Наурыз әлемі (3)
«Иранның мәдени кеңістігіндегі Наурыз» атты бағдарламаны назарларыңызға ұсынмыз. Бұл бағдарламада Иран ғана емес, Үндістан мен Пәкістанға барып, бұл елдердегі Наурыз мерекесін тойлау рәсімдеріне тоқталамыз.
Наурыз – жазба тарихтан да көне мейрам. Бұл мерекенің ирандықтардың өміріне бойлай кіріп, олардың мәдениеті, әдет-ғұрпы мен болмысының ажырағысыз бөлігіне айналғанына мыңдаған жыл болды. Бұл көне мерекенің тамыры ирандықтардың ежелгі наным-сенімдері мен аңыз-әңгімелерінен басталады. Х.қ.ж.с.б. 4-5 ғасырда өмір сүрген ақындар мен жазушылар, соның ішінде Фердоуси, Ансари, Бируни, Табаридің еңбектерінде, тарихи-мифологиялық деректерде және Исламға дейінгі әдебиеттен алынған басқа туындыларда Наурыз Джамшид патшаның заманынан бері тойланып келе жатқан мереке деп айтылған. Бір күні Иранның мифологиялық патшасы Джамшид арамдық, қараңғылық, надандық пен қатігездікті жеңіп, көктемнің бірінші күні таққа отырып, билігінің басталғанын тойлады. Сол заманнан бүгінге дейін халық бұл күнді «Ноуруз» - жаңа күн деп атап, тойлатып, ән айтып, би билейді.
Наурыз мерекесі Иранда түрлі діндер мен үкіметтер билік басына келгеніне қарамастан ұдайы өз орнын сақтап, әлі күнге дейін тойланып келеді. Наурыз көктемнің бірінші күніне және солтүстік жарты шарда күн мен түннің теңелген сәтіне (Vernal Equinox) сәйкес келеді.
Ирандықтар көктем келмес бұрын қимылдай бастап, осы мерекені тойлауға дайындалады. Қалалар мен ауылдардың тұрғындары өздерінің үйлері мен аулаларын тазалайды. Мерекеге қажетті заттарды сатып алады. «Һәфт син» (жеті син) деп аталатын дастархан жайып, оның үстіне өмір, денсаулық пен байлықты білдіретін түрлі заттар қояды. Оны «жеті син» деп атайды, өйткені заттардың әрқайсысы «син» (с) әрпінен басталады. Мысалы, сиб-алма, серке-сірке суы, сумақ – дәмдеуіштің бір түрі, сәмәну – қайнатылған бидай тәттісі, сәнджед – жидектің бір түрі, секке-тиын және сир-сарымсақ. Жанұялар жаңа жыл басталарда дастархан басына жиналып, бір-біріне денсаулық пен бақыт тілейді. Балаларға «ейди»-айттық беріледі. Бір-бірімен көрісуге барады. Иранда Наурыз 13 күн тойланады. Ұлттық мереке болып саналады. Елдегі барлық ұлттар мен этностар, түрлі дін өкілдері Наурызды құрмет тұтып, тойлайды.
Ежелгі заманда Иран елі кең аумақты алып жатқан. Ол Қытайдың батысынан Анатолияға дейін, шығыста Үндістан мен Ауғанстаннан бастап, батыста Қос өзенге дейін, солтүстік-шығыста Шыңжаң мен Орта Азиядан солтүстікте Кавказдың теріскей бетіне дейін, солтүстік-батысында Кіші Азияға дейінгі аумақты алып жатқан. Бұл аймақтар Иран өркениеті қамтыған жерлер саналады. Бұл мәдени кеңістіктің басты символдарының бірі – Наурыз. Ол қазір 12 елде тойланады. Шын мәнінде көптеген елдерде Наурыз Иран мен оның мәдениетінен қалған мұра ретінде бағаланады. Осындай елдердің бірі – Үндістан.
