Бүгін хазірет Аббас бен Әлидің туған күні
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i46094-Бүгін_хазірет_Аббас_бен_Әлидің_туған_күні
Ол теңдессіз тұлғаның отбасында тәрбиеленіп, әкесі хазірет Әлиден (ғ.с.) білім, әдебиет, дін, Алланы тану, имамды тану, соғысу, жанкештілік, зұлымдықпен күресу және жетімдер мен мақұрымдарға көмектесуді үйренді.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Нау 29, 2020 14:14 Asia/Almaty
  • Бүгін хазірет Аббас бен Әлидің туған күні

Ол теңдессіз тұлғаның отбасында тәрбиеленіп, әкесі хазірет Әлиден (ғ.с.) білім, әдебиет, дін, Алланы тану, имамды тану, соғысу, жанкештілік, зұлымдықпен күресу және жетімдер мен мақұрымдарға көмектесуді үйренді.

 

Шағбан айының 4 жұлдызы хазірет Аббастың туған күні құтты болсын!

Бүкіл жақсылықтардың көрінісі хазірет Әлидің (ғ.с.) үйі қандай әдемі. Бұл үйде тақуалық, ахлақ, қарапайымдылық, халықпен дос болу, ержүректілік, жанкештілік сынды қадір-қасиеттерге ие теңдессіз тұлғалар тәрбиеленді. Хазірет Аббас бен Әли де солардың бірі болды. Хазірет Әли (ғ.с.) сәбидің құлағына азан оқығанда хазірет Аббас: «Алланың Жалғыз және Мұхаммадтың Оның елшісі екеніне куәлік етемін»,- деп қайталады.  Хазірет Аббастың анасы Умма әл-Банин өзін хазірет Әлидің (ғ.с.) әйелі емес, хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) перзенттерінің қызметшісі санап, төрт ұлын да осындай үлкен ой-пікірмен тәрбиеледі. Перзенттері де анасы секілді имам Хасан (ғ.с.), имам Хусейн (ғ.с.) мен хазірет Зейнаб пен Умма Күлсумге құрмет көрсетіп, өздерін олардың бауырлары ғана емес, қызметшілері санады.

 

«Хашим әулетінің айы» деп аталған хазірет Аббас жүрекке қонымды уәһидің хош иісі кеңістігін толтырған үйде дүниеге келіп, теңдессіз тұлғаның отбасында тәрбиеленіп, әкесі хазірет Әлиден (ғ.с.) білім, әдебиет, дін, Алланы тану, имамды тану, соғысу, жанкештілік, зұлымдықпен күресу және жетімдер мен мақұрымдарға көмектесуді үйренді. Ол Умма әл-Банин мен Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің ортасында өсті. Бұл ортада барлық мүшелері материалдық дүниеден алыс болып, иман мен құлшылық нұрына бөленген. Хазірет Аббас білім мен илаһи сырларды негізгі кеннен алып, абыройлы жігітке айналды. Барша оның тақуалығы мен басқа қадір-қасиеттеріне қызығатын.

Ұлы адамдарды, әсіресе олардың терең болмысын түсіну қиын. Хазірет Аббас осындай адамдардың бірі болды. Бұл тұлғаны түсіну үшін пәк имамдардың сөздеріне шолу жасаймыз. Имам Садық (ғ.с.) хазірет Аббасқа арнаған зияратнамасында оның қадір-қасиеттері мен ерекшеліктерін атап, адамгершілік негіздерін көрсетті. Бұл зияратнамада: «Сәлем саған, уа, Алланың, Алла елшісінің, Әли (ғ.с.), Хасан (ғ.с.) мен Хусейннің (ғ.с.) бұйрығын орындаушы»,- деп айтылды. Бұл сөздер хазіреттің құлшылығын, Жаратушы мен пәк имамдарға бағынғанын қуаттайды.   

