COVID-19 кезіндегі СПИД
(last modified Tue, 01 Dec 2020 09:18:38 GMT )
Жел 01, 2020 15:18 Asia/Almaty
  • COVID-19 кезіндегі СПИД

СПИД-пен күрес күніне орай 1981 жылы алғаш рет әлем ғалымдары белгісіз себептерден иммундық жүйелері әлсіреп кеткен науқастарға ұшырасты. Түрлі зерттеулер нәтижесінде бұл аурудың себебі HIV деп аталған вирус екені анықталды.

Бұл вирус шын мәнінде шимпанзелерге тән. Алғаш рет Африканың батысында 1930 жылдары пайда болды. Зерттеушілердің пікірінше, шимпанзенің SIV деп аталатын иммундық тапшылық вирусынан адамға таралып, HIV-ге, яғни адамның иммундық тапшылық вирусына айналды. Адамдар шимпанзелерді азық үшін аулап жүрген заманда бірнеше онжылдық бойы вирус біртіндеп бүкіл Африкаға, содан соң әлемнің түкпір‑түкпіріне таралды. СПИД алғаш рет 1981 жылы Америкада анықталды. Егілетін есірткіге тәуелділер мен біржыныстылар арасында алғашқы жайт бір ер адамнан анықталды. Сол кезден бүгінге дейін HIV инфекциясы әлемде миллиондаған адамның көз жұмуына себеп болды. Оның кең жайылуына байланысты жаһанға таралған жұқпалы ауру деп танылды. Осы тақырыптың маңыздылығын ескере отырып, 1988 жылдан бастап бюджет артып, халықтың хабардарлығы, кемсітушілікпен күрес және білім беру жұмыстары артқаннан кейін жыл сайын бірінші желтоқсанда дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні аталып өтіледі. Бұл шараның басты мақсаты – халыққа HIV инфекциясының жойылмағанын және әлі де талай іс атқарылуы тиістігін еске салу. Бүгін – 1 желтоқсан. Осы күнге арнайы дайындалған бағдарламаны назарларыңызға ұсынамыз.

 

 

 

СПИД – адам денесіне иммундық тапшылық вирусы (HIV) кіріп, оның иммундық жүйесіне шабуыл жасауынан туындайтын аурудың бір түрі. HIV-дан туындайтын ауру негізгі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде (қатты инфекция) адам қысқа уақытта тұмауға ұқсас жағдайды бастан өткереді. Бірақ барлық адамдар бірдей емес. Сол себепті әдетте бұл ауру бір ұзақ кезеңде ешбір белгісіз өтеді. Аурудың бұл кезеңін жасырын кезең деп атайды. Ауру асқынған сайын адам денесінің иммундық жүйесінде әлсіздік пайда болады. Соның салдарынан адам түрлі ауруларға, соның ішінде туберкулез бен обырға шалдығады. Ақырында ауру үшінші кезең, яғни СПИД-ке айналады.

HIV инфекциясы әдетте жыныстық қатынас, зарарлы қан құю, анадан балаға аяғы ауыр кезінде немесе босанған кезде беріледі.  Денедегі кейбір сұйықтықтар, соның ішінде сілекей мен жас HIV инфекциясын тасымалдай алмайды. СПИД ауруы туралы маңызды мәселе мынау: осы вирусқа шалдыққан адамдардың 60 пайызға жуығы денелерінде HIV инфекциясының барынан хабарсыз. Бұл жағдай вирустың денеде тарала түсуіне себеп болып, аурудың асқынып, айналадағыларды, әсіресе жұбайларды шалдықтыру ықтималын арттыра түседі.

Осы уақытқа дейін СПИД қарсы вакцина немесе тиімді емдеу жолы анықталмады. Әрине 1987 жылы вирусқа қарсы емдер осы аурудан қайтыс болу қатері мен оның салдарларын азайтты. Бүгінде егер бір адам HIV инфекциясын жұқтырса да, ол өршімей тұрып емделуді бастаса, табиғи өмір қалпын сақтап, сау адамдай өмір сүре алады. Бұл дәрілер, сондай-ақ,  басқаларға вирус тарату ықтималын азайтады. Өкінішке қарай, СПИД-ке қарсы дәрілер өте қымбат және олардың теріс салдары болуы мүмкін. Сол себепті СПИД-ке шалдыққандар саны әлі азая қойған жоқ, әлемде күн сайын науқастар саны артуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы Тедрос Аданом Гебреисус осы жағдайға тоқталып: «Қазір СПИД-ке шалдыққандар басқа кезден көбірек емделіп жатса да, олардың көбі әлі де емге қол жеткізе алмай отыр»,-деді.

