Исламдағы ахкам философиясы (8)
«Әй, мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла (Т.) сабыр етушілермен бipгe».
Бізді салтанатты шара немесе үлкен жиынға қатысуға шақырған кезде қалай және не киіп баратынымызды ойлаймыз. Жиынға әдемі киім киіп, шашымызды дұрыстап барамыз. Егер бұл жиында атақты адамның қатысатынын білсек, одан сайын дайындаламыз. Сыртқы көрінісімізбен бірге әрекетіміз бен сөзімізге де көңіл бөлеміз. Олай болса, намаз кезінде әлем Жаратушысы, бүкіл жаратылыстар мен періштелер мадақтайтын ұлы Алланың алдында тұрып, Онымен сырласу үшін өзімізді дайындамаймыз ба?
Бұл саладағы Исламдағы гигиена мәдениеті бойынша бірінші қадам намазға киген киімнің тазалығы саналады. Вузу алу – беті-қолды жуып, бас пен аяққа мәсіх тарту. Тәулігіне бірнеше рет аяқ-қолды жуу ластық пен аурудан тазартады. Әсіресе, адамның қолы вирустарды адамның ішіне жеткізетін құрал. Айта кететін жайт, Ислам вузу алардан бұрын ауыз бен мұрынжы шаюға кеңес береді. Бұл іс ғылыми тұрғыдан адамдардың денсаулығына ерекше әсер етеді. Сегізінші имам вузудың философиясы туралы: «Алла пенделеріне онымен сырласып, қажеттіліктерін айтардан бұрын сыртқы ластықтардан тазару үшін намаз оқудан бұрын вузу алуды бұйырды. Вузу алып, адам шаршап-шалдыққанын, ұйқысын ұмытып, қажет дайындықпен Жаратушының алдында тұрады»,- деген болатын. Алайда сыртқы тазалық жеткіліксіз. Адам ішкі тазалығына шынайы мән беруі керек. Ислам әлемінің әйгілі ғұламаларының бірі шәһид Сани вузу философиясы туралы: «Терең ойлайтын адамдар сырт көрінісін тазартуы мен жүрек тазалығын маңызды санайды. Өйткені Жаратушымен сырласқан кезде адам рухани ластықтардан, яғни менменшілдік, тәкаппарлық, кісі өлтіру, жаман ой, қатыгездік және басқалардың құқықтарын бұзудан таза болуы керек. Сонда намазы кемел болады»,- деп жазды.
Егер таңертең, күндіз, күн батқан кезде намаздың қайталануы сыртқы және ішкі тазалық пен белгілі тәртіпке сай орындалса, адамның рухы мен психикасының тазаруына әсерін тигізеді. Исламның ұлық пайғамбары: «Егер үйлеріңізде бұлақ сарқырап, күн сайын бес рет онымен жуынатын болсаңыздар, денелеріңізде кір қала ма?»- деп сұрайды. «Жоқ» деген жауап естиді. Сонда хазірет: «Намаз сол бұлақ сынды. Адам намаз оқыған сайын күнәсынан тазарады»,- деді. Намаз туралы сұрақтардың арасында «Неліктен күн сайын бес рет намаз оқимыз?» деген сұрақ жиі кездеседі. Бұл сұраққа жауап ретінде: «Адам күнді Алланы еске алумен бастаса, көбірек әсерін тигізеді. Өйткені таңда адам рухани және психикалық тұрғыдан Жаратушымен сырласуға дайын болады. Күні бойы әртүрлі жұмыстарға алданып, Аллаға немқұрайдылық танытуы мүмкін. Бірақ бесін намазының уақыты келген кезде қайтадан Алланы есіне алады. Бос уақыттан кейін әртүрлі жұмыстармен айналысып, Алланы ұмытады. Дәл осы кезде екінті намазының уақыты келіп, адам тағы әлем Жаратушысымен сырласады. Тіршілік жалғасып, жұмыстар қайталанып, ақшам намазының азанын естіп, адам намазға дайындалып, оны оқиды. Түнде құптан намазын оқыған соң ұйқыға дайындалады. Сөйтіп адам күні бойы Алланы есіне алып, бес рет оқылатын намаздары ол үшін айқын болады. Тәулік бойы Алламен сырласатын адам қоғамда өмір сүретін басқалар сияқты құлдырау және шарықтаулармен, экономикалық, саяси, қоғамдық мәселелер және басқа да көптеген қиындықтарен бетпе-бет келеді. Бірақ бұл адам Алланы сенімді панасы сезініп, еш уақытта үмітін үзбейді. Бұл адам намаз арқылы әлем Жаратушысымен қатынас орнатып: «Әй, мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла (Т.) сабыр етушілермен бipгe». («Бақара» сүресі, 153-ші аят) деген аятқа сүйеніп, шыдамдылығы және табандылығымен қиындықтардан өтеді.