Құлшылық салтанаты (1)
(last modified Sat, 23 May 2020 09:20:23 GMT )
Maм 23, 2020 15:20 Asia/Almaty
  • Құлшылық салтанаты (1)

Ораза айт – Рамазан айында Құдайға ғибадат етіп, күнәлардан тәубеге келіп, жаны мен рухын ішкі-сыртқы ластықтардан тазартып, өзінің шынайы болмысына оралып, ораза ұстаған мұсылмандардың мейрамы.

Бүгін Күн нұры мүміндердің жүрегіне басқа күннен көбірек төгілуде. «Аллаһу акбар» деген рух сыйлайтын азаншының дауысы әрбір мешіттің төбесінен естіледі: «Аллаһу акбар. Аллаһу акбар. Лә иләһә иләлләһ. Аллаһу акбар. Уәлелләһ ел-хамд. Әлхамдул лелләһе ма һадайна. Уәләһу ул-шукуру әла ма әуләйна: Құдай сипаттаудан әлдеқайда ұлы. Құдайдан басқа ешкім құлшылық етуге тұрмайды. Құдай сипаттаудан әлдеқайда жоғары. Мақтау мен мадақ Құдайдың пәк болмысына ғана жарасады. Бізге жетекшілік еткен Құдайға шүкір. Бізге берген барлық нәрсе үшін Оған рахмет».

 

Барлық мұсылмандарды Ораза айтпен құттықтаймыз.

Осы илаһи мереке күні таңның атысымен Құдайды іздеген мүміндердің құлағына азаншының дауысы естіледі: «Ей, мүміндер, өздеріңнің сыйлықтарыңды алуға ұмтылыңдар. Бүгін әрбір адам қанша ексе, сонша жинап алады. Ораза айт – қасиетті Рамазан айының алқабынан өнім жинайтын күн. Ораза ұстаған мүміндер қасиетті Рамазан айының әр кешінде ауызашар кезде оразадан өз сыйын алып отырды. Бұл сый келесі күннің оразасын тәттірек әрі дәмдірек етті. Сонымен қатар, Құдайдың адамға ораза ұстауға мұрсат бергенін түсінудің өзі айтып жеткізу қиын ләззат. Оның ақиқатын тек ораза ұстағандар ғана түсінеді.

Алла Тағала намаз, джиһад пен қажылық сияқты ғибадаттардың арасында тек ораза үшін былай деді: «Ораза менікі. Мен ол үшін жеке өзім жаза (сый) беремін». Ораза ұстаушылар ауыз ашқан кездегі рухани ләззат осы илаһи сыйдың өте кішкентай бөлігі. Мұны Құдайдың өзі өз міндетіне алған. Ал Ораза айт күні одан да жоғары ләззат бар. Құдайдың мейірімін сезіну және рухани ләззат алу қасиетті Рамазан айында ораза ұстағандардың қуанышты жүздерінен айқын байқалады.

Ардақты ағайын! Бүгін шәууал айының бірінші күні – Ораза айт, табиғи болмысқа қайтып оралу мерекесі. Ораза айт – адамның таза илаһи болмысқа жеңіспен қайта оралу мерекесі. Ораза ұстаған мұсылмандар Рамазан айы барысында Құдайға құлшылық етіп, тәубеге келу арқылы өз рухы мен жанын ішкі-сыртқы ластықтардан тазартып, өздерінің шынайы табиғатына қайтып оралады. Осы рухани қайтып оралуда ораза ұстаушының барлық дене мүшесі адамның рухымен бірге өзгереді. Оның көзі мақсатсыз, оңды-солды қарамайды. Оның көзі хақты тану мен көрудің құралы болады. Табиғи болмыс негізінде жұмыс істейтін құлақ кез келген дауысқа елеңдемейді, тек Хақты естиді. Оның тілі бос сөзді қойып, Хақтан басқа ештеңе айтпайды. Шын мәнінде, шынайы ораза ұстаушылар бір ай бойы өздерін тәрбиелеп, рухтары мен жүректерін нығайтқаннан кейін өздерінің шынайы илаһи болмысына жақындай түседі. Ораза айт пен табиғи болмысқа қайтудан кейін барлық күндер мереке болады. Мүміндердің әмірі имам Әли (ғ.) Ораза айт намазының құтпасында: «Күнә жасамаған әрбір күн – сен үшін мереке»,-деді.

Илаһи рәсімдерге тағзым – Ораза айт ерекшеліктерінің бірі. «Аллаһу акбар. Лә иләһә иләлләһ. Уәлһәмдуллиллаһ» сөздері – осы мерекеге ерекше көрініс сыйлайтын амалдардың бірі. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ораза мен Құрбан айттары «Лә иләһә иләлләһ. Аллаһу акбар. Алһәмдуллиллаһ. Собһан Алла» ұрандарымен көркейе түседі»,-деген.

Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) Ораза айт күні үйден шығып, намаз оқитын жерге жеткенге дейін  бар дауысымен «Лә иләһә иләлләһ. Аллаһу акбар» деп тәкбір айтатын болған, тіпті құтпалардың арасында, басы мен аяғында бар дауысымен осы сөздерді қайталап отырған. Хазірет Реза Ораза айт күні тәкбірді көп айтудың себебі туралы: «Тәкбір – Аллаға  тағзым ету мен құрмет білдіру; Құдайдың әлем халықтарына берген нығметтері мен жетекшілігіне алғыс айту»,-деген.

