Ахмад бен Мұса – илаһи тұлғалардың бірі
(last modified Wed, 16 Jun 2021 13:38:13 GMT )
Маусым 16, 2021 19:38 Asia/Almaty
  • Ахмад бен Мұса – илаһи тұлғалардың бірі

Шираз қаласындағы «Шаһчерағ» деп танымал болған хазірет Ахмад бен Мұсаның қасиетті кесенесі безендіріліп, имам Резаның жақтастары кесенеге қарай ағылады.

 

Исламның ұлық пайғамбары әулетінен шыққан имамдар мен олардың перзенттерінің қасиетті кесенелері – зиярат пен ғибадат жасайтын рухани жерлер. Бұл қасиетті мекендер зиярат, намаз, дұға, Жаратушымен сырласу үшін өте маңызды және адамдарды Аллаға жақындатады. «Сейед әл-Садат»және «Шаһчерағ» деп танымал болған хазірет Ахмад бен Мұсаның қасиетті кесенесі – сондай жерлердің бірі. Хазірет Ахмад бен Мұса – имам Мұса Каземнің (ғ.с.) перзенті, имам Резаның (ғ.с.) бауыры. Бұл күндері велаяттың жақтастары кесенеге жиналып, бұл жерде ерекше көңіл күй орнады. Бірақ биыл Ахмад бен Мұсаның қасиетті кесенесі басқа қасиетті кесенелер сынды коронавирустың таралуының бақылауға алу үшін екі айдан астам уақыт бойы зияратшылар үшін жабық болды. Осыдан бірнеше күннен бері кесененің есіктері Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің ғашықтары үшін ашылып, халық әлеуметтік қашықтықты сақтап, қасиетті кесенеде ғибадаттарын қайта бастады. Біз де Ахмад бен Мұсаға сәлем жолдап: «Уа, ағажан! Уа, Алла елшісінің перзенті! Өзің арқылы Аллаға жақындау үшін кесенеңе келдім. Сәлем саған, уа, Мұса Каземнің перзенті Ахмад!»,- дейміз.

Хазірет Ахмад бен Мұсаның Шираздағы қасиетті кесенесі

Хазірет Ахмад бен Мұсаның анасы – өз заманының тақуа әйелдерінің бірі  «Умма Ахмад» деп танымал болған имам Мұса Каземнің (ғ.с.) әйелі.  Ол Ахмад пен Мұхамад және Хамзенің анасы. Жетінші имамның (ғ.с.) үш ұлы велаят пен имаматтың адал жақтастары болып, осы жолда көп талпыныс жасап, соңында шәһид болды. Аналар перзенттерінің ахлақтық және рухани тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Тарихтан да басқа да әйгілі ерлерді пәк және дана аналары тәрбиелегенін білеміз. Ахмад бен Мұсаны да өз заманының танымал бануы Умма Ахмад тәрбиеледі.  Шейх Мофид Шаһчерағ туралы: «Ахмад бен Мұса қарапайым тақуа адам болып, әкесі хазірет Мұса Казем (ғ.с.) оны жақсы көріп, оның жомарттығы мен мейірімін мадақтады. Ахмад бен Мұса – имам Әли бен Резадан (ғ.с.) кейін ең жоғары дәрежеге жеткен адам» деді.

Сол кезеңде имам Мұса Казем (ғ.с.) мен перзенттері және Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің жақтастары Аббаси үкіметінің көптеген қысымымен бетпе-бет келді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) көкесі Аббастың ұрпағынан  шыққан Аббасилер билікке масаттанып, шіріп, Алла елшісінің әулетіне қарсы ешбір қастықтан бас тартпады.  Тарихта   Аббаси дәуірінің   мәдени тұрғыдан құлдырағаны, бұзақылықтың шегіне жеткені және олардың адамдарды ашық түрде бұзақылыққа итермелегені туралы айтылған.  Олар халықты ішімдік, құмар ойындар мен бұзақылыққа итермеледі. Керісінше, Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеті халықты шынайы Исламға шақырып, адамдарға иман мен тәубе жолдарын үйретті. Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің шынайы жақтастары Аббасилерден көптеген азап-қорлық көрді. Бірақ оларға қарамастан имам Мұса Казем (ғ.с.) мен шәкірттері және перзенттері кез келген уақытты халықты дұрыс жолға нұсқау үшін пайдаланды. Ахмад бен Мұса сөзі және амалымен адамдарға әсер етіп, жүректерді шындық нұрына бөледі. Ол Жаратушыға ғибадат ету, сопылық, нәпсіні бақылауға алу және жомарттық тұрғысынан барша үшін танымал болды. Имам Мұса Казем (ғ.с.) шәһид болған соң көптеген мұсылмандар бият ету үшін оның қасына келді. Бұл кездесуде Ахмад бен Мұсаның тақуалығы мен велаятты қолдайтыны белгілі болды.

