"Әйел джиһады" деген түсінікті ислам көзқарасы тұрғысынан сараптау
(last modified Sun, 17 Apr 2016 04:32:42 GMT )
Сәу 17, 2016 10:32 Asia/Almaty

Бұл мақалада мұсылмандардың қорғаныстық джиһадтағы әйелдердің рөлі мен тәкфіршіл топтардың оларды теріс пайдалану мәселесі қарастырылады.

Күрес пен джиһад егер адамның өзін қорғау мақсатын көздесе, барлық діндерде қасиетті де қастерлі саналады. Сол себепті бүкіл әлемде адамдар отан қорғау және гуманитарлық мақсаттарда жан тапсырған сарбаздарды құрметтеп, оларды ұлт қаһармандары санайды. Шын мәнінде, діні мен сенімін, сонымен қатар өзі мен отбасын, отанын қорғау болмыстық іс болғандықтан, ешбір адам дұшпанның шабуылын, зұлымдық пен озбырлықты қабылдамайды. Сол себепті олар осындай арман-мақсаттарын қорғау үшін соғысқа аттанып, джиһадқа шығады. Мұндай соғыс исламда діннің іс жүзіндегі міндеттерінің қатарын құрайды. Соғыстардың ең жоғарысы – мұсылмандардың Құдай жолында және өздерінің сенімдері мен арман-мақсаттарын қорғап, Хақ Тағаланың ризашылығына бөлену үшін мал-жанын пида етіп, қадам жасайтын Құдай жолындағы джиһад. Соғыстың бұл түрі діннің уәжіптері мен ғибадаттарының қатарында саналуымен қатар, діннің үлемдері тарапынан да көп қуатталып, ынталандырғандырылған. Имам Әли «Наһдж әл-Балағеде» джиһадты «Құдайдың ерекше пенделерінің алдынан ашылатын пейіштің есіктерінің бір есігі» деп атаған. Алайда ислам көзқарасы бойынша бұл жүк әйелдердің де иығына артылған ба?

Құран аяттарында соғыс пен джиһадтың құны белгілі бір жыныспен шектелмеген. Исламдық фикһта да өз жері мен халқын қорғау жолындағы джиһад әйел мен ер үшін – уәжіп. Бірақ соғыс қорғаныстық сипатқа ие болмаған жағдайда әйелдер үшін джиһад уәжіп емес. Сондай-ақ, исламда джиһад кісі өлтіру және қантөгіспен қатар жүретін соғыспен шектелмейді. Исламның ардақты пайғамбары ислам әскері соғыс джиһадынан қайтып келе жатқан кезде оларға былай деген: «Кіші джиһад пен күресті орындағандар, жарайсыңдар! Бірақ сендердің мойындарыңда үлкен джиһад қалды» дегенде олар хазіреттен: «Уа, Алланың елшісі! Үлкен джиһад деген не?» деп сұрайды. Сонда хазірет: «Нәпсімен күресу» деген екен. Сондай-ақ келесі бір хадисте пайғамбардың мынадай сөзі келтірілген: «Әйел қантөгізсіз джиһадқа ие. Ол – қажылық пен кіші қажылық». Имам Әлиден де мынадай сөз қалған: «Әйелдің джиһады – жақсы жұбай болуы және ерлі-зайыптылық өмірде кездесетін қиындықтар мен мәселелердің алдында сабыр сақтауы». Бұл сөздердің барлығы әйелдер үшін негізгі артықшылықты үй және отбасы санайтын исламдық қатынасқа саяды. Ислам тарихында бір күні Асам Бент Язид Ансаридің Алланың елшісінің қабылдауына құтбагер және әйелдердің сөзін жеткізуші ретінде келіп: «Уа, Алланың елшісі! Құдай сізді әйелдер мен ерлерге жетекшілік ету үшін пайғамбарлыққа таңдады. Біз де әлемнің Құдайына иман келтіргендерміз. Бірақ барлық даналық пен Құдай жолындағы джиһад және жанкештіліктің сауабы ерлерге уәжіп, егер Құдайға деген сенім мен иман жолында көз жұматын болса олар шәһид саналады. Бірақ, біз, күйеулері соғыс алаңдарында жүрген ерлердің әйелдері, отбасы істері мен перзенттерімізге қарап жүрген әйелдер олардың джиһадының сауабына ортақ бола аламыз ба?» деп сұрағанда пайғамбар: «Қандай жақсы сауал! Менің атымнан әйелдерге хабарла: үй шаруасындағы міндеттерін орындап, перзент тәрбиелеу және жұбайлық міндеттерін атқару әйелдер үшін Құдай жолындағы джиһад болып табылады» депті.