Ораза айт намазында бірнеше сүре оқуға кеңес беріледі. Сүрелерде ішкі дүниені сауықтыру мен рухты тазартуға қатты көңіл бөлінген. Бірінші рекетте адамның жасампаздығы үшін маңызды жайттарға тоқталған «Әла» сүресін оқуға кеңес берілген: «Тазалық іздеп, ішкі дүниесін тазартқан адамның қайта тірілетіні анық». Бұл аятта ластықтардан тазару мен ықылас дәрежесіне жету ескертілген. Сондықтан Алланы еске алып, өз-өзін тазартатын адамның рухы биіктеп, қайта тіріледі.

 

 

Ораза айт намазының екінші рекетінде «Шамс» сүресін оқуға кеңес беріледі. Бұл сүреде ішкі жан-дүниені тазартып, өзін-өзі қалыптастыруға баса  назар аударылған. Алла Тағала осы сүреде: «Шындығында өз нәпсісін тазартқан әрбір адам қайта тіріледі», - деген.

Тақат етіп, бас ұрудың мағынасы – шын жүректен Құдайға жалбарыну, мінәжат ету және сырласу. Намаз оқушы құнытта қолын кішіпейілдікпен  жоғары көтеріп, Аллаға тағзым ету үшін тіл қатып, Құдайдан оны Мұхаммед пайғамбар мен әулеті істеген жақсы істерге ынталандыруды сұрайды.  Намаз оқушылар құнытта былай дейді: «Уа, Құдай! Ұлылық Саған жарасады. Кешіру Сенің құзырыңда. Рақымшылық жасау Саған арналған. Тақуалық пен өкініш Сенен беріледі. Бұл күнді мұсылмандарға мереке қылдың. Мұхаммед пен оның әулеті үшін мәртебе мен шарапатқа айналдырдың. Сенен Мұхаммед пен оның әулетіне сәлем жолдауыңды сұраймын. Маған Мұхаммед пен оның әулетіне берген қайырдан беріп, бақытқа бөле. Мені Мұхаммед пен оның әулетін босатқан зұлымдық пен жаманшылықтан алшақ ұста. Уа, Құдай! Мен Сенен лайықты құлдарың сұраған ең жақсы нәрселерді тілеймін. Ықыласты құлдарың Сенен пана тілеген нәрседен мен де пана тілеймін».  

 

Ораза айт сұлулықтарының бірі – достық сезімді ояту. Мұсылмандар осы салтанатты күнде ақшалай амалдарымен өздерінің қайырымды да ізгі істерін арттырады. Ораза айт күні берілетін пітір садақасы – мүмін адамның бір ай ғибадат етіп, Хақ Тағаланың илаһи нығметтерін пайдаланғанына алғыс ретінде мақұрым  және мұқтаж жандарға беретін сыйлығы. Садақа Құдайдың кең қонақасында адамның қоғамдық байланысын толықтырады. Имам Садық (ғ.) бұл жөнінде былай дейді: «Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту намазды кемелдендіретіні сияқты пітір садақасы оразаны толықтырады». Сондай-ақ, имам Реза (ғ.): «Ораза айт мұсылмандар жиналып, Құдайға берген нығметтері үшін алғыс айтатын күн болып белгіленді. Сондықтан бұл күн – мереке күні, жиын күні, Ораза күні, зекет төлейтін күн. Ұлы Алла осындай күнде мұсылмандардың қоғамдық іс атқарғанын қалайды. Бұл күні Оған мадақ айтып, құрмет білдіруін қалайды»,-деді.

 

 

Пітір садақасы адамның қарапайым тамағы, соның ішінде бидай, арпа, құрма, мейіз, күріш, жүгері және осыларға ұқсас заттар немесе солардың бағасына тең ақша ретінде кедейлер мен міскіндерге беріледі. Әдетте пітір садақасы айт күннің кешіне дейін бөлек қойылып, Ораза айт күні түске дейін төленуі тиіс. Исламда пітір садақы үшін көптеген қолданыс аясы белгіленген. Солардың ішінде мұсылмандардың рухын көтеру, әріптестігін арттыру, санитарлық, медициналық және мәдени жағдайына қарайласу бар. Пітір садақасы арқылы заңсыз емес, адал істе қарызға батқан адамдардың қарыздарын төлеуге болады. Сонымен қатар, бұл бюджетті мешіт, мектеп, көпір, темір жол, ауруханалар салып, мұсылмандардың басқа қажеттіліктерін өтеу үшін жұмсауға болады.

Бағдарламаның соңында Алланың рақымынан үміттеніп, имам Саджадтың (ғ.) «Сахифейе Саджадие» атты кітабының 45-ші дұғасын оқимыз: «Алла Тағала! Мұхаммед пен оның әулетіне сәлемімді жеткіз. Ораза айтын біз үшін қадірлі де құрметті мерекеге айналдыр. Оны бізге сыйлаған күндеріңнің ең жақсысы ет. Алла Тағала күнәларды жоюға берген ең жақсы күнде ашық та жасырын жасалған күнәлардың барлығын кешір».