"Ялда" – ирандықтардың болашаққа үміті мен ғашықтығының көрінісі
(last modified Sat, 21 Dec 2019 05:21:26 GMT )
Жел 21, 2019 11:21 Asia/Almaty

Азар айының 30 жұлдызында күн батып, қыстың бірінші таңы атар кезде ирандықтар жанұя мүшелері және достарымен "Ялда" мейрамын тойлайды. Бұл ескі мейрамда "Шаһнама" эпосынан үзінділер мен ғашықтық тақырыбындағы ғазалдар оқылып, дастарханға түрлі тәтті-дәмді мен жеміс-жидек қойылып, адамдардың жандары мен тәндері нәр алады.

Үміт – табиғатты сақтауға ынталандыратын ең мықты күштердің бірі. Үміт бізге суық қысқа күндер аяқталып, ұзақ нұрлы күндер келетініне сенім сыйлайды. Үміт жабық терезелерге суыққа шыдаса, көп ұзамай самал жел есіп, жуық арада нұрға бөлену туралы сүйінші береді. Үміт жабық есіктерді ашып, жараланған жүректерді емдейді.

Ежелгі ирандықтар жылдың ең ұзақ түні «ахримандық» қараңғылық аяқталады деп санаған. Сол себепті таң атып, жарық түсетінге деген үміт және сеніммен қыс басталатын алғашқы түнді ояу өткізген. Олар жылдың ең ұзақ түні нұр мен жарық үмітін жүректерінде сақтап, қараңғылықпен күресіп, таң атуын қарсы алу үшін сыртта от, іште шам жағып, топтасып мерекелеген.

Ирандықтар қазір де «Ялда» түні жиналып, жақсы сөздер айтып, жақсы тілектер естіп, шаттыққа бөленіп, мерекелейді. "Ялда" түні немесе "Челле" түні – ирандық ең маңызды әрі ең сүйікті дәстүрлер мен рәсімдердің бірі. "Ялда" сөзі сирия тілінде "зайеш"-туу деген мағынаны береді. Оның мәні Күннің тууы болған. Ялда түні туралы көптеген рауаят бар. Олардың көбінде Ялда түні Күн мен әділет туатын түн деп аталған. Ежелгі ирандықтар бұл түнді «Митра» немесе «Меһр» әлемге оралып, күндерді ұзартады деп сенген. Нәтижесінде Күн қайтадан жерге өз үстемдігін орнатады. Технологиядан хабар болмаған ежелгі замандарда халықтың өмірі көп жағдайда Күнмен тығыз байланысты еді. Күндердің ұзақтығы мен қысқалығы  қоғамдық өмір мен кәсіпте маңызды болғаны соншалықты, ұзақ күндердің келетініне үміт беретін Ялда сияқты мерекелер өте құнды саналған.

 

 

Ялда түні құтты болсын!

Ежелгі ирандықтар Ялданы "Челле" деп атаған. Бүгінде «челлені» қыстың басталу символы деп санайды, бірақ бұрынғы заманда ирандықтар оны жылдың "ең суық" күндері аяқталғанын білдіреді деп білген. Ол суықтың беті қайтып, жердің тыныс алған кезінің символы саналған.

Челле – "қырық" саны. Ежелгі Иранның ескі мәтіндеріне сәйкес, бір «Үлкен челле» және бір «Кіші челле бар». Бұл халықтық күнтізбенің болу мүмкіндігін білдіреді. Суық мезгілдің басынан бастап 40 күнді "Үлкен челле", соңғы 20 күнді "Кіші челле" деп атаған.

Ежелгі Иран халқы жыл сайын табиғи оқиғаларды мерекелеп, тойлаған. Жаздың басында аптап ыстық күндеріндегі жазғы  өзгеріс немесе қыстың басындағыы қақаған суық күндеріндегі қысқы өзгеріс сияқты оқиғаларды атап өтіп отырған. Суық мезгіл мерекесі "Ялда түні" немесе "Челле түні" деген атпен танымал. Қазір Иранда ескі мейрам ретінде тойланады.

