Ибраһимге сәлем!
(last modified Mon, 19 Jul 2021 18:05:04 GMT )
Шіл 20, 2021 00:05 Asia/Almaty

(Құрбан айтқа арналған) Әуел баста Құдайға берген уағдамызға берік екенімізді білдіру үшін қажылыққа барамыз.

Әуел баста Құдайға берген уағдамызға берік екенімізді білдіру үшін қажылыққа барамыз. Исламның ұлық пайғамбары мен оның адамзатты құтқару үшін әкелген әдемі әрі толық рәсіміне беріктігімізді тағы да растау үшін қажылыққа барамыз. Өмір сүру тәсілін үйреніп, тәкаппарлық, екіжүзділік пен дүниеқоңыздықтан арыламыз. Қажылықта жан дүниемізді әлсіздік, күдік пен имансыздықтан тазартамыз, ал сырттай басқалармен бірігіп, мықты бірауыздылық тудырамыз. Бірақ осы сапарда бәрінен бұрын жүректі материалдық дүниелерге тәуелділіктен арылтуымыз керектігіне баса назар аударуымыз керек. Жүректі шаң-тозаңнан тазартып, барлық істе бір Құдайға сенім артуды үйреніміз керек. Осы жолда құрбандық шаламыз. «Құрбандық» дегеніміз Құдайға жақындауға жәрдемдесетін құрал. Құрал ғибадат болуы мүмкін. Намаз, ораза және қажылық бола алады. Қой мен басқа да жануарлар немесе Алла жолындағы садақа да құрбандық құралы бола алады.

Бүгін – Құрбан айт. Дүниежүзілік қажылық рәсімдерінің коронавирус эпидемиясы салдарынан шектеулі қалыпта өтіп жатқанына екі жыл болды. Бұған қарамастан Құрбан айт қажылыққа барғандар мен бармағандар үшін шаттық пен қуанышқа толы күн болады.

Зихадже айының осы күні зияратшылар құрбан шалу арқылы зор шаттық пен қуанышқа бөленеді. Джамаратта ішкі және сыртқы шайтандармен күресіп, оларға тас атқандар терең тәуекел мен үмітке толы жүрекпен Қағбаға қарай асығады. Адамдар Әл-Харам мешітінде орналасқан қарапайым да кішкентай үйді теңіз толқынындай айнала қозғалады. Қағба – бірлік орталығы әрі ғашықтық пен құлшылықтың орны. Қажылар енді тереңірек түсінікпен  осы тартылыс ошағын қоршап алып, сүйіспеншілікпен оны тәуіп етеді. Олар адамды нұрға бастап баратын және жүрегіне сенім ұялататын Құдайға сыйынады. Құрбан айт – қажылық рәсімдерінің шарықтау шыңы, халықтың Құдайға жақындайтын кезеңі. Айт қабыл болсын!
 

Құрбан айт хазірет Ибраһим мен Исмаилдің (ғ.) Алла жолындағы таңғажайып жанпидалығын еске салады. «Саффат» сүресі аяттарына сәйкес, хазірет Ибраһим (ғ.) өз баласын құрбандыққа шалуы тиістігі туралы түс көрген. Ұзақ жыл күтіп, бала сүю қызығына бөленген ол ақыл мен нәпсінің тартысы арасында қалды. Хазірет Ибраһим (ғ.) ақырында нәпсісін жеңіп, өз пейілімен баласын құрбандық шалатын жерге апарды. Әрине мейірбан да хакім Құдайдың мақсаты хазірет Ибраһимді (ғ.) сынау болды. Хазірет бұл сынақтан абыроймен өтті. Тіпті шайтан да өзінің айла-тәсілдерімен осы әке мен баланы шешімдерінен тайдыра алмады. Шайтан Ибраһимді (ғ.) алдауға тырысқан кезде хазірет оны таспен қуды. Зияратшылар осы тарихи сәтке қайта шолу жасайды. Джамаратта Ибраһимді (ғ.) еске алып, оның рөліне кіріп, жаттығады. Осылайша қажылар өздерінің ішкі-сыртқы шайтандарын қуады.

Алланың ұлық елшісі хазірет Ибраһим (ғ.) мен оның ұлы Исмаил (ғ.) құлшылықтың ең жоғары сатысы, яғни Алла алдында толық бас иіп, жанпида етуді көрсетті. Сол себепті Ибраһим (ғ.) өз ұлының бетін жерге қойып, бауыздайын деген кезде Құдай адамның орны мен қадір-қасиетін жоғарылатып, Исмаилдің (ғ.) орнына қойды құрбандыққа жіберіп: «Біз, оған: “Әй Ыбырайым!”,- деп, дыбыстадық. “Рас түсіңді шынға шығардың. Күдіксіз ізгі іс істегендерді осылайша сынаймыз” (дедік). Шын мәнінде Бұл бір ашық сынау еді. Оны ірі бір құрбандыққа ауыстырдық. Кейінгі нәсілдерде, оған (жақсы даңқ) қалдырдық. Ыбырайым (Ғ.С) ға сәлем.) Рас, ізгі істер істеушілерді осылайша сыйлыққа бөлейміз.  Өйткені ол, сенген құлдарымыздан еді»,-деді («Саффат» сүресі, 104-111 аяттар).

