Қаз 08, 2022 07:54 Asia/Almaty
  • Бірлік апталығы – 2022: Бірлік апталығы  мейірім және рақым пайғамбарының дүниеге келгенін еске түсіреді

Сүннит мұсылмандар раби ал-аууал айының он екісін, шиіт мұсылмандар осы айдың он жетінші жұлдызын Исламның ұлық пайғамбарының туған күні санайды. Осы екі күннің аралығы "Бірлік апталығы" деп аталды.

Бұл күндері қасиетті Құран Кәрімнің біріктіруші аяттарынан шабыттанған және Алланың соңғы елшісі, пайғамбар және Алланың таңдаулысы хазірет Мұхаммадқа (с.ғ.с.) еліктеген барша мұсылмандарға бірлік жолына түсіп, бір-біріне бауырмалдық танытып, әлемдік біртұтастығын көрсету үшін қолайлы мүмкіндік туды. Исламның сүйікті пайғамбарының туған күні келуімен бірге Иран мен Ислам әлемінде  «Бірлік апталығы» аталып өтілуде. Мұсылман ойшылдарының мақсаты – әлем мұсылмандарының твцуһид пен Исламның ұлық пайғамбарының ұлы тұлғасы төңірегінде бірігуі. Мұсылмандар Ислам әлемі күшті одақпен өркендеу мен мақтанышқа жетуі үшін ардақты Пайғамбардың (с.ғ.с.) мүбәрәк болмысының көлеңкесінде бірігуге талпынуда.

«Бірлік апталығы» құтты болсын!

 

Исламның асыл пайғамбары хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның ұлы мұғжизасы Құран әртүрлі тарихи кезеңдердегі мұсылмандар арасындағы ең үлкен байланыс және олардың бірлігінің қайнар көзі болды. Мұсылмандардың бұл мүбәрәк болмысқа сенімі мен   сүйіспеншілігіне байланысты  Пайғамбар (с.ғ.с.) олардың барлық сезімдері мен пікірлерінің орталығы болып табылады. Негізінде, бұл тартымды орталық мұсылман жүректері мен исламдық мәзһабтардың бір-біріне жақын болуының бір себебі.

Ол дүниеге келгенде оның атын Мұхаммад (с.ғ.с.) қойды, яғни мақтау, ұнату деген мағынаны білдіреді. Ол дүниеге келгенге дейін ешкім бұл есіммен аталмаған еді. Оның иесі сияқты бұл есімді Алла Тағала таңдаған, ол туралы бұрынғы илаһи кітаптарда хабарланған,  қазір де Мұхаммадтың (с.ғ.с.) есімін естімеген адам жоқ. Өйткені бұл қасиетті есімді бұл асыл тұлғаның миссиясына сүйіспеншілікпен, сеніммен куәлік ететін бір жарым миллиардтан астам мұсылман мақтан тұтады. Олар оның діні аясында бір-бірімен тату, бауырмал, адами құндылықтарды ұстанып, таухид туын желбіретеді.

Ислам дінін зерттеген адамдар Исламның пайда болуының басында   қарқынды дамуы мұсылмандардың бірлігі мен жанашырлығына және Алла елшісінің (с.ғ.с.) қатысуына байланысты екенін біледі. Бұл мәселе исламның басында маңызды болғаны сонша, зерттеушілер оны исламның ықпал ету себептерінің бірі деп санады. Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамдарды  бірдей санап, оларға мейірімі мен махаббатын білдірді. Исламды дін етіп таңдаған түрлі тайпалар иманы аясында топтасып, Пайғамбардың (с.ғ.с.)  жақтастарына айналды.

Ағылшын ойшылы Джон Дэвенпорт өзінің «Мұхаммад пен Құранның алдында кешірім сұрау» кітабында: «Мұхаммад оның  жүзі мен көздеріне жұрттың бәрі тәнті болатын, оның қоғамдық мінез-құлқы бай мен кедейге бірдей  адам болды. Мұхаммад өз жеріндегі шашыраңқы және шағын тайпаларды біртұтас қоғамға айналдырып, оларды әлем халқына жаңа  қадір-қасиеттерімен таныстырды. Мұхаммадтың діні үздіксіз соғыс пен тартыстың орнына жанға мейірімділік пен қайырымдылықты сіңіріп, осы себепті өркениеттерге терең әсер қалдырды»,- деп жазды.

 

Мұхаммад пайғамбардың (с.ғ.с.) мұсылмандардан ең басты өтініші бірге болу деп айтуға болады. Өйткені бөліну салдары соншалықты зиянды болғандықтан, Ислам дұшпандары тұтандырған Ислам үмбетінің арасында қайшылықтар тудырып, Ислам әлемінде әлсіздік  пайда болғанын талай рет байқадық. Сондай-ақ біріктің болмауынан мұсылмандардың дұшпандары көптеген ислам елдерін саяси, тіпті әскери бақылауға алып, олардың байлығын  тонауға мүмкіндік алды.

