Құранды қорлау – бүкіл құндылықтарға құрметсіздік көрсету
(Швецияда Құранды қорлағандарға наразылық ретінде) Соңғы жылдарда арагідік исламның құндылықтарын қорлау жайттарына куә болдық.
Соңғы жылдар мен онжылдықтарда арагідік исламның құндылықтарын қорлау жайттарына куә болдық. Адамзат баласы өзін басқа кезден өркениеттірек санаған шақта ақымақтық пен азғындық шарықтау шегіне жетті. Өткен бейсенбі күні исламға қарсы «Қатаң курс» атты әсіре оңшыл партияның жетекшісі Расмус Палудан (Rasmus Paludan) жақтастарымен бірге Швецияның қалаларының бірінде өткізген рұқсат етілген жиын барысында Құран кітабын өртеді. Исламға қарсы осы партияның Құран кітабын өртеу бағдарламасы Швецияның бірнеше қаласында полиция күштері мен наразылар арасында қатты қақтығыстардың туындауына себеп болды.
Палудандың келесі жиындары өтуі тиіс болған Швецияның басқа қалалары мұсылмандардың наразылық сахнасына айналып, әлемнің түрлі аймақтарында, әсіресе ислам елдерінде мұсылмандардың ашуы мен жиіркенішін тудырды. Швецияның өзінде болған наразылықтар көптеген материалдық шығын әкелді.
Алайда неге біреулер Құран кітабын өртеуге әуес? Құранды оқыған адамдар оның илаһи уәһимен келген мәңгілік мұғжиза екенін, оның жоғары гуманитарлық принциптер мен таза өмір салтын баяндау үшін исламның ұлық пайғамбарына түсірілгенін біледі. Құранның мақсаты – иманды арттыру, адамның әрекетіне бағыт беру, оған ең әдемі сипаттар мен жоғары ақлақтық қасиеттер беру. Исламның ғасырлар бойғы тарихына шолу жасағанда мынадай ақиқатты көруге болады: Құран Кәрім ғылыми қисын және сындарлы ұғымдарға негізделіп, ақлақтық және практикалық жолнұсқаулар ұсыну арқылы адам өмірі үшін ең толық бағдарлама болып табылады. Құран адам, жаратылыс жүйесі, әлемдегі құбылыстардың бір-бірімен байланысы туралы жалпы сипаттама береді. Қасиетті кітаптағы аяттар ғибадат ету үкімдерімен шектелмейді, салауатты өмір сүрудің жолы мен салты туралы баяндайды. Салауатты қоғам құруға қажетті жеке және әлеуметтік қарым-қатынастар туралы айтады. Билік принциптері мен билеу тәсілі туралы айтады. Адамдар қалайша әділет пен азаттыққа жете алатынын көрсетеді. Бұл екеуі – тарих бойындағы адамзаттың қос арманы. Ақырында дене мен рухқа көңіл аудара отырып, адамның кемелдену жолын көрсетеді. Адам баласы Құранның көмегімен осы дүние мен ақырет туралы көп ақпарат алып, ақиқатты біліп, дами алады. Исламның ұлық пайғамдары (с.ғ.с.): «Құран мен халықтың хикаяты жер мен жаңбырдың хикаятындай. Құдай құрғақ жерге кенеттен жаңбыр жібереді. Жер дүр сілкінеді. Содан соң нөсер жаңбыр жібереді. Жер тағы да дүр сілкініп, түлейді. Сол кезде сайлар мен жылғалардан арындап су ағады. Сол кезде жер түлеп, өсімдіктер өсе бастайды. Құдай адам мен жануарларға қорек болатын нәрселерді жерден шығарады. Құран да өзін қабылдайтын халықты осылай нәрлендіреді»,-деген.
Құранның үні – ғаламдағы Құдайдың дауысы. Ол хабардарлық, азаттық, әділеттік, парасаттық және ақлақ туралы баяндайды. Ойлау және ойлану – Құранның басты жолдауы. Құран ақыл мен қисынды жақтайтын адамдарды мақтайды. Ақыл мен қисыннан бас тартқандарды сынайды. Қарсыларға қисынды қатынас көрсету – осы қасиетті кітаптың айқын ұраны. «Анкәбут» сүресінің 46-аятында былай делінген: «Іштеріндегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар».