Иранның ұлы ақыны Сағди осы жайлы былай деп жазды: «Бір күні Баязид Бостами оңашада ғибадат етіп отырып, жалынып-жалбарынып: «Ей, Құдай! Қашанғы сенен жырақта жүремін? Мені қашан өзіңмен қосылуға шақырасың?»,-депті. Сонда оған аян беріліп: «Баязид! Әлі күнге дейін сен «меніңнен» айырылмағансың. Егер маған жеткің келсе, өзіңді және нәпсілік тілектеріңді ұмытуың керек»,-деген екен».

Басқа сөзбен айтқанда Құдайдың ұлылығына лайықты нәрсе – менмендік пен өркөкіректіктен арылу және кешірім мен жанпидалық арқылы Жаратушыны қуанту. Әрине адамдардың тәуелділік деңгейі әрқилы. Кейбіреулер ақша пен байлыққа ғашық. Басқалар тек әлеуметтік орын мен мансап туралы ойлайды. Тағы бір топ басқаларға үстемдік еткісі келеді. Мұнда әрбір адам өзінің Исмаилі кім екенін көруі керек. Не нәрсе оны шынжырлап тоқтатып, алға қадам басқызбай отырғанын анықтауы қажет. Немесе ең қадірлі адамды және оның кемел адам шыңына жетуіне кедергі болып тұрған махаббатты құрбандыққа шалу сұралады.

Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Құрбан айттың хикметтері туралы: «Құрбан айтта Аллаға деген зор алғыс жасырынған. Хақ таңдаған пайғамбарлардың бірі – сол күні құрбандық шалған хазірет Ибраһим (ғ.)»,-деді. Өз жаныңды құрбандыққа шалудан жоғары нәрсе – қадірліңді құрбандыққа шалу. Ол Алланың жолында өз қолымен қадірлісін құрбандыққа шалмақ болды. Алла тағала ұзақ күттіріп, қартайған шағында берген жас баласын құрбандыққа беру керек болды. Алла тағала ғұмыр бойғы ынтызарлық пен құштарлықтан кейін қартайған шағында Ибраһимге(ғ.) екі ұл Исмаил мен Ықыласты берді. Бұдан кейін басқа бала сүюге үміті де жоқ еді. Бұл құрбандық пен жанпидалық – ақиқат жолын, жоғары дәрежелерге көтерілу жолын жүріп өтуді қалайтын мүміндер үшін бір символ. Қиюсыз болмайды. Шын мәнінде біздің басымыздан өтетін барлық сынақтардың басты негізі – осы. Бір құрбандық пен бір қию болады. Кейде жан қию керек болады, кейде мал-мүлік. Кейде бір кісінің бір сөзін кешіру керек болады. Әлгі адам қырсықтықпен айтуы мүмкін. Кейде қадірлілеріңді қию керек болады. Балалар, адамдар. Сынақ – махаббат даласынан өту. Бір адам немесе ұлтқа бір қиыншылық пен тауқымет беріледі. Қиындықтан өту – сынақ. Егер өте алса, көздеген мақсатқа жетеді. Егер өз бойындағы дарынын көрсете алмаса, нәпсісін жеңе алмаса, қалып қояды. Бұл да сынақ.

Құрбан айт – қажылық рәсімдерін орындап, Құдайға жақындау үшін берілген соңғы әдемі рәсім. Осы кезеңде қажылар «Қажылық ғибадатын дұрыс орындай алдым ба, жоқ па? Бұл мен үшін шынайы айт па?» деп үміт пен күдікке бой алдырып, ойланады. Исламдағы айттар ерекше мән-мағынаға ие. Мұнымен қоса, адамдарға рухани шаттық сыйлайды. Бүгін – парызды орындап, Құдайға жақындауды көздеген адамдардың қуанатын күні. Құрбан айт –  мүміндердің ғибадат жасап, Құдайға жақындай түсуіне берілген өте жақсы мүмкіндік. Дұғалар кітаптарында осы ұлы күннің маңыздылығы пен пайдасы баяндалуымен қоса, осы күнде атқарылатын көптеген амалдар айтылған.  Бұл күні атқарылатын амалдардың бірі – ғұсыл алу. Сонымен қатар Құрбан айт намазын оқу. Бұл намаз ашық аспан астында оқылғаны дұрыс. Бұл күнгі міндетті амалдардың бірі – құрбандық шалып, оның етінен дәм тату.

Тағы да Құрбан айт құтты болсын!