"Челле" сөзі – ежелгі ирандықтардың мәдениетінде үлкен бір санның символы саналатын "Қырық" саны. Сондықтан үлкен ықтимал бойынша "Челле" жылдың суық күндерінің көбін өту деген мағынада бір мезгілде күннің ұзара бастауы мен түндердің қысқара бастауынан хабар береді. Х.қ.ж.с.б. 5 ғасырда Джалаледдин Малекшах Селжұқидің кезінде басталған ирандықтардың күнтізбесі Джалали күнтізбесіне сәйкес, дей айының бірінші күні, яғни «Челле» түнінің немесе жылдың ең ұзақ түнінің ертеңінде күн ұзара бастайды. Бұл «суық диюдің» өлімі басталып, күннің туа бастаған кезі.

"Ялда" мейрамының тарихы 8 мың жылдан асады. Нақтырақ айтсақ, б.з.д. 502 жылы I Дарий патшаның кезінде Ялда түні ирандықтардың ресми күнтізбесіне енгізілді.

Қысқы өзгеріс – қыстың бастамасы. Бұдан кейін күндер ұзара бастайды. Бұл табиғи және астрономиялық оқиға әлемдегі рәсімдер мен мерекелердің көбінің тамырына жан бітірді. Мысалы, Иранда Ялда түні, Иса Мәсіхтің туған күні, иудейлердің "Ханука" мейрамы және т.б. Бұл рәсімдердің барлығы адамдардың бір ортаға жиналып, қуаныш пен шаттыққа бөленіп, нұрлануы үшін өткізіледі. Бұл рәсімдер Жер планетасының түрлі жерлеріндегі әралуан ұлттарды біріктіреді. Үлкен Хорасаннан Кашмирге дейін "Челле түні" атап өтіледі. Әсіресе Ауғанстанда, Пәкістан мен Үндістанның солтүстігінің кейбір бөліктерінде Ялда түнін "Челле Калан түні" деп атайды. Тәжіктер арасындағы «Челле Калан» түні рәсімдерінің ирандықтардың Челле түні рәсімдеріне ұқсастығы көп.  

Жыл сайын ең ұзақ әрі соңғы түн "Үлкен Челлеге" жақындағанда дайындық басталады. Күз мезгілінің соңында Ауғанстанның солтүстігіндегі Балх уалаяты мен Мазар-е Шарифтің халқы осы түнді  ерекше әдет-ғұрыппен  қарсы алады.

 

Ирандағы Ялда түні

 

Ялда мейрамының негізгі ерекшелігі сол күнгі дастарханға қойылатын тамақтарда. Иранның барлық өңірінде сол аймақтың арнайы жергілікті тәттілері пісіріледі. Әйелдер осындай түн үшін қолдан тәтті дәмдер әзірлейді. Шемішке, бадам, фундук, пісте мен жаңғақ сияқты «аджил» – Ялданың арнайы дәмдерінің бірі. Қарбыз – Ялданың арнайы жемістерінің бірі. Анар – Ялда түні жайылатын дастарханның тұрақты жеміс-жидектерінің бірі. Анарды көбінесе дәндерін шығарып, гүл суы, қант немесе аюбалдырған (гөлпәр) мен тұз қосып жейді.

Бұл жеміс-жидектер қызыл түсіне байланысты осы түнге дастарханға қойылады. Қызыл – Күннің символы. Ялда да Күннің шығуы мен жарықтың символы. «Меһр» рәсімдерін ұстанған ирандықтардың ата-бабалары үшін қызыл түс – Күннің нұры мен құрмет символы. Ялда түні дастарханына анар мен қарбыз, қызыл алма мен сәнджед қою осы мәселеге меңзейді.

Бұл түнде дастарханға қойылып, желінетін жеміс-жидектер – береке, саулық, шаттық мен молшылықтың белгілері. Іші қызыл, сырты жасыл қарбыз Күн символы саналады. Ол  жаздың жылылығы мен аптап ыстығын еске салады. Жалпы жұрттың сенімінше, Ялда түні белгілі бір мөлшерде қарбыз жесеңіз, ұзақ қыс барысында сырқаттанбайсыз, ешбір ауру жұқпайды. Бұрынғы заманда қыста жауын-шашын көп болатын, ауа ластығы деген болмайтын. Қыста жүзім шырынына қосып қар жеу – Ялда рәсімінде орындалатын рәсімдердің бірі. Сондай-ақ, құрғақ жеміс-жидектер, соның ішінде өрік, сары өрік, шабдалы, інжір, алма, мейіз Ялда түні дастарханына қойылып, қонақтарға тартылады.

