Коронавирус қадірін ұмытқан нығметтерді еске салды
Алла елшісінің (с.ғ.с.) немересі имам Хасан (ғ.): «Қолдағы қадірі жоқ нығметтердің қадірі қолдан кеткенде білінеді», - деген.
Өмірде ащы да тұщы оқиғалар болып тұрады. Кейде шектеулер, қиындықтар немесе ұтымды шешімдер мен сәттіліктер болады. Коронавирустың таралуы жағымсыз оқиғалардың бірі. Ол бір адам немесе ұлтты ғана емес, әлем елдерінің барлығын шарпып, олардың өмірлеріне зиян тигізіп жатыр. Көптеген елдер қатерлі вирус басқаларға таралмауы үшін халықтан өз үйлерінде қалып, қажет жағдайда ғана санитарлық нормаларды толық сақтап үйден шығуды сұрады. Осылайша, миллиардтаған адам өзі мен өзгелердің вирусқа шалдығуынан қорқып, үйге қамалды. Мұнымен қатар халық топтасып қатысатын барлық бағдарламалар мен белсенділіктер өткізілмейтін болып, тіпті мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіптердің жұмыстарына да қатты шектеулер қойылды. Қазіргі таңда сыртта өтетін көптеген ұжымдық іс-шараларға тыйым салынды. Адамдар енді өздерінде бар нығметтердің қадірін жақсырақ түсінетін болады. Өйткені олар әдетте нығметке бөленіп жүрген кезде оның қадірін білмейді, ал одан айырылған кезде оның қаншалықты қымбат болғанын түсінеді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) немересі имам Хасан (ғ.): «Қолдағы қадірі жоқ нығметтердің қадірі қолдан кеткенде білінеді», - деген.
Өмірдің түрлі жағдайында әралуан іс атқарып, сауық-сайран құру барысында көптеген адамдар денсаулық, шаттық пен еңбек ету қабілетін Құдайдың оларға бергенін ұмытып кетеді. Басқаша айтқанда, іс жүзінде біз өмірімізде Құдайды есімізден шығарамыз. Коронавирустан сақтану үшін үйде отыру барлық адамдарға Құдайды көбірек ойлауға, Оның берген нығметтерін еске түсіруге, солар үшін Құдайға шүкірлік етуге және Оған құлшылық жасап, Онымен сырласуға мұрсат берді. Жаратушымен байланысты нығайту рухани дүниені арттырып, өмірге өзгеріс енгізіп, тыныштық орнатады. Қазіргі заманда бұған қатты қажеттілік бар. Құдай өзімен байланыс орнату үшін бізге көптеген тәсіл берді. Өкінішке орай, әдетте біз сол тәсілдерден қапы қаламыз. Енді үйде оңаша қалып, осы тәсілдерді көбірек қолдана аламыз. Солардың бірі – Құран. Қазір Құран оқып, ойланып, соған сай амал ететін, илаһи нығметтердің қадірін түсінетін кез жетті. «Фурқан» сүресінің 30-аятына сәйкес Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) Алла алдында шағымданып, осы қасиетті кітапты өмірлерінен шығарды деп айыптаған адамдардың қатарында болмайық.
Бұл күндері басқа кезден көбірек құны білінген нығметтердің бірі – денсаулық. Әлемдегі бірнеше миллиард адам қазір коронавирусқа шалдығудан қорқып, күнделікті істерінің көбін, тіпті өздерінің кәсіптерін тастап, үйде отыр. Өкінішке орай, жүздеген мың адам осы ауруға шалдықты. Алланың елшісі (с.ғ.с.) денсаулық пен қауіпсіздікті Алланың екі нығметі деп атаған. Бұлар ешқашан шүкірлік етілмеген нығметтер. Біз анда-санда ауырып, қайта жазыламыз, бірақ коронавирус шамамен бір мезгілде көп адамды ауыртып қана қойған жоқ, Жер планетасы тұрғындарының көбін қатаң да ұзақ шектеулерге мойынұсынып, өз жандарын осы қатерлі вирустан сақтауға мәжбүрледі. Қазір біздің денсаулығымыздың қадірін көбірек түсініп, болашақта оны жақсырақ сақтауға тырысатынымыз анық.
Кейбір елдер мәжбүрлі түрде енгізген үйде отыру шарасы адамдардың жұмысқа бармай, табыссыз қалуына себеп болды. Бұл жағдай көптеген жанұялардың қаржы тұрғыдан қысылып, қатаң түрде үнемдеуге көшуіне себеп болды. Осындай жағдайда адам іс пен кәсіптің қадірін жақсырақ түсінеді. Жұмыссыз немесе табысы аз адамдардың көретін күнін жақсы ұғынады. Басқа жағынан адамдар әдетте жұмысқа баруды демалу мен ойын-сауықтан мақұрым қалдыратын мәжбүрлі іс санайды. Бірақ үйде отыру бізге жұмыс пен кәсіптің қадірін білу керектігін үйретті, өйткені ол адам жанының қуанып, нығаюына, әлсіздік, жалқаулық пен күйзеліске салынбауына себеп болады.