 

2019 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, бүкіл әлемде 38 млн-нан аса адам СПИД-ке шалдыққан. Бұл сан 2018 жылмен салыстырғанда 1 млн адамға көп. 2019 жылы Шығыс Еуропа мен Орта Азияда осы індетке шалдыққан 1 млн 700 мыңнан аса адам тіркелді. Яғни әлем аталмыш індетпен күресіп, оны бақылауға алу үшін әлі ұзақ күреседі. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2010 жылмен салыстырғанда Шығыс Еуропа мен Орта Азияда СПИД-ке шалдыққан саны 72 пайызға, Батыс Азия мен Солтүстік Африкада 22 пайызға, Латын Амеркасында 21 пайызға артқан.

БҰҰ тарапынан жарияланғна бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін СПИД-пен күресте айтарлықтай ілгерілеу болуы тиіс еді. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жуырда өзінің ресми сайтында мәлімдеме жариялап, әлемге таралған жаңа COVID-19  вирусы СПИД-тің алдын алу және емдеу үдерісін шамамен 10 жылға кері шегерді деп мәлімдеді. Осы ұйымның айтуы бойынша, 2020 жылы СПИД-пен күрес бағдарламасында көзделген мақсаттар орындалмағаны былай тұрсын, қол жеткізілген жетістіктер де жойылу алдында тұр.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ-ның ортақ бағдарламасы зерттеушілерінің СПИД-ке қатысты болжамына сәйкес,  егер COVID-19 пандемиясы кезінде СПИД-ке шалдыққандарды емдеу үшін бастапқы медициналық қызмет пен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету саласында жеткілікті шаралар атқарылмаса, Африка сахарасының оңтүстігінде СПИД салдарынан өршитін түрлі аурулар, соның туберкулез салдарынан 2020-2021 жылдары 500 мың адам қайтыс болуы мүмкін. Коронавирустың таралуы әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің бар назарын өзіне аударып отырған шақта СПИД вирусымен өмір сүріп жатқан және оған шалдығу қатері жоғары адамдар медициналық көмек алуда қиындыққа ұшырайды.

Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, коронавирус ауруы СПИД, малярия мен туберкулез ауруларына әсер етіп, солардың салдарынан болатын өлім-жітімді арттырады. Болжам бойынша, малярия ауруынан болатын өлім-жітім алдағы 5 жылда 36 пайызға артады, өйткені Африканың оңтүстік елдеріндегі маляриямен күрес ұйымдары науқастардың коронавирусқа шалдығып жатқанын айтуда. Сондай-ақ туберкулез ауруынан болатын өлім-жітім осы аралықта бестен бір есе артуы және жаңадан ауырғандар анықталмай қалуы мүмкін. HIV инфекциясы әсерінен болатын өлім-жітім оннан бір есе артады.

Мамандардың айтуынша, коронавирустың СПИД-ке шалдыққандарға медициналық көмек көрсетуге теріс әсер етуі салдарынан HIV инфекциясын жұқтырғандарға аса маңызды антивирус дәрілерді таратуда қиындықтар туындайды. Сондай-ақ карантин мен сапарға шектеулер елдердің іші мен сыртына дәрі-дәрмек жіберуге кедергі келтіреді және кейбір қамтамасыз етушілер дәрі-дәрмекті дер кезінде жеткізе алмайды. Мұнымен қоса,  HIV инфекциясына қатысты зертханалық сынақтарда қате кетуі мүмкін. Сонымен қатар адамдар өздерінің ауруға шалдыққандарынан хабарсыз болатындықтан оны түрлі тәсілдермен басқаларға таратуы ықтимал. Мұндай жағдайда СПИД өрши түседі. Мұнымен қоса, адамдар COVID-19-ке шалдығу қаупінен қорқып, медициналық орталықтарға бармайды. Бір сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Оңтүстік Африка халқының 58 пайызы медициналық орталықтарға барудан бас тартып отыр.   

 

Осындай жағдайда Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күнін атап өту HIV инфекциясының жоғалмағанын және оны жою үшін әлі талай іс атқарылуы тиістігін барша халықтың есіне салады. Сол себепті 2020 жылғы Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күнінің ұраны «Бейімделу және СПИД-тің таралуының алдын алуға әсер ету» (Ending the HIV/AIDS Epidemic: Resilience and Impact) деп белгіленді. Сондықтан әлемнің түрлі елдеріндегі басшылар мен халық осы аурумен кесімді түрде күресудің маңыздылығын терең түсінуі тиіс.

БҰҰ-ның СПИД-пен күрес агенттігінің атқарушы директоры Винни Бианима осы мәселеге қатысты жуырда: «2030 жылға дейін СПИД-ті жоямыз десек, алдағы 10 жылда күн сайын кесімді шешімдер қабылдап, нақты шаралар атқаруымыз керек»,-деп мәлімдеді.