Құран Кәрімнің аяттарына сәйкес Құдай бүкіл адамға керемет қасиеттер берген, сондықтан барлық адамға құрметпен қарау керек. Олар мен олардың сенімдеріне тіл тигізуге діни тұрғыдан рұқсат берілмейді, ақыл тұрғысынан да айыпталады. Құранда ешкімнің мұсылман еместерге тіл тигізуге құқығы жоқ. Құран қорлау, тіл тигізу және келекелеу емес, жағымды тілмен шақыруды жетекшілік жолы деп санайды. Құрандағы қисын бойынша бір топ адамның ғибадат етіп, жалынып-жалбарынып жатқан кез келген жері құрметті саналады. Мешіт, ғибадатхана және шіркеу болса да. Мұсылмандарға тіпті мүшріктердің рәсімдеріне тіл тигізуге тыйым салынған. Құранның айтуынша, тіпті басқа құдайларға да тіл тигізуге болмайды. Өйткені басқалардың құндылықтарына құрметсіздік көрсету исламның құндылықтарына да тіл тигізуге әкеліп соқтыруы мүмкін. «Әнам» сүресінің 108-аятында былай делінген: «Олардың Алладан өзге сыйынғандарын боқтамаңдар. Олар білмей шектен шығып Аллаға тіл тигізеді».
Енді мынадай сауал туындайды: Неге арагідік біреулер соқыр сенімге сүйеніп, ерікті түрде және асқан дөрекілікпен баршаны ғылыми күреске шақыратын қисынды кітапқа мұндай құрметсіздік көрсетеді? Сөз бостандығы деген сылтаумен оларға ғибрат болар шынайы қатынас көрсетілмейді. Құран кітабын өртеу қорлаудан басқа бірдеңе бола ала ма?
Еуропа мен АҚШ-та бұл сценарийдің қайталануы ынсапты ғалымдарды алаңдатты. Батыс қазір қайда барады? Бейбітшілік пен тату тіршілікке шақыратын дін Исламның таралуы соншалықты қорқынышты ма? Үстемшілдер ислам дінінің рухани және ақлақтық құндылықтарына шабуыл жасап, исламға қарсы саясат жүргізетіндей не болды? Қазіргі заманда бұл илаһи діннің жылдам таралып, дамып жатқанын теріске шығаруға болмайды. Қарсылар қисынды дәлелдер арқылы әлемнің түрлі халықтары, соның ішінде Батыс жұрты арасында исламның тез таралуына тосқауыл қоя алмады. Нәтижесінде қоқан-лоқы жасап, келекелеуге кірісті. Бірақ шындық мынада: кек қуған және ақылсыз қатынастар бір жағынан исламдық оянуға көмектесті. Қазіргі таңда ислам әлемінде тамыры терең әрекет басталды. Осы қозғалыс қолайлы уақытта ислам үмбетінің қайта жанданып, абыроймен тәуелсіздік алуына себеп болады деп үміттенеміз.
Басқа жағынан исламға қарсы әрекеттер көбейген кезде адамдардың бұл дінге қызығушылығы арта түсетіні жасырын емес. Францияның Charlie Hebdo басылымы адамзаттың ұлы жолнұсқаушысы Ислам пайғамбарын нысанаға алып, оның тұлғасына тіл тигізе бастаған кезде осы теңдессіз тұлғаны тануға қызығушылық артты. Көп адамдар Жер планетасында ең сәтті діни қозғалыс жасай алған пайғамбардың не үшін құрметтелетінін түсінді. Бұл адамзат баласы үшін құт-берекенің үлкен бастауы екенін ұқты. Ислам пайғамбары адамзатқа қисынды азаттық рәсімдері мен адамдардың шынайы құқықтарын көрсетті. Пайғамбардың тағылымдары арқасында қоғамда теңдік, бауырластық пен шындық теңсіздік, ақсүйектік пен таптық өмірдің орнын басты. Қазіргі таңда адам құқығы, теңдік, бауырластық, әділеттік пен демократия сияқты көптеген ұғымдар пайғамдардың халықты исламға шақыра сөйлегенде айтқан алғашқы сөздері болды. Бұл түсініктер бірнеше ғасырдан соң адамзат үшін қасиетті ұғымдарға айналды.