Мұсылман әйелдердің дұшпан шабуылдаған кездерде ерлермен бірге шайқасқа көтеріліп, өз сенімдері мен отандарын қорғағандары мәңгілікке дәлелденді. Оның үлгісі исламның ардақты пайғамбары, әкесі хазірет Мұхаммед пен күйеуіне жанашырлық танытуда, қарсыластар және кәпірлермен күресте оларды жігерлендіруі мен соғысқа дайындауда маңызды үлеске ие болған хазірет Фатима Заһра болды. Сонымен қатар пайғамбардың ардақты немересі хазірет Зейнаб Кубра Ашура көтерілісінің жолдауын әлемдіктердің құлағына жеткізу міндетіне ие болды. Бірақ бүгінде ислам әлемінің түкпір-түкпіріндегі куә болып отырғанымыз – «неке джиһады» атты құбылыс. Бұл – ең бірінші рет 2013 жылы Сирияның азамат соғысы барысында интернет кеңістігі мен әлеуметтік желілерде жарияланып, таралған сөз. Джиһадтың бұл жалған түрінде әйелдер мен қыздардан Сирия үкіметіне қарсы соғысып жатқан ерлердің жыныстық қажеттіліктерін қанағаттандыру сұралды. Олар бұл іс үшін Түркия арқылы Сирияға кіріп, соғыскерлермен сағаттық некеге тұрып, «өздері үшін жұмақтан орын әзірлеулері керек-мыс». Шынтуайтында, тәкфіршіл топтар, әсіресе ДАИШ исламды жаманатты етіп, исламнан үркіту ағымын таратып, мұсылмандарды жік тудыру толқынына арандату үшін әйелдерді жаңа лаңкестерді тарту, оларды соғыс амалдарына пайдаланып, сондай-ақ қолда бар күшті сақтау үшін ауқымды түрде пайдалануға күш салуда. «Стратегиялық диалог» зерттеулер мекемесінің мәліметі бойынша, әйелдер ДАИШ тобына қосылатын кезде олардың «құндылығы» басқа әйелдер тарапынан анықталатын қосындарға жіберіліп, кейін тез арада күйеуге шығарылады. Себебі уаһабшыл мүфтилер пәтуалар шығарып, әйелдердің Сириядағы қақтығыстарға қатысуының ең жақсы жолын «неке джиһады» деп атады. Радикал мүфти Мохаммад ал-Арифи шығарды дейтін осы пәтуа негізі бойынша, 14-16 жастағы қыздар немесе ажырасқан әйелдер, егер сириялық лаңкестердің жыныстық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сол елге барса, олардың істерінің сауабы жұмақ болады-мыс. Ислам мен ахлаққа жат осы пәтуамен көптеген жас қыздар мен жасөспірім қыздар, жесір әйелдер, тіпті джиһад пен о дүниеде азаптан құтылуды армандайтын әйелдер некелі күйеулерінен ажырасып, Сирияны бетке алған. Исламға жат, теріс насихаттың салдары жүздеген әйелдің жүкті болып, мыңдаған баланың некесіз дүниеге келіп, жыныстық жолмен таралатын аурулардың кең етек жаюы болды. Алданған көптеген әйелдер ДАИШ бүлікшілерінің қатігездіктерімен бетпе-бет келген соң олардан құтылуға тырысты. Тунистің Ішкі Істер Министрі Лутфи Бен Джеддудің айтуы бойынша, тунистік алданған қыздардың әрқайсысы Сирияда жиырма, отыз немесе жүздеген бүлікшімен жыныстық қатынаста болып, енді жүкті күйде Туниске қайтып оралған. Бұлардың барлығы – «неке джиһады» деген атаумен орын алған теріс салдарлар.

