Иса Мәсіх келді!
(last modified Tue, 05 Jan 2021 18:32:46 GMT )
Қаң 06, 2021 00:32 Asia/Almaty
  • Иса Мәсіх келді!

Иса Мәсіхтің (ғ.) туған күніне орай Христиандар Иса Мәсіхтің туған күнін тойлау үшін шіркеулерге барады. Кейбіреулер бұл күні көшеде діни әндер шырқап, алғыс айтады.

Қуаныш пен қайғысы астасқан бір сезім Мәриямның бойын билеп алды. Бұған дейін ешқашан мұндайды сезініп көрмеп еді. Нұрдай жарқыраған нәрестесін мейірім толы құшағына қысып алып, өзіне ұмсына қараған халыққа қарай жүрді. Мәриямның пәк те шынайы жүзіне халық суық та ала көзбен сұқтанса да, ол өзіне жүктелген миссияны сезініп, қадамын нықтай түсті. Халық арасынан: «Ей, Мәриям, бұл – неткен сорақы іс, таң қалдырдың ғой»,-деп кекеткен сөздер естілді. Басқалар: «Ей, Һарунның қарындасы! Әкең де, шешең де жаман адам емес еді»,-деді. Пәктік пен таза құлшылықтың үлгісі болған Мәриям тіл қатпастан нәрестеге нұсқады. Олар: «Құндақтағы баламен қалайша тілдеспекшіміз?»-деп келекетті. Кенет балаға тіл бітіп: «Мен, Иса Құдайдың құлымын. Ол маған илаһи кітап беріп, мені пайғамбарлыққа таңдады. Қайда болсам да, маған берекеге толы болмыс сыйлады. Тірі тұрғанымда намаз оқып, зекет беруге кеңес берді. Туған кезде де, өлген кезде де және қайта тірілген кезде де Құдайдың маған сәлемі болсын!»-деді.

 

Әлемде бір Құдайға сыйынатын барша монотеистерді ізгі пайғамбар хазірет Иса Мәсіхтің (ғ.) нұр мен әнге толы туған күнімен құттықтаймыз!

Жаңа жылдың алғашқы күндерін өткізіп жатырмыз. Әлемнің түкпір‑түкпіріндегі православ христиандар Иса Мәсіхтің туған күніне дайындалып жатыр. Әрине коронавирусқа байланысты мерекелік шаттық бәсеңсіп қалды. Бүкіл әлемде вирус жойылып, кейінгі жылдары мерекелер алаңсыз тойланып, қуаныш пен шаттық молынан болатынына үміттеніп отырмыз.

Иса Мәсіхтің туған күні Евангелие бойынша католик христиандар арасында 25 желтоқсанда Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда тойланады. Христиандар Иса Мәсіхтің туған күнін тойлау үшін шіркеулерге барады. Кейбіреулер бұл күні көшеде діни әндер шырқап, алғыс айтады.  

Алланың бұл ұлы пайғамбары пәк анадан әкесіз туып, таң қалдырып қана қойған жоқ, оның бүкіл өмірі ғажайыпқа толы болды. Құранда хазірет Мәриям мен хазірет Иса Мәсіх (ғ.) өмірлерінің ерекше тұстары баяндалып, олар ең ізгі сөздермен еске алынған.   

Мұсылмандардың сенімінше, хазірет Мәриям –  әлемнің көрнекті төрт әйелінің бірі. Оның әкесі Ғымран, шешесі Ханна есімді мүмін әрі салиқалы әйел болған. Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінде Мәриямнің шешесінің нәзір-серт бергені және қыз дүниеге келіп, өскені өте тартымды баяндалған. Мәриямның шешесі аяғы ауыр кезіне «Ұл тусам, оны Құдайға қызмет етсін деп ғибадатханаға тапсырамын» деп серт берген (Әли Имран, 35-аят).

Осы сүренің 36-аятында Ханнаның жағдайы жайлы былай делінген: «Ханна босанғанда қыз дүниеге келгені мәлім болды. Ол сертімді орындай алмай қаламын-ау деп қатты қайғырды. Сондықтан қызының атын «Мәриям», яғни «ғибадатхана қызметшісі» деп қойды. Сөйтіп, оны ғибадатханаға қызмет етуге дайындамақ болды».

Сол кезде дін  қызметшілері Мәриямды қамқорлыққа алу туралы пікірталасып, шар тастап еді, Закарияға түсті (Әли Имран, 44-аят).

Тақуалығы мен ұстамдығы жөнінен бәрінен асып түсіп, халыққа үлгі болып жүрген хазірет Закария Мәриямды өз қамқорлығына алды. Мәриям кәмелет жасқа толғанға дейін ғибадатханада қызмет етті. Сол кезде Закария Мәриямға ғибадатхананың бір бұрышын бөліп, жабық бөлме жасап берді. Қыз сол бөгделердің көзінен таса жерде Құдайға сыйынған. Ол жерге Закариядан басқа ешкім кірмейтін болған.   

Мәриям өз бөлмесінде жан-тәнімен беріліп, Құдайға мінәжат етіп, жалбарынатыны сонша, аспаннан илаһи дастархан түсетін болған.

«Әли Имран» сүресінің 37-аятында жазылғандай: «Закария Мәриямның ғибадатханасына кірген кезде оның михрабында дайын тамақ көрген. Бір күні одан: «Ей, Мәриям! Мына тамақтарды кім әкелді?»,-деп сұрады. Мәриям: «Құдайдан келді. Ол қалаған адамына есепсіз ризық береді»,-деген». Бұл қадірменді бану жұмақтың тағамдарын жеп, жаһан халқына  Иса (ғ.) сияқты пәк те жоғары мәртебелі перзент сыйлады.

