Бүгін хазірет Масуменің дүниеден озған күні
Исламның ұлық пайғамбары ұрпақтарының бірі хазірет Масуменің дүниеден озған күніне байланысты әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтамыз.
Құм қаласының әйелдері мен ерлері Алла елшісі (с.ғ.с.) ұрпақтарының бірі хазірет Фатима-Масуменің қалаға келетіні туралы хабарды естіген кезде қуанышқа бөленіп, оны қарсы алуға асықты. Олар Исламның ұлық пайғамбары мен илаһи жетекшілердің жақсылық пен қайырымдылыққа нұсқап, олардан қалған мұралардың, әсіресе олардың перзенттері Ислам үмбетінің қоры саналатынын, олардың әлемнің түкпір-түкпіріне барып, адамдардың өмірін өркендететінін білді. Мұсылмандар Алла елшісінен (с.ғ.с.) оның әулетіне сүйіспеншілік білдірудің ғиззат пен абырой әкелетіні туралы естіген. Сондықтан халық алаңдап күтті. Алыстан кішкентай керуен көрінді. Халықтың ерекше толқынысы байқалды. Олардың ынтызары аяқталды. Әйелдер мен ерлер, қарттар пен жастар, балалар мен үлкендер қала дарбазасының алдында тұрып, келетін адамды сағаттап күтті. Әркімнің әртүрлі сөзі естілді:
– Расында Құмға келеді ме?
- Көрмейсің бе, керуен көрінді!
- Ол Марвке барып, ағасын көргісі келеді дейді.
– Банудың халі нашар екен деп естідім.
- «Ол имам Садық (ғ.с.) бізге тапсырған банудың өзі ме?» - деп сұрады Құмның ақсақалдарының бірі Мұса бен Хазрадж.
- Қала Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің қадір-қасиетіне бөлену үшін Құмда тұрақтаса жақсы болар еді!
Керуен ақырын жақындады. Барша толқып, жүректерінің қағысы жиіледі. Сыбыр-күбір жалғасты. Мұса бен Хазрадждың жүрегі де ерекше толқынысқа түсті. Банудың түйесі дарбазаға жетті. Кеңістікте сәлем мен салауат жайылды. Мұса бен Хазрадж алға шығып, түйенің бұйдасын ұстап, қуанышқа толы дауыспен: «Бану, біздің қалаға қош келдіңіз!»- деді. Содан соң банудың түйесін үйіне қарай жетеледі. Мұса бен Хазрадж таңғалдыратын тыныштықты сезіп, ішінен: «Құм – шиіттер үшін қауіпсіз қала»,- деді.
Қара түннің пердесінің бетінде күміс жұлдыздар жарқырап тұрды. Құм қаласының аспаны да бануды қарсы алуға дайындалғандай. Бану науқастанып, төсек тартып жатыр. Оны жөтел қысты. Мұса бен Хазрадж бануды көбелек секілді шыр айналып, қасынан кетпей, қызына бануды қарауды бұйырды. Керуені Савеге жеткен кезде хазірет Фатиманың белгісіз ауруы басталған еді. Ол:
- Құмға дейін қанша жол қалды? - деп сұрады.
- 10 фарсах.
- Мені Құмға жеткізіңдер.
Құмға жеткен кезде кеудесінің дерті күшейді. Ол ауырсынып, күтушісі ауызына су тамызды. Содан соң ағасы имам Резаның (с.ғ.с.) сөзін есіне алды. Имам Реза (ғ.с.) әкесі имам Садықтың (ғ.с.) сөзіне сүйеніп, қарындасына:
- «Құм тұрғындары бізден және біз оларданбыз!
- Құм – біздің қала және шиіттеріміздің қаласы!
- Құм – қасиетті қала!» деген болатын.
Хазірет Фатима хиджри қамаридің 201 жылы ағасын көрмей, жат жерде, қайғыға батып, дүниеден озып, шиіттерді қара жамылтты. Құм халқы қасиетті бануды қазіргі кезде кесенесі орналасқан жерге құрметпен жерледі. Ол кезде бұл жер қаланың сыртындағы Мұса бен Хазрадждың жері саналатын.
