Құтқарушының (ғ.с.) ғайып кезеңіндегі отбасы
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i46245-Құтқарушының_(ғ.с.)_ғайып_кезеңіндегі_отбасы
Құтқарушы өмірінің мақсаты – Алланың ризалығына ие болу. Адамдар бұл мақсатқа жетуге талпынуда.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Сәу 08, 2020 18:32 Asia/Almaty
  • Құтқарушының (ғ.с.) ғайып кезеңіндегі отбасы

Құтқарушы өмірінің мақсаты – Алланың ризалығына ие болу. Адамдар бұл мақсатқа жетуге талпынуда.

Отбасы – қоғамның дамуы мен қоғамдағы жеке адамның болмысы мен сезімінің қалыптасуында маңызды рөл атқаратын ең кішкентай әлеуметтік институт. Әр отбасы жоғары мақсаттарына жеткісі келсе, негіздерін белгілеуі керек. Егер мұсылман отбасы даму мен тәрбие саласында маңызды қадам жасағысы келсе, отбасының тек материалдық қажеттіліктерін қамтуды ғана емес, рухани қажеттіліктерін  қамтамасыз етуді де ойлауы керек. Жаратушының пенделері ғибадаттарын орындаумен қатар отбасы мүшелерінің өміріне немқұрайдылық танытпауы қажет. Аллаға шынайы құлшылық ету отбасы мүшелерін  шындық жолына нұсқап, олардың жүректерін илаһи махаббатқа бөлейді. Отбасының әр мүшесі Алла мен Алла елшісін (с.ғ.с.) танып, өз имамына (ғ.с.) иман келтіріп, рухани дами алады. Имамның (ғ.с.) болуының қажеттілігі мен Исламның ұлық пайғамбарының: «Менің үмбетімнің ең жақсы амалы – уәде етілген құтқарушыны күтуі»,- деген сөзін түсінген кезде адамның түсінігі тереңдейді.

 

Құтқарушының (ғ.с.) келуін күту – хазірет ғайып кезде Исламның ұлық пайғамбарының соңғы орынбасарының велаяты мен имаматын қабылдауын жариялау. Бұл имамдармен рухани және шынайы қатынасты сақтауға себеп болады. Құтқарушыны күтетін отбасы деп Алланың орынбасарының болуын түсініп, өз амалдарын хазіреттің ризалығымен байланыстырып, мақсаттарын құтқарушының келуіне арнайтын отбасы саналады.

Отбасы мүшелері имам құтқарушымен (ғ.с.) танысып, хазіреттің тірі және арамызда екеніне иман келтіруі керек. Хазіреттің ғайыптығы оның арамызда жоқтығын немесе келмейтінін білдірмейді. Ол сырт көзге көрінбегенімен, арамызда. Мүмін отбасы имамның (ғ.с.) адамның әр жағдайынан хабардар екенін білгені жөн. Өйткені имам (ғ.с.) білгісі келген кезде қажет нәрсені біледі. Хазірет (ғ.с.) ізбасарларына: «Сендердің әрқайсың бізге дос болуға жақындататын кез келген жол арқылы жақындауға, керісінше бізді наразы ететін барлық әрекеттен алыстауларың керек»,- деп ақыл-кеңес берген болатын.  

Мүмін отбасының мәселесі тек жеке адамның бақытына жету емес, басқалармен құтқарушының келуіне жағдай жасайтындай қатынас орнату. Мүмін отбасы тек өзін ғана емес, басқаларды да өзгертуге талпынуы керек. Мұндай адам мен отбасы жанкештілік арқылы дінді дамытуға талпынады. Олар Алла Тағала пайғамбарлары мен әулиелеріне уәде еткен, сондай-ақ адамзаттың жаратылуының мақсаты илаһи үкімет орнатуды көздейді. Қасиетті рамазан айының кештерінде оқуға көп насихатталған «Эфтетах» дұғасынан: «Уа, Алла, Ислам мен оның жақтастарын қадірлейтін және екіжүзділік пен оның қолдаушыларын қорлайтын үкіметке қатысу үшін өзіңе қарай асығамын»,- деп оқимыз.