Діни оқу орындарының әйгілі ұстаздарының бірі әрі діни мәселелердің зерттеушісі аятолла Мирбақери: «Хазірет Аббастың зияратнамасынан имамға бағыну қадір-қасиеті анық көрінеді.  Имамға бағыну – Алланың адамға сыйлаған ерік-жігері»,- деді. «Куәлік етемін, сен Пайғамбардың (с.ғ.с.) немересі имам Хусейнге (ғ.с.) бағыну, адалдық және жақсылық жасау тұрғысынан кемелдікке жеттің. Куәлік етемін, бұл жолда ешбір әлсіздік білдірмедің».   

Хазірет Аббас жасөспірім шағына дейін әкесі, яғни хазірет Әлидің (ғ.с.), кейін имам Хасан (ғ.с.) мен имам Хусейннің (ғ.с.) кезінде оларға толық бағынып, шешімдерін қолдады. Өзі де адамгершілік пен білімнің көрінісі болған хазірет Аббас пәк имамдардың уаһи мәйегіне жақын екенін, сөздері мен шешімдерінің илаһи ризалық үшін екенін жақсы білді. Сондықтан имам Хасанның (ғ.с.) бейбітшілікте, имам Хусейн (ғ.с.) Кербалаға қарай жолға шығып, Язидке бият етпеген кезде де өз пікірін айтпай, олардың артында тұрып, ағаларын қолдап, көмектесті.  

«Хашим әулеті айының», яғни хазірет Аббастың анық қадір-қасиеттерінің бірі – адалдық. Хазіреттің зияратнамасында: «Өз имамына адал адамның имамына деген күдік-күмәні болмайды»,- деп айтылған. Аятолла Мирбақери хазірет Аббастың бұл ерекшелігі туралы: «Егер адам илаһи пайғамбарлар мен әулиелерге күдіктенсе, бұл күдіктер орнында қалмайды. Шайтан адамды біртіндеп күдік-күмәнға, содан соң деңгейді теріске шығаруға жеткізеді. Хазірет Аббас имам Хусейннің (ғ.с.) жолына еш күдіктенбей, хазірет әрекетінің Аллаға құлшылық ету екеніне сенімді болды», - деді.  

 

Хазірет Аббас Алланың адал пендесі болып, имам мен өз басшысын тануымен бірге бүкіл болмысымен дін мен имамның жолында қызмет етті. Хазірет Аббастың имам Хусейнге (ғ.с.) деген адалдығы хазіреттің зияратнамасында әдемі баяндалды. Имам Садық (ғ.с.) көкесі хазірет Аббасты адалдықтың көрінісі деп атады. Аятолла Мирбақери бұл туралы: «Имамға бағынған адам имаммен бірге болу қажеттігін түсінеді. Сондықтан амалы, әрекеті, үнсіздігі, білімін имаммен үйлестіріп, имамға ереді»,- деген. Имам Саджад (ғ.с.) хазірет Аббастың адалдығы туралы: «Алла ағасының жолында жанкештілік білдіріп, екі қолынан айрылып, жанын қиған көкем Аббасқа рақым етсін. Алла оған Джафар бен Абиталебке сыйлағандай шабылған екі қолының орнына екі қанат сыйлайды. Хазірет қанаттарымен жанната періштелермен бірге ұшып жүреді. Аббас Алланың алдында ерекше орынға ие. Бүкіл шәһидтер қияметте хазіреттің жоғары дәрежесіне қызығатын болады»,- деді.    

Хазірет Аббас бен Әлидің жүзі ғамалы сынды көркем болатын. Ол ержүрек және дін жолында жанкештілік танытқандықтан оның батылдығы туралы былай айтылды: «Сеффейн соғысы күндерінің бірінде Әлидің (ғ.с.) әскерінен бетпердесі бар жігіт шықты. Оның әрекеті батылдығы мен күшін білдірді. Шам әскерінен оған қарсы ешкім шықпады. Барша алаңдап, майданға қарап тұрды. Соңында Шам сарбаздарының арасынан бірқатары шығып, онымен шайқасып, жеңілді. Сол кезде имам Әли (ғ.с.) оны қасына шақырып, бетпердесін ашып, маңдайынан сүйді. Бұл жігіт Хашим әулетінің айы Аббас бен Әли еді».  

Хазірет Аббас бен Әлидің туған күні құтты болсын!