Коронавирус жағдайындағы Наурыз мейрамы (5)
(last modified Tue, 23 Mar 2021 18:02:34 GMT )
Нау 24, 2021 00:02 Asia/Almaty

2021 жылғы Наурыз бағдарламасының бесінші бөлімінде коронавирус жағдайында сақтық ережелерін ұстанып, Наурыз мейрамынан ләззат алып, жан рахатына бөлену тақырыбына тоқталамыз.

Наурыз мейрамын тойлайтын Иран халқы мен басқа да елдер жыл сайын осындай кезде Наурыз мейрамының келуін күтеді. Әдемі, тартымды әрі қуаныш сыйлайтын рәсімдер өткізу арқылы Жаңа жылды қарсы алады. Жаңа жылдың ауысу сәті, көрісу-қауышулар, басқа да ірілі-ұсақты рәсімдер қосыла келіп, Наурызды ирандықтар мен басқа да ұлттар үшін Ұлы мейрамға айналдырды. Бұл мейрам – бір жылдық үздіксіз еңбектен қажыған адамның шаршағанын басуға және қайта жаңаруға жақсы сылтау. Табиғат жаңарған кезде адамның рухы, жаны мен тәні де тазарады. Бірақ бәріміз білетіндей, биылғы Наурыз өткен жылдардағы Наурыз мейрамдарынан өзгерек. 2020 жыл Иран халық үшін де, әлемнің түкпір‑түкпіріндегі басқа халықтар үшін де ауыр болды, ащы оқиғаларға толы болды. Бұл жылы коронавирус жаппай таралды, сондықтан адамдар бір-бірімен кездесе алмай қалды, жақыннан араласу мүмкіндігінен айырылды. Туыстар мен жақындар, тіпті ата-аналар мен үйдің басқа да үлкендеріне амандаса бару мұң болып кетті. Өкінішке қарай, жағдайдың нашарлағаны сондай, әлеуметтік қашықтықты сақтап, ауқымды және шағын жиындардан бас тарту міндеттелді.

Наурызға дайындалу кезінде ерекше шабыттанып, рухы көтерілетін Иранның қызу қанды халқы үшін коронавирус жағдайында сақтық шараларын сақтау өте қиын. Карантин жағымсыз сезімдер тудырды.  Олардың ең үлкені – мұңаю мен күйзелу. Алайда жағдайды қабылдау және оның түзелетініне үміттену осы қиын кезеңге төзуге көмектеседі. Егер біз қиялымыздағы идеал демалыс пен қазіргі жағдай арасында қашықтықты азайтып, көп нәрсе күтуден бас тартсақ, сонда өз демалысымызды қоғамдық қауіпсіздік  пен жанұя денсаулығын сақтай отырып, Жаңа жылды тойлап, көрісу-қауышу рәсімдерін өткізетіндей ұйымдастыра аламыз. Әрине  Жаңа жыл басталған кездегі рәсімдерді барынша пайдаланып қалуға тырысу керек. Туысқандарымызды көргіміз келетіні – табиғи нәрсе. Алайда оларды коронавирустан қорғау – биыл оларға бере алатын ең жақсы сыйлық. Сол себепті туыстар мен достармен сөйлесіп, Жаңа жыл рәсімдерін өткізудің басқа жолдарын іздестіру керек. Мысалы,  Жыл ауысар кезде бір жерге жиналудың орнына әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы құттықтайық. Осындай түрлі қосымшалар мен құралдарды пайдаланып, виртуалды кеңістіктегі топтарда  Жыл ауысар сәттен әдемі суреттер мен құттықтау видеоларын жіберуге болады.

 

Биыл ежелгі дәстүрлерден рухымыз бен жанымызға жайлылық сыйлау үшін бірнеше шартты ұстанғанымыз дұрыс.

Зейінімізді орындай алмайтын істерден гөрі өзіміз бен өзгелер үшін атқара алатын істерге бағыттауға тырысайық. Бір-бірімізге қарайласайық, достар мен туыстармен сөйлесіп, жанашырлық білдіріп, олардың сезімдеріне көңіл бөлейік. Үнемі шүкіршілік етейік. Құдайға осындай қиын кезеңде бізге барлық нәрсе бергені үшін алғыс айтайық.