Барша мешітте имам Мұса Каземнің (ғ.с.) перзенті Ахмад бен Мұсаның Харун Рашидтің қолынан қаза тапқаны үшін қайғыға батып, аза тұтты. Хазірет Ахмад бен Мұсаның қадір-қасиеттері, ғибадаты мен шариғатты таратуына, сондай-ақ, әкесінің құрметіне ие болуына байланысты  әкесі имам Казем (ғ.с.) шәһид болған соң оның орынбасары және имам болып, перзенті Ахмад қалады деп ойлады. Сондықтан оған бият етті. Ахмад бен Мұса да Медине халқына бият етті. Бірақ кенет мінберге шығып, уағыз айтып: «қазір сіздер маған бият еткендей, мен ағам Әли бен Мұса әр-Резаға бият еттім. Әкемнен кейін ағам имам және Алланың халифасы болып табылады. Сондықтан Алла мен Алла елшісі тарапынан  мені мен сіздер үшін Әли бен Мұса әр-Резаға бият ету уәжіп етілді»,- деді. Содан соң жиналған халық ағысының ерекшеліктері мен қадір-қасиеттерінен хабардар болды. Жиналғандар Ахмадпен бірге имам Резаның (ғ.с.) қасына барып, имамтына бият етуге әзірлік білдірді.  Ахмад бен Мұса шындықты жасырмады. Ол тақуа адам болды. Ол халыққа дұрыс жолға нұсқайтын нұрды көрсетті. Бауырының бұл ақ ниетін көріп, имам Реза (ғ.с.) ол үшін дұға тілеп: «Уа, Ахмад! Шындықты жасырмағаның үшін Алла сені бұл дүние мен ақыретте қорламайды»,- деді.

Ахмад бен Мұсаның велаятты қолдауының келесі белгісі велаяттың кеңістігін қорғауы және көмектесу үшін имам Резаға (ғ.с.) қарай бет алуы болды. Имам Резаның (ғ.с.) ағартушылық жұмыстарының арқасында қате наным-сенімдер мен бұрмаланған ағымдар залалсыздандырылды. Халық күннен күнге шынайы Исламмен көбірек танысатын болды.  Илаһи егемендік таралып, Аббаси халифалары мен олардың заңсыз билігінің шындығы әшкереленді. Өте қу  Мамун халифа мұсылмандардың ашуын азайту үшін хазірет имам Резаны (ғ.с.) тақ мұрагері етті. Ол имам Резаның (ғ.с.) қалауымен санаспай, хазіретті Мединеден Тавусқа (Иранның солтүстік-шығысындағы Мешһед қаласы) көшіріп, тақ мұрагерлікті таңды.

Хазірет Ахмад бен Мұса да хиджри қамаридің 198-203 ж.ж. бауырларының перзенттері, жақындары және 2-3 мың мұсылманмен берге Ирактан Тавусқа жолға шықты. Әр қаладан өткен сайын олардың саны көбейе берді. Кейбір тарихшылар хазірет Ахмад бен Казем серіктерінің санын 15 мыңға жуық болған дейді. Олардың барлығы имам Резаны (ғ.с.) көргісі келді. 

Имам Резаның (ғ.с.) болмысы мен ғылыми және діни деңгейіне қарсы кез келген қастықты ойластырған және сөйте тұра халықтың хазіретке деген махаббатына алаңдаған Мамун имам Резаны (ғ.с.) уландырып өлтірді. Содан соң халықты алдап, аза тұтты. Сол кезде Ахмад бен Мұсаның 15 мың мұсылманмен бірге келе жатқанынан хабардар болды. Ол қорқып, бүкіл қалаларға бұл керуенді тоқтатуды бұйырып: «Хашим әулетінің керуенін көрген кезде оларды тоқтатыңдар. Олар Мединеге қайтсын немесе өлтіріңдер»,- деді.  Сөйтіп Ахмад бен Мұсаның керуені Шираз қаласында қоршауға түседі. Сол кезде Ахмад бен Мұса ағасы имам Резаның (ғ.с.) шәһид болғаны туралы хабарды естиді. Ол өз серіктерін жинап: «Олардың мақсаты – Әли бен Абиталебтің (ғ.с.) перзенттерінің қанын төгу. Қайтқысы келген немесе кететін басқа жолды білетіндерің кете аласындар. Бірақ менің жиһадтан басқа жолым жоқ»,- деді. Ахмад бен Мұсаның бүкіл бауыры мен серіктері онымен бірге қалғысы келетінін жариялады. Ол оларға жақсылық тілеп: «Олай болса, күреске дайындалыңдар»,- деді. Хазірет Ахмад бен Мұса Аббаси әскерімен бірнеше рет соғысты. Аббаси әскерінің  Ахмад бен Мұса және оның серіктерімен бетпе-бет келетін күші болмады. Сондықтан олар айламен Ахмад бен Мұсаны өлтірді. Оның серіктері шәһид болды, тірі қалғандары қашты. Бірақ кейін оларды Иранның әртүрлі аймақтарында  Аббасидің нөкерлері өлтірді. Олар залым әрі кекшіл болғандықтан тіпті «Шаһчерағ» деп танымал болған Ахмад бен Мұсаның мәйітіне қоқыс тастады. Соның салдарынан хазіреттің пәк мәйіті тек бірнеше жылдан кейін ғана табылды. Содан соң жерленіп, үстіне қасиетті кесене салынып, бұл жерлерге періштелер түсіп, зияратшылар жиналатын жерге айналды.