Исламдағы ахкам философиясы (6)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i46631-Исламдағы_ахкам_философиясы_(6)
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамдардың қиямет күні алғаш есепке тартылатын іс-әрекеті – намаз» деген.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Maм 05, 2020 10:49 Asia/Almaty
  • Исламдағы ахкам философиясы (6)

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамдардың қиямет күні алғаш есепке тартылатын іс-әрекеті – намаз» деген.

Күн сайын әлем Жаратушысымен сырласатын ынталы әрі хабардар мұсылмандар үшін намаз – сенімдері мен ғамалдарының жарғысы және стратегиялық бағдарламасы.

Намаздың бірінші негізі – қиам, яғни тұру. Намазды мәдениет ретінде қалыптастыру қажет. Намазға тұрған адам Алланың ұлылығын еске алып, Алланың оны сипаттаудан жоғары және барлық күш-қуаттан құдыретті екенін қуаттайды. Содан соң барлық жалған «құдайларды» теріске шығарып, әлем Жаратылысының жалғыз әрі теңдессіз екенін мойындайды. Сондай-ақ, Пайғамбардың (с.ғ.с.) Алланың елшісі екеніне куә етіп, өзінің негізгі сенімдерін еске алып, ақ ниетпен өз мақсатын белгілейді. Бұл мақсат менменшілдік пен екіжүзділіктен ада болып, одан намазханның ықыласы байқалуы қажет. Бұл кезде адам бар болмысымен Алламен сырласып, мейірімді және рақымды Алланың атымен намазын бастап, бүкіл жаратылыстан хабардар Жаратушыны мадақтайды. Адам Алланың шексіз құдыретін еске алып, Құдайдың адамды мақсатсыз жаратпағанын біліп, оның бұйрықтарын орындаудағы міндетін сезінеді. Сондай-ақ, өлген соң қиямет күні өз істеріне жауап беретінін түсініп, «Фатиха» сүресінің бірінші аятында айтылғандай, «Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән» екенін мақұлдайды. Намаздың бұл бөліміндегі ең маңызды мәселе «тек бір Өзіңе құлшылық етеміз» деген негіз болып табылады. Билік, байлық, нәпсілік тілектер, дүниенің алдамшы қызықтары мен шайтандық күдіктерден алыстау өте қиын. Сондықтан әлемнің шынайы құдыретінің иесі Жаратушыдан көмек сұраймыз: «Сенен ғана жәрдем тілейміз!  Бізді тура жолға сала көр». Алла намазхандарға үлгі көрсетті: «Ал және кім Аллаға, пайғамбарға бой ұсынса, міне солар Алла (Т.) нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шәһидтер және игілермен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас!» («Ниса» сүресі, 69-шы аят). Кейбір адамдар ғана адамзаттың үлгілері саналатын тұлғалардың жақтастары болып, құлшылық ету жолында қадам басады. Бірақ кейбіреулер олардан алыстап, пұттар мен билік-пен байлыққа табынып, илаһи рақымнан құр қалып, илаһи азаппен бетпе-бет келеді. Басқалары мақсаттары мен бағыттарын анықтамай, адасып жүреді. Құран тек илаһи тұлғаларды үлгі тұтқан бірінші топтың құтқарылатынын қуаттайды.

«Фатиха» сүресін аяқтаған соң «Тауһид» сүресі оқылып, намаз оқитын адамның алдына монотеистік дүниетаным ашылып, бір Аллаға иман келтірген намазхан Жаратушының жалғыз және серігі жоқ екенін мойындайды. Намазхан өзінің  монотеистік дүниетанымымен Алланың шексіз құдыретінің алдында бас иіп, рукуһ кезінде илаһи болмыстың пәк екенін мақұлдайды. Егемендік, білім, төзімділік, ар-намыс, мейірімділік, кешірімділік, абырой, жанашырлық – адам мен ғаламдағы барлық жаратылыстарға берілген нығметтер. Содан соң адам сәжде жасап, Алланың ұлылығын мадақтайды. Бұл ұстанымымен рукуһ пен сәжде жасайтын адам еш уақытта билік пен байлықтың алдында бас имейді, Алла сыйлаған ғиззаты мен азаттығын билік-байлық және шаһуатқа құрбан етпейді.  Намаз оқып отырған адам ташаһуд кезінде тағы Алланың жалғыздығы мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) ресалатыан куәлік етеді. Сондықтан намаз бүкіл адамдарға сындарлы әсер етеді. Намаз Пайғамбар (с.ғ.с.), адал адамдар, періштелер мен шындық іздеушілерге сәлем мен салауат айтып, достық жолдауын жеткізеді. Өйткені исламның бейбіт мәдениетінде сәлемдесу – денсаулық, қауіпсіздік, достықтың орнатылуын тілеу.