Жақсы көретін адамымызға сыйлық беруді ұмытпайық. Биыл өткен жылдардан көбірек бір-бірімізге сыйлық беріп, олардың есінде қалатындай шаттық сыйлайық. Балалармен көбірек уақыт өткізейік. Жаңа жылдың басталғанын сылтауратып, оған қатысты дәстүрлерді балалар үшін шағын көлемде өткізейік. Осындай ауыр кезеңде оларға үміт беріп, ынталандырайық. Иран Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен сақтық протоколы мен ережелерін сақтап, мүмкіндігінше дәстүрлі рәсімдерді шағын құрамда бір жанұя асында, балаларымыздың ортасында өткізейік.

Мысалы, Наурыз мейрамының ең маңызды әрі шаттыққа толы бөлімі  Жаңа жыл келер сәтте «Һәфт син» дастарханы басында отырған жанұянымызды сурет пен видеоға түсіріп, әлеуметтік желілердегі басқа жанұялық топтарға жіберіп, бөлісейік.

Наурыздың осы кезінде атқарылатын көрісу-қауышуда виртуалды кеңістіктегі мүмкіндіктерді пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы хал-жағдай сұрасайық. Не болмаса, виртуалды топтар құрып, видеоконференция ұйымдастырып, сырттай бірге болуды тәжірибен өткізейік.

Өкінішке қарай, коронавирус беттен сүю, қол беру немесе вирус тасушы кісіге жақындау арқылы басқа бір адамға оп-оңай жұғады. Көрісу және бас қосулар кезінде коронавирус тез таралып, бәріне жұғуы мүмкін. Сондықтан ақылға салып, биылғы Наурызда көрісу-қауышудан бас тарту керек. Коронавируспен күресте үйде қалуды таңдайық. Індетті жеңудің әсерлі жолы – осы. Індет жойылған күні кездесеміз деп бір-біріңізге уәде беріңіздер. Осы аралықта жанұя мүшелері уақытты дұрыс бөліп, үйде атқара алатын істерге кірісе алады. Кітап оқу, жанұя мүшелерімен сұхбаттасу, үйде топтық ойындар ойнау, теледидардан сүйікті бағдарламаларды тамашалау, қол жетпей, кешеуілдеп қалған істерді атқару, жанұя мүшелерімен сұхбаттасуға көбірек уақыт бөлу, ата-аналар мен балалардың бас қосуы – осының барлығы жанұяға пайдалы.

Тағы бір маңызды мәселе – қажетсіз сапардан бас тарту. Наурыз демалыстары жыл сайын сапарға шығуға жақсы сылтау болып келді. Әдетте адамдар осы кезде сапарға шығып, Наурыз демалыстарын жақсылап пайдалануға тырысады. Алайда коронавирустың таралғанына бір жыл өткенде сапар мен қажетсіз жүріс-тұрыстың вирус тарататын ең негізгі жол екенін бәріміз білеміз. Сондықтан биыл да өткен жылы сияқты сапарды азайтуымыз керек. Оның орнына үйде әсіресе балаларға жайлы жағдай жасап, демалыстың жақсы өтуіне көмектесіп, вирустың таралуының алдын алуымыз керек.

Бұл жағдай көп адамға ұнамайды, бірақ осы аралықта жақындарымыздың індет жұқтырғанын, Құдай бетін ары қылсын, қайтыс болғанын көргеннен жақсы.

Егер үйде қалып, сақтық шараларын сақтасақ, ащы оқиға орын алмайтыны былай тұрсын, өзіміздің, жанұямыздың және басқа отандастарымыздың денсаулығын кепілдендіреміз және осылайша коронавирусты қала мен ауылдардан қуып, өміріміздің жаңа тарауын коронавирустан ада жағдайда аман-есен бастаймыз.

Жаңа жылда әлемнің барша халқына денсаулық, шаттық пен сәттілік тілейміз.