Алайда Батыс елдерінде сөз бостандығы ұраны исламның құндылықтарына қарсы тіл тигізу мен қоқан-лоққы жасауға сылтау ғана. Швецияның оңтүстігіндегі полиция басқармасының баспасөз хатшысы Ким Хильд осыдан бұрынырақ «Осы елдің оңтүстігіндегі Лендскорн қаласында оңшыл партиялар жоспарлаған шерулерге берілген рұқсаттың күші жойылмайды. Өйткені менің ойымша бұл елде төзімділік деңгейі жоғары. Швеция полициясы сөз бостандығына зор баға береді» деген болатын.
Бұл сөздер жеке адамның бостандығын абсолютті түрде әрі ешқандай шартсыз қабылдайтын ешбір саяси жүйе жоқ жағдайда айтылып отыр. Сөз бостандығы бір адами хақ әрі құндылық саналғанымен абсолютті құндылық әрі шартсыз хақ болып саналмайды. Сөз бостандығы деген сылтаумен қоғамдағы басқалардың абыройы, денсаулығы, психикалық қауіпсіздігіне шабуыл жасап, әлеуметтік кеңістікті жеке және мардымсыз есеп айырысулар алаңына айналдыруға жол бермеу керек.
Адам құқығы декларациясының 4-ші бабында бостандық жайлы сипаттамада былай делінген: бостандық дегеніміз басқаларға зиян тигібейтін амалдарды жасай алу қабілеті. Францияның Адам құқығы декларациясының мәтінінде де бостандық заңмен шектелген. 1969 жылы қараша айында бекітілген Адам құқығы конвенциясының 13-бабында ой және сөз бостандығын қолдағанымен оны абсолютті деп санамайды. Қоғамдық жүйе, ақлақтық нормалар мен адамның абыройына қол сұққан жағдайда оны шектейді. Сондықтан Батыстың халықаралық заңдарында да сөз бостандығы мына нәрсемен шектеледі: сөз бостандығы адамдардың құқығы мен абыройы және қоғамдағы ақлақтық нормаларға құрметпен қарауға қайшы келмеуі керек.
Әрине бұл заңдар Батыс елдерінің көбінде орындалмайды. Батыста сөз бостандығына қатысты екіқырлы және екіжүзді қатынастардың айқындығы соншалықты, осы уақытқа дейін бұл жағдай сан рет әлемнің діни және саяси тұлғаларының реакциясына ұшырады. АҚШ-та біржыныстылардың туын өртегендерді түрмеге қамау үшін қатаң заңның болуы, Холокостты сынайтын өнер және медиа туындылардың өндірілуі мен таралуының алдын алу, Холокостқа қарсы тележүргізушілер мен тілшілерді жұмыстан шығару, әлеуметтік желілерде шәһид Солейманидің суреттерін жариялаған парақшаларды өшіру және осыған ұқсас жүздеген жағдай мынадай ойды нығайта түседі: Батыста сөз бостандығы тек бір жарым миллиард мұсылманның құндылықтарына тіл тигізіп, қорлау үшін ғана керек.
Ирландияның танымал жазушысы Джордж Бернард Шоу АҚШ-тағы Азаттық ескерткішін көріп, осы елде жерленген бостандыққа тоқталып: «Азаттық ескерткіші тек АҚШ-та бар. Басқа жерде жоқ. Өйткені халық әдетте тек өлгендерге ескерткіш қояды»,-деген.
Бүгінде оның бұл сөзін Батыс елдерінің барлығына қолдануға болады.