Исламның мәтінінде біріктіретін көптеген факторлар бар, олардың ең маңыздыларының бірі сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с.) болып табылады. Барлық мұсылмандар оны Алланың соңғы елшісі және құтқарылу мен амандықтың кемел үлгісі деп санайды. Сондықтан қазіргі шиеленіс дәуірінде ислам әлемінің бірлігінің осі ретінде мұсылмандардың, әсіресе ислам мемлекеттерінің Алла елшісіне (с.ғ.с.) назар аударуы қажет екендігі қуатталды. "Әнфал" сүресінің 46-шы аятында: "Аллаға және оның елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар. Әйтпесе үрейде қаласыңдар, күш-қуаттарың кетеді. Сабырлы болыңдар. Анығында Алла сабырлылармен бірге»,- деп айтылды.

Мұсылмандар арасында бірлік қажеттті әрі маңызды. Сондықтан Құран Кәрім бірлік туралы   аятында барша мүміндерді илаһи жіптен берік ұстап, бөлінуден аулақ болуға шақырған. «Алланың арқанынан (діннен) бәрің де жабыса ұстаңдар, айрылмаңдар (бөлшектенбеңдер). Алланың берген нығметін еске түсіріп тұрыңдар. Бір кезде сендер бір-біріңмен дұшпан едіңдер, ал Алла жүректеріңді достастырып еді, Алланың нығметімен бір таңда өзара туысқандай болып қалдыңдар...». («Әл-Имран» сүресінің 103-ші аяты). Тәпсіршілердің пікірінше, илаһи жіпке ең жақсы үлгі – ең алдымен Құранның өзі. Сондай-ақ кейбір рауаяттарда Пайғамбар  (с.ғ.с.) Құранды аспан мен жердің арасында созылған илаһи жіп деп сипаттаған. Бұған қоса, Құран мүміндерді араздық пен келіспеушіліктерде Аллаға бет бұруды сұраған. Құран Кәрім бөлінуді өзімшіл рух пен бір-біріне деген өшпенділік деп бағалап, өткен адамдардың бірліктің болмауынан биік мақсаттарына жетуіне кедергі болғанын айтады. Бұл илаһи кітап бірлікті Алланың адамдарды бақытты өмірге жетелейтін   нығметтерінің бірі ретінде атайды.

 

Жалпы шолуда Исламның өрлеу мен құлдырау тарихына көз жүгіртсек, өткендегі Ислам әлемінің ұлылығы мен ілгерілеуі де қақтығыстар мен келіспеушіліктерден аулақ болу және мұсылмандардың ынтымақтастығы көлеңкесінде болды  деген қорытындыға келеміз.  Пайғамбар (с.ғ.с.) заманында мұсылмандар Рим мен Иранның ұлы империяларын жеңе алды. Алла Елшісінің (с.ғ.с.)   асқақ тағылымы аясында әлемде ұлы ислам өркениеті қалыптасып, ой өрісі кеңейді. Шығыстанушылардың мойындауынша, Қайта өрлеу дәуірі ғылыми жетістіктер мен Еуропадағы исламның гүлденуінен мүмкін болды. Медицина әлемінде Ибн Сина әлемге  көсемі ретінде танылды және 700 жылдан кейін де оның 14 томдық  кітабы  әлемнің беделді университеттерінде  рөл атқаруда. Медицина ғылымының атасы Зәкәрия Рази, Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям, Хожа Насир ад-Дин Туси, Ибн Хейсам және Ислам әлемінің көптеген ғалымдары ғылымдардың жаратылуы мен дүниенің ғылыми жүйесінің негізін қалауда маңызды рөл атқарып, ислам өркениетінің даңқын белгіледі. Алгебра Хоразмидің күш-жігерінің туындысы және Алгоритм осы ғалымның атымен аталған. Қазіргі таңда цифрлық кеңістік мұсылман ғалымдарының нөл санын ашуына байланысты.

Ислам өркениетінің бұл беделі мен даңқы ең маңызды жетістігі Ислам елінің қалыптасуы болған Пайғамбарға тиесілі. Әрине, Ислам үмбетінің керуеніне көптеген тарихи факторлар әсер етті. Оған бір кезде крестшілер, бірде моңғолдар шабуыл жасады. Бірақ талай құлдырау мен шарықтауларға қарамастан, мұсылмандар таухид және Пайғамбарға деген сүйіспеншіліктен ажыраған жоқ. Бұл ұстанымдар қазірдің өзінде исламдық қоғамға жаңа келбет беріп, Пайғамбар үмметі үшін өмір мен оянудың жаңа кезеңін ашты. Сарапшылар бір полярлы әлемге қарсы, әлемнің саяси-әскери, тіпті экономикалық салаларында исламның қайта құрылуы туралы айтады. Ұлттардың, тілдердің, түстердің және нәсілдердің әртүрлілігі Ислам үмбетінің шашыраңқы болуына себеп болды. Бірақ батыстық әлеуметтанушы Буркенің айтуынша: «Бұл түрлілік махаббатты өшірмейді». Дағдарыс жағдайында мұсылмандар діни бірлік түрінде ұйымдасатынын талай рет көрсетті.

Жыл сайын «Бірлік апталығы» келгенде мұсылмандардың өткеннің даңқы мен ұлылығына жету үміті күшейіп, талпыныс арта түсуде. Әсіресе, діндер арасындағы диалог пен жақындасудың есігі ашылып, діни ойшылдар мен ғұламалар бірліктің практикалық жолдарын ұстанғалы жатыр. Өйткені Құранда: «Аллаға бірге құлшылық етіңдер, бөлінбеңдер», - деген.

Тегтер