 

 

 

Хафиз ғазалдары арқылы бал ашып, "Шаһнама" дастандарын оқу –  Ялда мерекесінің ең тартымды рәсімдерінің бірі. "Шаһнама" оқу бағзы заманнан бері Иранда кең таралған. Бұл түні жанұяның үлкені "Шаһнаманың" эпостық дастандарынан үзінді оқиды.

Алайда Ялданың ең негізгі бағдарламасы – Хафиздің өлеңдер жинағы арқылы бал ашу. Хафиз – ұлы парсы ақындарының бірі. Ирандықтардың сенімінше, ол мистикада "ишрақ" – сергектік дәрежесіне жеткен. Сондықтан ғайыптың хабарын білген. Сол себепті оның өлеңдеріне жүгінген. Әдетте жанұяның үлкені Хафиздің өлеңдер жинағын қолына алып, жанұя мүшелерінің әрқайсысына ниет етіп, кітап ашып, түскен ғазалды дауыстап оқиды.

Хафиз ғазалдары негізінде бал ашу – Ялда түнінің ең ең танымал рәсімдерінің бірі. Бүгінде бұл рәсім жаңа технологиялардың арқасында жаңартылды. Тіпті кейбір жанұялар Хафиз кітабының орнына компьютердегі виртуалды бал ашу бағдарламасын, арнайы интернет сайттарын, ұялы телефондарға арналған бағдарламаларды қолданады. Бұл Ялда түні жанұя үшін жақсы көңіл көтеретін бағдарлама.  

Ирандықтардың рәсімдері мен сенімдері көрсеткендей, Ялда түні мәңгіге қалар мистикалық түн болған. Оның зұлматы мен қараңғылығының әрбір сәті нұр мен жарықтың тууы мен оны түсінуге негізделген. Жанұя мүшелерінің кешке жиналып, Хафиз ғазалдарын оқуы оның жағымдылығын арттыра түседі.

 

 

Ялда түні басқа да рәсімдер сияқты жылдар бойы қоғамда өзгеріске ұшырағанын ұмытпауымыз керек. Қалған дүниелердің жүздеген жылдар бұрын Челле түні орындалған дәстүрлерге сырттай ұқсастығы болғанымен қысқы өзгеріс пен егіншілікке қатысты дәстүрлі өмірге аса қатысы жоқ. Бірақ осы жылдамдығы зор өмірде Ялда түні сияқты мерекеге бөлек қарап, оны жағымды дәстүр әрі ескі рәсім ретінде өткізуге болады. Әрбір рәсім мен дәстүр тарихи-әлеуметтік оқиғалар барысында өзінің құндылығы мен маңыздылығын дәлелдеп, бірліктің ғажайып тартымдылығы ретінде адамдарды өз айналасына жинай алады.

Бұрынғы заманда халық арасында мынадай аңыз болған: Ялда түні Қарун бай үстіне отын жинаушылардың ескі киімін киіп алып, үйлердің есігінің алдына келіп, адамдарға отын тастап кетеді екен. Келесі күні таңертең ізгі ниетті әрбір адамның отыны алтын құймаға айналыпты-мыс. Бір қызығы, кейбіреулер осы әпсананы баяндап,  Ялда түні таңға дейін әзіл айтып, күліп-ойнап өткізіп, отын тасушының келіп, бағалы отын беруін тосады. Олар ұйықтап қалмас үшін тәтті-дәмді жеп, өлең оқып, мейрам ұйымдастырады.

Біздің де анда-санда әпсаналар туралы ойлағанымыз жақсы. Отын тасушының отыны Жер планетасының барлық жеріндегі бүкіл адамдар үшін адамгершілік, махаббат, ғашықтық, әділет пен шаттық күлкісіне айналады деген үмітпен суық маусым мен қараңғылықтың аяқталуын күтейік.

Ялда құтты болсын! Өмірлеріңізде шаттық пен қуанышқа толы күндер көп болсын!