Бір күндері Үндістанда бүкіл үнді мазхабтар мен этностардың Наурызды зор салтанатпен өткізгенін елестету қиын. Бірақ шындық мынада: бір кездері көптеген елдерге билік жүргізген моғол билеушілері ирандықтардың мәдениеті, әдебиеті мен өнеріне қызығушылық танытып, бұл мәдениетті таратуға күш салды. Наурыз осы билеушілердің қол астындағы жерлерде таралған Иранның мәдени көріністерінің бірі болды. Тимурилер әулетінің моғол билеушілері Наурыздың Үндістанда кең түрде тойлануына себеп болды.
Тимурилер әулетінің (1526-1857) негізін қалаушы Бабыр шах пен одан кейінгі көптеген шахтар ирандық мәдениет пен өркениеттің түрлі тартымдылықтарына қызыққан адамдар болған. Тимурилер әулеті патшаларының Иран мәдениетіне қызығуы көптеген ирандықтардың Үндістан сарайында көптеген маңызды әкімшілік және әскери қызметтерде жұмыс істеуіне септігін тигізді. Осылайша, ирандық мәдениет пен өркениеттің кейбір көріністері, соның ішінде Наурыз бұл елде таралды. Бабыр, Хомаюн, Акбар шах пен Джаһангир шах сияқты патшалардың осы мәдениетті таратудағы ықпалы зор.
Толық аты Захиреддин Мұхаммед Бабыр Мәуереннахрда дүниеге келген. Бұл аймақ ирандық мәдениет пен өркениеттің көне ошақтарының бірі саналады. Бабырдың әкесі Омар шейх парсы әдебиеті мен тарихына қызыққан оқымысты адам болған. Бұл Бабырдың да ирандық ғалымдар мен әмірлермен жақын байланыста болуына әсер етті. Сонымен қатар ол Шахабеддин Ахмед Джамидің ұрпақтарының бірі Махем бегімге үйленген. Бұл да оның ирандықтарға қызығуының белгілері саналады.
Хомаюн да Бабырдың ирандық әйелінен дүниеге келген моғол патшасы. Ол да ирандық өнер мен мәдениеттің кейбір символдарына зор қызығушылық танытқан. Хомаюн Иранда Сефевилер патшалық еткен кезде бұл елге келген. Бұл сапар Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген екен. Ол Ираннан қайтып оралғаннан кейін ирандық мигрант әдебиетшілер, өнерпаздар мен дарындарды өз сарайында қабылдаған.
Ирандық мәдениет пен өркениетті Үндістанда таратуға көп үлес қосқан ең маңызды үнді патшаларының бірі – Акбар шах. Оның сарайында Наурыз мерекесі 19 күн тойланған. Шах Наурыз күндері бір апта бойы қарапайым халықты қабылдаған. Халық оны жақыннан көре алатын болған. Сонымен қатар ол өз билігінің 28 жылдығында күн күнтізбесі бойынша Наурыз мерекесінің келуін жаңа күнтізбенің (Илаһи күнтізбенің) басталған күні деп белгіледі. Ол Илаһи күнтізбенің айларына да ирандық атаулар берді. Тек «илаһи» сөзін шамси айларының соңына жалғаған.
Наурызды тойлау Үндістанда Тимурилерден соң ағылшындар билік басына келгеннен кейін де жалғасты. Ағылшындар Үндістанда ресми демалыс күндерін белгілеу кезінде шамси жылының ауысу күнін мереке, ресми демалыс күндерінің бірі ретінде белгіледі. Бірақ барлық тарихи тамырлардың болуына қарамастан, патшалардың қолдауы тоқтатылғаннан кейін Наурыз Үндістанда ұлттық мереке санатынан шығып, реңі солғындай түсті. Қазіргі таңда үнді парсылары Наурызды тойлайтын топтардың қатарына жатады. Мың жыл бұрын Үндістанға көшіп барған парсылар Наурыз рәсімдерін ирандықтар сияқты, бірақ қысқарақ өткізеді. Парсылар Наурыз күні таңертең үйлерін тазалап, Boswellia атты әтір себеді. Олар ақ алебастрмен (бормен) парсылардың үйлерінің кіреберісін әрлейді, өйткені мұның қорғаушы періштелерді үйге кіргізіп, ошаққа қарай бастап баратынына сенеді. «Һәфт син» дастарханы рәсімінен кейін парсылар аташкәде – отқа табыну орнына барып, Наурыздың діни рәсімдерін орындайды. Содан соң туыстар мен достар жиналып, тойлайды.