 

 

Шайтан Алланың пенделерін қиямет күніне дейін күдікке итермелеуге уәде берді. «Хижр» сүресінің 39-шы аятында Ібіліс: «...Адам баласына жер жүзіндегі (жаман) нәрселерді жақсы көрсетіп, олардың барлығын адастырамын»,- деді. Ғайбат кезінде жағдай өте маңызды болғандықтан шындық пен жалғандық араласып, дұрыс жолды анықтау оңай болмайды. Шайтанның жақтастары қарап отырмайды. Олар әртүрлі тәсілдермен ластық пен бұзақылықты таратып, құтқарушының келуін кейінге қалдыруға әрекеттенеді. Алла Тағала «Әнбия» сүресінің 105-ші аятында: «Расында Тәураттан кейінгі Зәбүрде: “Жерге игі құлдарым мұрагер болады” деп жаздық»,- деді. Барлық илаһи діндерде мәһдавият, адамзат құтқарушысы, жарқын келешек және қиямет туралы баяндалды. Отбасы өз мүшелерінің хабардарлығын тереңдетіп, дұшпанды тануын нығайтып, қырағылық пен білімді арттырып, оларды құтқарушы мәдениетімен таныстырады. Өйткені кері жағдайда ырымшылдық пен қате мәліметтерге сүйеніп, оларға бағыну теріс әсерін тигізеді.   

Құтқарушы мәдениетінің әсерін үш саладан байқауға болады: біріншіден адамның өзінен, содан соң отбасынан, кейін қоғамнан. Басында құтқарушы мәдениетінің адамға тигізген әсеріне тоқталамыз. Адамның болмысындағы бұл мәдениет дүние мен ақыретте бақытқа жету үшін мақсатты өмір сүру мен талпынуға себеп болады. Бұл мәдениет  адамды адасудан құтқарады. Өйткені келешекке деген үміт күдік-күмәннен алыстатып, адамды жолға шығуға жігерлендіреді. Мұндай мәдениет ойлану күшін арттырып, адамды өзіне таныстырады. Сондай-ақ оны қиындықтармен қарсыласып, өмірдің қатерлерімен бетпе-бет келуге дайындайды. Өйткені келешек оған үміт сыйлайды. Аталмыш мәдениет негіздері бойынша өмір сүретін адам өмірінің сәттерін хазіреттің (ғ.с.) ризалығы үшін өткізіп, сөзі, амалы мен мінезінде әділетке жетуге талпынады. Мұндай адам өзі мен заманының имамымен (ғ.с.) арасы мен  армандаған қоғамды жақындатады.

 

Құтқарушы мәдениеті адамның отбасымен қатынасында маңызды рөл атқарады. Егер отбасы мәдениеті құтқарушы мәдениетінің ой-пікірі бойынша қалыптасса, жанұя мүшелері, әсіресе оның саяси басшысы, яғни әкесі мен оның тәрбиелік басшысы, яғни анасы бұл мәдениетті қолдануға талпынып, бір-біріне тыныштық пен бақыт сыйлайды. Бұл мақсатқа жету үшін бағдарлама ойластыру қажет. Отбасындағы діни, серуен және мәдени бағдарламалар арқылы хазіреттің велаятын еске алуды қарастыру керек. Отбасы ортасында дұға оқу, тавассул және Құран оқу рәсімдері арқылы құтқарушы мәдениетіне ерекше көңіл бөлуі, сондай-ақ отбасы мүшелері  зиярат жерлері мен мешіттерге бірігіп баруды жоспарлауы қажет. Тіпті сабақ оқып, білім алу, спортпен айналысу, туыс-тумалармен қатынас орнату, басқаларға көмектесу арқылы құтқарушыға (ғ.с.) жақындауға және хазіреттің ризалығына ие болуға болады. Оындай мәдениет қоғамнан айқын көрініп, адам өмір сүретін жер, қала және ел мен жұмыс орны бұл мәдениетті үлгі тұту мүмкіндігіне ие болуы керек. Күтетін адам өзі өмір сүретін жерде аталмыш мәдениетті қалыптастыру міндетіне ие. Елдің саяси билігінің әділет орнату жобалары бұл салада әсерлі жұмыс жасап, халық пен қоғам әділетті сезінуі қажет. Халықаралық сахнада да адамдар қоғамдық белсенділіктерін арттырып, әлемдік қоғамдық пікірді әділетке қарай нұсқай алады.

Бұл – күтетін мәдениет. Құтқарушыны күту – үнсіздік және селқостық емес, мақсатты талпыныс. Күту ғайып кезіндегі жеке адам мен қоғамның дамуы мен өзгеруінде маңызды рөл атқарады. Егер күтетін адам ол үшін белгіленген міндеттерін орындаса, діни адамның орынды үлгісіне айналып, ырымшылдыққа қарсы тұрып, имамның дінін үлгі тұтып, өзі мен қоғамды өзгерту үшін жиһад пен қарсыласу жолына түседі.   

«Уа, Алла! Оған дейінгі пәк тұлғаларыңды орынбасарың  еткендей, оны жердегі орынбасарың ет және бұрын сайлаған дініңді ол арқылы сақтап қала гөр».