықты, Пайғамбардың орнын басып, халифатты басқаруды көздеген адамдар пайғамбардың діннін жоюды көздеді. Тарихта былай болды: бір күні Мағира бен Шағба Муавиядан Бани Хашемге жаман қатынас көрсетпеуді сұрағанда Муавия: "Тәйт әрі, Мағира тыңда. Абу Бакр халиф болды. Бірақ өлген соң аты ұмытылды. Сондай-ақ, Омар мен Осман да билік етті. Бірақ өлген соң есімдері сақталып қалмады. Ал Хашемнің бауырының (оның мақсаты-Алла елшісі) аты ислам әлемінде күн сайын бес рет аталып, азан шақырылып, "Ашһаду ана Мұхаммадан Расулулла" деп айтылады. Құдай атымен ант етейін! Бұл есімді мәңгіге көмгеннен басқа амалым жоқ",-деп жауап береді.

Муавия өзі атаған тәсіл бойынша халықты Аһл-е бейттен бөліп алып, ақырында ислам мен оның құндылықтарын ұмыттырып, орнын умавилік ислам мен жәһілдікпен алмастыруға күш салды. Ол Басра мен Куфа биліктерін бұдан бұрын имам Әли (ғ.) әскерінің қолбасшыларының бірі болған Зияд бен Абияға сыйлап, оны өз үкіметіне тартты. Зияд мүміндердің әмірінің достарын жақсы танитын болғандықтан оларды оңай анықтап, қамауға алып, азаптап өлтіруге бұйрық берді. Сол кезде имам Хусейн (ғ.) тарих сахнасына шығып, өзінің таза қанымен ислам ағашын суландырып, дінге араша түсіп, пайғамбар жолының жалғасып, иманның сақталуына себеп болды.

Ашура оқиғасынан кейін Умави үкіметі Пайғамбар әулетін "хариджи"-«дінбұзар» деп атап, баршаға үкіметтің дұшпандары басып-жаншылып, жойылды деп жариялады. Бірақ Язид Пайғамбар балаларын, өз ойынша, қорлыққа ұшыратып жеңіп, Ашура оқиғасынан қалған керуенді өз сарайына апарған күні кенет Пайғамбар әулетінен қалғандардың арасынан Зейнаб деген әйел тұрып, Язид сарайындағылардың жүрегіне қозғау салды. Ол Язидке: "Егер заманның ауыртпашылығы мені сенімен сөйлесуге осында алып келсе, біліп ал. Мен сені пәс санап, сені жазғырып, сөгіс жариялаймын. Бірақ, қайтейін, көзге жас толып, кеудені ауыр мұң басты. Айтатын нәрсе көп: илаһи таңдалған топтар шайтандық топтар мен азат етілген құлдардың қолынан өліп, біздің қанымыз сендердің лас саусақтарыңнан ағып, біздің тәніміздің етінің түйірлері сендердің лас ауыздарыңнан түсіп, сендер жабайы қасқырлармен бірге ана таза денелерді жұлып жеп, қорқаулардың баласы оларды топыраққа шылады емес пе? Егер бүгін бізді жеңгенді олжа санасаң, жақында бұл қарымта әрекет пен зиянның бастауы болады. Сол кезде өзің еккеннен басқаны көрмейсің. Алла Тағала ешқашан өз құлдарына зорлық жасамайды",-деді. 

Кербала даласында әкесі мен басқалардың шәһид болғанын және Пайғамбар әулетінің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын көзімен көрген имам Саджад(ғ.) қайғыға батып, сырттай жеңіліс тапса да, Шамдағы үлкен мешітте халықтың сұрауымен мінберге көтерілді. Осы кезде Бәни Умайе әулеті ислам, Пайғамбардың аты мен оның Аһл-е бейтін тарих сахнасынан жоя алмайтынын түсінді. Шындықтар ашылып, жалғандық пен екіжүзділік пердесі ысырылғаннан кейін халықта өзгерістің алғашқы ұшқыны пайда болды. Бұл ағартушылықтар халықты оятуда маңызды рөл атқарып, Кербала оқиғасынан кейінгі қозғалыстарға жағдай қалыптастырды. Сол себепті  Язид халықтың ояну толқынын көріп, имам Саджад (ғ.) пен хазірет Зейнабты (ғ.) имам Хусейннің (ғ.) басқа туыстарымен бірге  Мәдине қаласына қайтарды. Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің керуені Мәдинеге қайтып оралар жолда Кербалаға соқты. Бір рауаят бойынша, олардың Кербалаға жетуі имам Хусейн (ғ.) мен оның адал серіктерінің Ашура күнгі шаһадатының қырқыншы күніне сәйкес келген.

Хазірет аятолла Хаменеидің пікірінше, Кербала оқиғасынан аман қалғандардың тұтқында болған және одан кейінгі кездегі әшкерелеушіліктері халықтың хабардарлығының артуына себеп болды. Ислам революциясы жетекшісінің айтуынша, Кербала оқиғасының қырқыншы күні ояну ағашының алғашқы гүлдері бүр жарып, Хусейн махаббаты бұлағының алғашқы қайнары пайда болды. Ол, сондай-ақ: «Арбағиннің алғашқы қайнары Кербалада басталды»,-деді. Тарихшылар: "Тұтқындар керуені, яғни хазірет Зейнаб (с.) мен басқалар Арбағин күні Кербалаға келген кезде ол жерде тек Джабер бен Абдулла Ансари мен Атия Ауфи ғана болған. Имам Хусейннің (ғ.) қабірінің басына жиналған Бәни Хашем әулетінен біраз адам және Аһл-е бейттің (ғ.) серіктері Зейнабты қарсы алуға шықты. Осы кезде тавабиндер оқиғасы басталды. Тавабиндер қозғалысы басып-жаншылса да, көп уақыт өтпей Мұхтар мен басқа ержүрек батырлардың көтерілісі болды. Осындай оқиғалардың нәтижесінде зұлым Бәни Умайе әулетінің билігі жойылды",-деп жазды.

Ғасырлар өткенімен әлем биыл да азат мұсылман халықтарының ұлы шеруіне куә болды. Олар Арбағин күні Кербалаға жаяу жетті. Арбағин – барша адамның Алланың досына қарай тарихи қозғалысы. Бәни Умайе үкіметі Пайғамбардың имам Әли(ғ.) мен ұрпақтарының имаматтығы туралы сөздерін болашақ ұрпаққа жеткізбеуге талпынғанымен Ашура оқиғасының куәсі болған және Ғадир күнгі Алла елшісінің жолдауын таратушы болып белгіленген хазірет Зейнаб пен имам Саджадтың құтпалары  Бәни Умайе үкіметі қылмыстарының ашылуына жағдай жасады. Бүгінде 25 млн адам "Ләббәйк, иә, Хусейн" деп ұрандатып, әлемдік үстемдік пен зұлымдықтың бетін ашып, Бәни Умайеден кейінгі буынды көрсетті.

Иә, Аһл-е бейттің жетекшілік және ағартушылық шырағы ешқашан өшпейді. Олардың дауысы әлем халықтарының құлағына бұрынғыдан да жақсы жетеді. Арбағин – түпкілікті жеңістің жаршысы; ұлы ислам өркениетінің бастамасы.

 

Тегтер