ДАИШ тәкфіршіл тобы жанкешті күштердің тапшылығын сезген кезде осы топқа «неке джиһады» деген атаумен қосылған әйелдерді жанкешті ретінде пайдаланады. ДАИШ-тің өзінің әйел мүшелері үшін ашқан Аз-Завараһ медресесі осы бағытта назар аударарлықтай міндетке ие. Бұл медресенің міндеті, басшыларының айтуы бойынша, жарылғыш белбеулер мен жанкештілік әрекет жасайтын бомбаларды ақ көйлек пен ойыншықтардан артық санайтын қыздарды тарту. Бұл мәлімдеменің өзі қалыпты өмірді мансұқтап, діни сүннеттерден ауытқушылықты көрсетеді.

Тіпті ДАИШ өз сапындағы басқа әйелдерді де осындай қылмыстарға ынталандыру үшін өздерінің мүфтилеріне даиштік тұрмыстағы әйелдердің де күйеулерінің рұқсаты мен ризашылығынсыз жанкештілік әрекетке бара алуына себеп болатын пәтуа шығаруға бұйрық берді. Бірақ бұл лаңкестік топқа неке джиһады үшін қосылған әйелдерді жанкештілік амалдарға пайдалану олардың бірқатарының наразылық білдіруіне себеп болды. Бұл әйелдердің көбісі өздерін ДАИШ-тің амалдарында жанкешті фактор ретінде пайдаланбақ болғандарын түсінген кезде ДАИШ басып алған жерлерден қашады. Себебі олар өздерінің Сирия мен Иракқа өлімге емес, неке джиһады үшін келгендерін қуаттайды.

«Неке джиһады» деген даулы пәтуаны шығарған Мохаммад ал-Арифи пәтуасы араб және исламдық орталарда жанжал мен дау-дамай тудырған соң, өз сөзін қайтып алды. Ол бірнеше рет сөз сөйлеп, өзінің мұндай пәтуа шығармағаны туралы уәж айтты. Осы пәтуаны теріске шығаруымен қатар, сөзінің бірінде неке джиһадының негізін қалаушы Муавие Бен Аби Софиан деген уәж айтып: «Софиан соғысында исламның кеңесшісі Амр бен Оос бұл ұсынысты Муавиеге жасаған болатын. Ол өз аузымен барлық әйелдердің, соның ішінде тұрмыстағы әйелдердің де джиһад жолында ислам сарбаздарына көмектесуі үшін Софианға келуге бұйрық берді» деді.

Шын мәнінде ДАИШ лаңкестік тобы мұсылмандарды, әсіресе жаңадан мұсылман болғандары тарту үшін «джиһад» және «шәһид» болу деген түсініктерді теріс пайдаланады. ДАИШ бір жағынан өздерінің қолдауына ие мүфтилер арқылы мүшелеріне халифаның әмірімен джиһад жасап, мақсат жолында өлуді шәһидтік деп атап, күнәһарлардың о дүниенің азабынан кесімді түрде құтылатындықтары туралы уәде беріп, кешірім жолындағы қадамды насихаттайды. Осы негізде олардың саптарына қосылған жастардың көбісі өз өлімдерін шәһид болу, жұмаққа жеткізетін жылдам жол деп санайды.

Бірақ исламның бет-бейнесін қаралап, оның ахкамдарын бұзу жолындағы бұл әрекеттер жақында жеңіліс табады. ДАИШ-тің қосындарынан қайтып оралған тунистік қыз Фарид ал-Баджи былай дейді: «Бүгін «Құдай жолындағы джиһад» деп уәж айтатындардың бір-бірімен қақтығысып, бір-бірінің бастарын кесіп жатқандарын көріп отырмыз. Мұның себебі олардың ислам туралы түсініктерінің бұрыстығында. Ислам жерлеріндегі жаппай қырушылық ешқашан джиһад және ислам деген мағынаны білдірмейді»».