Үнді түбегінде Наурыз бұрынғыдай кең түрде тойланбауы мүмкін, бірақ бұл көне мереке халық мәдениетінде өз әсерін қалдырды. Әлі күнге дейін бұл байтақ елде шиіт мұсылмандар Наурызға ерекше маңыздылық береді. Үндістандағы, әсіресе Лакнао мен Кашмир қалаларындағы шиіт мұсылмандар үшін Наурыз – айрықша мейрам. Көбіне дұға оқылып, ерекше діни рәсімдер орындалады. Кей жағдайларда туыстар бір-біріне қонаққа барады.
Үнді шиіттері үшін Наурыздың қасиетті болатын себебі мынау: исламдық деректерге сәйкес ислам пайғамбарлары мен имамдары тарихындағы көптеген оқиғалар осы күнде орын алған. Соның ішінде ғаламның жаратылуы, адамның жаратылуы Наурызда орын алған. Бәрінен маңыздырақ Ғадир Хомда хазірет Әлидің Ислам пайғамбарының орынбасары ретінде таныстырылған күн (18 зихадже) Наурызға тұспа-тұс келген. Сол себепті үнді мұсылмандарының кейбіреулері Наурызда ораза ұстайды. Осы күнге арналған екі ракат намазға қатысады. Сонымен қатар, тұрғын аудандарын шырақтармен әрлеп, имам Әлиге (ғ.) телінетін қасидаларды оқып, назри – уәде еткен астарын таратып, серт берген істерін істейді.
Пәкістан – Наурыз тойлайтын елдердің бірі. Бұл ел 1947 жылы Үндістаннан бөлініп шықты, бірақ шекаралар тіл, мәдениет, әдебиет пен әдет-ғұрыптарды оңайлықпен айыра алмайтындықтан, бүгінде бұл елде Наурыз тойланады.
Пәкістанда Наурызды «Әлем Афруз» - жаңа келген күн деп атайды. Бұл күн өз келуімен әлемге шуақ шашып, жарқыратады. Көктем жақындағанда Пәкістанда көптеген мерекелер өткізіледі. Наурыз – солардың бірі. Бұл елде Наурыз ұлттық мереке емес. Бірақ пәкістандық жаняұлардың көбі бұл күнді атап өтеді. Олар да ирандықтар сияқты үй жинайды, жаңа киім киеді, бір-біріне қонаққа барады. Пәкістанның батысы мен солтүстік-батысындағы аудандарда өткізілетін Наурыз бағдарламасы өте қызық. Онда ерекше рәсімдер орындалады.
Пәкістанның кейбір аймақтарында шиіттер 7 түрлі тағам әзірлеп, дастарханға қояды. Сонымен қатар, бұл елдегі шиіт жанұялары жаңа киім киіп, Наурыз күндері зиярат орындарында жиналып, діни рәсімдер орындайды. Наурыз кезінде Пәкістанда өткізілетін қызық рәсімдердің бірі – бір жасқа толмаған балаларға арналған той. Бұл рәсімге балалары алғашқы көктемін көретін жанұялар қатысады. Үйдің үлкендері балаларға тәттілер беріп, оларға өмірде шаттық пен сәттілік тілейді. Бұл рәсім Пәкістанның кейбір аудандарында орындалады.