Сол кезден бастап хазірет Масуменің жерленуіне байланысты Құм қаласы ерекше артықшылыққа ие болды. Бұл банудың жерленген, Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті жақтастарының, білім мен рухания іздеушілердің қасиетті мекеніне айналды. Сөйтіп, Алла елшісі (с.ғ.с.) әулетінің тағылымдарын оқытатын діни оқу орындарының құрылуына жағдай туды. Бүгінде хазіреттің кесенесі жарқыраған, алтын күмбездері оюлармен безендіріліп, әшекей тақтайшалармен көмкеріліп, өлеңдер және жазулармен әшекейленген. Тарихта бұл мәртебеге жеткен әйелдер қаншама! Алла Тағала оларды басқаларға үлгі ретінде таныстырып, олар туралы аяттар жіберді. Мұсылман әйел біліммен ұлылыққа жетеді.
Хазірет Фатима білімді және дана бану, хадистанушы, қабілетті мұғалім болған. Ол өз заманының данышпандары мен данагөйлерінің отбасында білім алып, оның шәкірттері ислам негіздерін басқаларға үйретті. Хазірет Масуме қадір-қасиеттеріне байланысты «Марзие», «Тахире», «Садеқие» және «Хамиде» сияқты лақап аттармен танымал болды.
Хазірет Масуменің имам Резаны (ғ.с.) көру үшін жасаған сапары Алланың ризалығы үшін жанын қиған сапар болды. Өйткені ол Алланың ризалығын өз заманының имамымен байланыстырған. Бірақ тағдырдың жазуымен ол жол ортасында науқастанып, дүниеден озды. Хазірет Масуме Құран Кәрімнің келесі аятының үлгісі: Алла Тағала: «Кім Алла жолында ауа көшсе, көптеген кең қоныс және кеңшілік табады. Сондай-ақ біреу үйінен Аллаға, Пайғамбарға бола шықса да, оған өлім жетсе, сонда оның бодауы Алланың өзіне тән болады...»,- деген. («Ниса» сүресі, 100-ші аят). Уаһи мектебінде тәрбиеленіп, өмірінде үш имамды көзі көрген хазірет Масуме руханият пен жоғары қадір-қасиеттерге жетудің жолын өз заманындағы илаһи жетекшілер мен имамдарға бағыну санады. Осы істің аясында Алла Тағаланың ризалығына ие болатынын түсінді. Өйткені Жаратушы: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды...»,- деген. («Әл-Имран», 31-ші аят).
Хазірет Масуме әкесі имам Казем (ғ.с.) жоқта халықтың сұрақтарына жауап беріп, олардың күдік-күмәндерін шешетін. Күндердің бірінде шиіттер керуені имам Каземнен (ғ.с.) сұрақтарына жауап алу үшін Мәдине қаласына бет алған. Бірақ имам Казем (ғ.с.) үйінде болмапты. Олар сұрақтарын сол кезде кішкентай хазірет Масумеге қалдырады. Жолаушылар келесі күні имам Кааземнің (ғ.с.) үйіне қайтадан келеді, бірақ хазірет сапарынан оралмапты. Жолаушылар сұрақтарына жауап алу үшін имам келген күні келетіндерін айтты. Бірақ хазірет Масуме сұрақтардың әрқайсына бөлек-бөлек жауап жазып, керуендегілерге қайтарыпты. Керуендегілер жас қыздың фикхтың осындай сұрақтарына жауап бере алғанына қайран қалыпты. Керуендегілер жолда сапардан оралып келе жатқан имам Мұса Каземді (ғ.с.) көріпті. Қуана-қуана имамның алдынан шығып, оған болған жайтты баяндап, қызының қолжазбасын әкесіне көрсетіпті. Имам Казем (ғ.с.) қолжазбаны ашқан кезде қуаныштан жүзі жайнап кетіпті. Ол керуендегілерге қарап, күлімсіреп: "Жолыңда құрбаның болайын!"-дейді.
Хазірет Масуменің білім мен ғибадат саласындағы белсенділігі исламдық тарих пен мәдениеттегі әйелдің жоғары орнын көрсетеді. Тарих бойында хазірет Мәриям мен Әсия секілді адамдар адамгершіліктің жоғары деңгейіне жетіп, Алла Тағала оларды әйелдер мен ерлер үшін үлгі ретінде таныстырып, олар үшін аяттар жіберді. Ислам ғалымдары мен тарихшылардың пікірінше, имам Каземнің (ғ.с.) қыздарының арасында хазірет Масуме ерекше орынға ие.
Хазірет Масуменің қайтыс болған күніне орай Исламның ұлық пайғамбары әулетінің жақтастарына көңіл айтамыз. Имам Реза (ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Құм қаласында хазірет Масуменің кесенесін зиярат еткен адам мені зиярат еткендей болады»,- деген болатын.