Үйде карантинде отырған адамдардың достары және таныстарымен кездесіп, бірлесе белсенділік жасауды сағынғанына біраз болды. Қоғамдық жерлерде болуды сарыла күту бәрінен бұрын, исламда айтылғандай, адамның әлеуметтік тіршілік иесі екенін, өз қатарлары және қоғамның басқа мүшелерімен байланыс орнатуға ынталы екенін көрсетеді. Коронавирус бізді үйге қамаған жағдайда туған-туыс, таныс-достармен кездесудің қаншалықты бағалы екенін түсіндік. Көптеген балалардың ата-аналарын көрмегеніне біраз болды. Ал Алланың елшісі (с.ғ.с.) ата-ананың жүзіне қарауды ғибадат деп атаған. Телефон шалу және видео арқылы хабарласудың бірге болудың және жүзбе-жүз отырудың орнын баспайтыны анық. Басқа жағынан тіпті достар мен жанұя мүшелерін көрсек те, оларға жақындай алмаймыз, қолдарын мейіріммен қыса алмаймыз. Ойын-сауық, бірге қыдыру, мейрамханаларда ас ішу, жанұямен бірге сапарға шығу және тағы басқалардың бәріне денсаулық сақтау үшін тыйым салынды. Осы тыйым қуаныш сыйлайтын осындай шаралардың қадірін білдірді. Тіпті қазір үйлену тойы сияқты шаттыққа толы рәсім немесе қайғылы аза тұту рәсімдерін де өткізе, оларға қатыса да алмаймыз. Өйткені адамдардың бір жерге топтасуы қатерлі. Коронавирус таралған бұл күндері туыстарымызбен өткізген қуанышты күндерімізді еске алып, болашақта олардың қадірін көбірек білетін боламыз.
Мемлекет басшылары, дәрігерлер мен мамандандардың кеңесі бойынша, коронавирустың таралуының алдын алу үшін мектеп, университет, мешіт, зиярат орны, спорт салоны, кинотеатр, театр, концерт залдары сияқты қоғамдық орындардың барлығы жабылды. Сыныпқа келіп, сабақ оқуды қиын көріп жүрген оқушылар мен студенттер қазір оқудан артта қалған соң ғылым мен білімнің қадірін жақсырақ түсінеді. Спорт сүйер қауым, әсіресе футбол жанкүйерлері коронавирус басталғаннан бірнеше аптадан кейін мемлекеттік бұйрықтарға сәйкес біраз уақыт бойы спорт ойындарын көрмейтіні былай тұрсын, өздері де спорт клубтарына, бассейндерге бара алмайтынын, спортпен айналыса алмайтынын түсінді. Өнерсүйер қауым да мұның қадірін көбірек білетін болады. Өйткені кинотеатр, театр, концерт залдары немесе көрмеге бару үшін коронавирус жойылғанға дейін күтуге тура келеді. Қоғамдық орындардың жабылуы бәрінен бұрын мешіттер, зиярат орындары мен басқа да діни орындарға баруды жақсы көретін мұсылмандар үшін қиын болғаны анық. Олар осындай қасиетті орындардан көңілге қуат, рухани азық алады, Құдайға құлшылық етіп, онымен сырласады, ислам тағылымдарын үйреніп, діни бауырлардың жағдайынан хабардар болады. Алайда мұсылмандардың өздері мен өзгелердің денсаулық сақтау үшін ұжымдық ғидабат рәсімдеріне қатысудан мақұрым қалғанына біраз болды. Қазір олар діни орындардың, соның ішінде мешіттердің тезірек ашылуын асыға күтіп отыр. Германия мұсылмандары «мешітімді сағындым» деген хэштег шығарып, көптеген адамдар әртүрлі жолдамаларда діни орындардың жабылуына қатысты сезімдерін, қам-қайғыларын баяндаған. Солардың ішінде Германияда бір стартап жобалаушылардың бірі Балал Эркин Twitter-дегі жеке парақшасында осы жөнінде: «Мешіт жабылғаннан бері мен намазхандарды көре алмаймын. Жанұямның бір мүшесін жоғалтқандай болып жүрмін. Мешіттің жамағат имамы мен намазхандарды сағындым. Мүмінсіз мешіт шәкіртсіз мектеп сияқты»,-деп жазды.
Ерте ме, кеш пе Құдайдың көмегімен коронавирус ауыздықталып, біз күнделікті тіршілігімізді қайта бастаймыз. Алайда сол кезде қолымызда бар нығметтердің қадірін білетін боламыз ба, әлде қайтадан күнделікті істердің соңында жүріп Алла мен оның нығметтерін естен шығарамыз ба? Алла Тағала Құран Кәрімде талай рет халықтан оның нығметтерін ұмытпай, шүкіршілік етуді сұраған. Мысалы, «Ибраһим» сүресінің 7-аятында «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін» деген.