 

Алла тағала Құран Кәрімде хазірет Мәриямды ұлы адам деп мадақтап,  әйелдерге ғана емес,  бүкіл мүміндерге оны үлгі етуге кеңес берген. «Тахрим» сүресінің 12-аятында: «Құдай мүміндер үшін Ғымран қызы Мәриямды үлгі етіп көрсетті»,-делінген.

Құран Кәрім хазірет Мәриямның пәктігі мен тазалығын және оның перзенті, Алланың елшісі әрі ірі жетекші хазірет Исаны (ғ.) өте әдемі сипаттап, таныстырады. Сол себепті христиандар ғана емес,  мұсылмандар да хазірет Иса мен оның анасы Мәриямды жақсы көріп, қатты құрметтейді. Бұл екі тұлға көп тұрғыдан мұсылмандарға шабыт береді.

Ғұлама факиһ марқұм Кашеф әл-Ғата осы туралы: «Егер біз Құран Кәрімнің хазірет Иса мен оның анасын мадақтаған сөздерін білмегенде, адамзат баласы Иса Мәсіхтің ұлылығы мен қадірін түсінбес еді. Өйткені хазірет Исаның (ғ.) орнын тану үшін Інжілге жүгінетін болсақ, қалам оның сипаттамасын жазуға ұялар еді»,-деген.

Иса Мәсіхтің туған күні құтты болсын!

 

Құран Кәрімде хазірет Иса туралы айтылған ең әдемі сипаттамалардың бірі – оның анасы Мәриямға құрмет көрсетуі мен кішіпейілдік танытуы. Исламдық рауаятта да осы мінез-құлыққа ерекше көңіл бөлінген. Балаларға ата-анаға, әсіресе анаға көбірек көңіл бөліп, тілін алуға кеңес берілген. Хазірет Иса: «Құдай мені зұлымдық пен жамандық жасайтын емес, анама мейіріммен қарап, жақсы қатынас көрсететін адам қылды»,-деді.

Хазірет Исаның Құранда айтылған тағы бір айшықты қасиеті Аллаға қалтқысыз бас июі болды. Оған серік қосатын түрлі сөздер телінген. Бірақ олардың бәрі Исаның тұлғасына зиян тигізе алмады. «Мәриям» сүресінің 30-31 аяттарында былай делінген: «(Бала): “Рас мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды” деді. Сондай-ақ мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды». Құран Кәрім  кітап иелерінің ойларына керісінше Исаны Құдай емес, Оның шынайы құлы деп таныстырған және ашық түрде оны үштік немесе көптікке табынудан ада деп сипаттаған.

Хазірет Иса Алланың басқа пайғамбарлары сияқты тақуа әрі діндар болған, өзін дүниенің жылтырағынан алшақ ұстаған. Имам Әли (ғ.) хазірет Исаның өмір салты жайлы: «Жастығы тас, киімі қатты матадан, тамағы қарапайым болған. Тұздығы аштық,  түнгі шырағы Ай сәулесі, күндізгі күркесі Жердің шығысы мен батысы болған. Жеміс-жидегі мен тағамдық шөптері түрлі аймақтарда өсетін өсімдіктер болған»,-деген. Сондай-ақ,  имам Казем (ғ.) хазірет Исаның тіліндегі таза иманның тәттілігі туралы: «Мәсіх айтады: «Ей, жаман құлдар!Бидайды тазалап, ұнға айналдырыңдар. Сосын одан тағам жасап, дәмін татыңдар. Сондай-ақ,  имандарыңды таза да кәміл етіңдер, сонда оның тәттілігін сезініп, ақырында пайдасын көресіңдер»,-деді.

Иса бен Мәриям (ғ.) Алланың басқа пайғамбарлары сияқты адамдарға жетекшілік етіп, қайта тірілтіп, мәңгілік бақытқа бастап бару үшін жіберілді. Оның ғажайып жасауға қабілетті тақуа рухы бар еді. Ол бала кезінен-ақ ересек адам сияқты сөйлеп, халыққа уағыз айтқан. Иса өлілерді демімен тірілтіп отырған. Балшықтан құс жасап, оған үрлегенде мүсінге жан бітіп, шын құсқа айналып, қанат қағып ұшатын болған.  Соқырлардың көзін алақанымен сипағанда  олар көздерін ашып,  өз пайғамбарларының  нұрлы да мейірлі жүзін көретін болған. Иә, Иса Мәсіх ізгі де мейірімді қатынасты таратып, дүниеқоңыз яһуд үлемдер мен пұтқа табынушылармен күресіп, адамдардың жүрегін жақсылық, ізгілік пен игілік жаққа бұру үшін жіберілген. Хазірет Иса өз серіктеріне (апостолдарға) талай рет: «Менен кейін «Ахмад» есімді пайғамбар келеді. Оның да Алла берген кітабы мен шариғаты болады» деп уәде берген. Иә, пайғамбарлар бір-бірін растап отырған. Олардың бәрінде адамзат баласын рухани биікке жетелеуден басқа миссия болмаған. Құран бізге «Хазірет Иса крестке тартылған да жоқ, өлтірілген де жоқ. Құдай оны аспанға алып кетті. Хәзірет Маһди (ғ.) әлемді құтқаруға келгенде хазірет Иса (ғ.) да қайтып келетін болады» дейді.