Омар Хайяммен бірер мезет
(last modified Wed, 17 May 2023 15:49:45 GMT )
Maм 17, 2023 21:49 Asia/Almaty
  • Омар Хайяммен бірер мезет

Ирандық ойшыл Омар Хайямды ұлықтау күніне арналған

975 жылға артқа қайтыңыздар, 1048 жыл! Иран, Нишапур! Қазіргі Иранның солтүстік-шығысында Селжұқтар әулеті билік құрып тұрған. Бұл жылы Ғиаседдин есімді бала дүниеге келді. Бала жүздеген жылдардан кейін Иранда ғана емес, әлемде танылып, NASA оның құрметіне Айдағы бір жанартауды және аспандағы бір денені "Omar Khayyam-3095" деп атады.

Бұл зерек те тәкаппар баланың өмірі жайлы мағлұмат басқа ирандық танымал тұлғаларға қарағанда аз. Хайям сол замандағы ғалымдардың ішінде Ибн Синаға қатты қызыққан. Кейбіреулердің айтуынша, ол Ибн Синаның шәкірті болған. Бірақ бұған сену қиын. Қалай болғанда да, ол Ибн Синаны қатты жақсы көріп, біраз уақыт бойы оның кітаптарын оқыған. Хайямның ең маңызды қасиеттерінің бірі: өмір бойында қандай іске кіріссе де, оны кемел деңгейіне дейін меңгерген. Ол үздік математик те болған, астрономия ғылымын да терең меңгерген, ақын мен сопы да болған.

Бұл кезде Ғазнавилер әулеті Иранда биліктен кетіп, оның орнына Селжұқтар әулеті келген еді.

Селжұқтар 1040-1256 жылдар аралығында Иранның ауқымды бөлігі, Дамаск пен Орта Азияны басқарған. Хайям екі патша, яғни Алып Арсылан мен оның ұлы Малекшахтың кезінде өмір сүрген. Бұл осы әулеттің даңқы асып тұрған кез болатын. Селжұқтардың астанасы басында Нишапур қаласында болған. Бүкіл қала халқы Хайямды танитын. Хайямның қожа Низам ул-Мүлк деген досы болған. Ол саясат пен ел басқаруда өте білгір адам еді. Ол лайықты болғандықтан Алып Арсыланның сарайына бас уәзір болып тағайындалған, патшаның ұлы Малекшахқа дәріс берген. Кейін оның да уәзірі болып қызмет атқарды. Мәдениет пен әдебиетке жақын болған Малекшах ойшылдар мен әдебиетшілерге жақсы қараған. Оларға жоғары жалақы төлеп отырған. Хайям да осы жомарттықтан кенде қалмаған. Жылына 10 мың алтын тиын жалақы алып отырған. Сол себепті күнделікті ішім-жем туралы ойламай, түрлі мәселелер жөнінде терең ойлануға мүмкіндік алған.   

Математикаға қызығатындар Омар Хайямды жақсы таниды. Математиктер 11-12 ғасырларды, яғни Хайям өмір сүрген кезді "Хайям ғасыры" деп атайды. Ол бірінші рет үш белгісіздігі бар есептерді шешудің тәсілін ұсынды және биномдық кеңею коэфициенттерін анықтады. Сол себепті университет кітаптарының көбінде биномдар "Хайям-Ньютон" биномдары деп аталады. ЮНЕСКО ғылымдар тарихы мамандарына сүйеніп, Хайямды орта ғасырдағы ең ірі математиктердің бірі деп атады. Оның еңбектері көбіне араб тілі, яғни сол замандағы ислам әлемінің ғылым тілімен жазылған.  

Хайямның ең танымал кітаптарының бірі – үшінші дәрежелі есептерге қатысты еңбегі. Ол араб тілінде жазылған. Хайям бұл еңбегін қожа Низам ул-Мүлкке арнап жазған.

Уилл Дюрант (Will Durant) Хайямның осы кітабы туралы: "Бұл кітап – орта ғасырдағы адамзат математикасына қатысты теңдессіз еңбек",-деген. Ол дұрыс айтады, бірақ көптеген адамның пікірінше, Хайям математика саласында ғана емес, астрономияда да теңдессіз болды.

Айтып өткеніміздей, Хайям өз өмірінің үшінші онжылдығында жазған кітабын досы қожа Низам ул-Мүлкке арнады. Қожа Хайямды Исфаханға шақырған. Исфахан Малекшахтың билігі кезінде Селжұқтардың астанасы болған. Қожа Низам ул-Мүлк бұрынғыдай патша сарайының уәзірі болған. Шын мәнінде уәзір Хайямды Исфаханға күнтізбені түзетуге көмектесуге шақырған. Өйткені Айдың айналуымен есептелген ескі күнтізбе салық жинайтын кезде және Наурыз сияқты рәсімдер өткізетін кезде  билеушілерге біршама қиындық тудырған.

Хайям шақыруды қабылдап, Исфаханға барған. Ол басқа ирандық математиктердің көмегімен ирандық күнтізбені түзеп шығады. Олар жұлдыздардың қозғалысын бақылай келіп, Күннің айналымы негізінде күнтізбе жасап шығарған. Күнтізбе "Жалали күнтізбесі" деген атпен танылды. Әлемдегі ең дәл күнтізбеде айлардың ұзақтығы мен жылдың ауысар мезгілі нақты есептелген. Сол кезден бастап ирандық Наурыз көктемнің басымен сәйкестендіріліп, жүйеге түсті.

Диктор

Мәңгілік сырын сен де білмейсің, мен де

Бұл жұмбақтың жауабын сен де білмейсің, мен де

Сен екеуіміз перденің арғы беті туралы сөйлесеміз,

Перде жабылғанда сен де қалмайсың, мен де.

 

اسرار اَزَل را نه تو دانی و نه من

وین حرفِ معمّا نه تو خوانی و نه من

هست از پس پرده گفت‌وگوی من و تو

چون پرده برافتد، نه تو مانی و نه من.

 

There was the Door to which I found no Key

There was the Veil through which I might not see

Some little talk awhile of Me and Thee

There was–and then no more of Thee and Me

 

Хайям поэзия мен әдебиет саласында өте шебер болған. Хайям рубаилары (төрттағандары) – оның поэзия мен әдебиетте қалдырған ең әдемі туындыларының бірі. Хайямның өлеңдері поэтикалық сұлулықпен қоса, терең мағынаға ие. Онда Хайямның философиялық сенімдері баяндалған. Тіпті оны көзі тірісінде "Ходжат ул-Хақ" (Хақтың дәлелі) деп атаған. Ол Иранның басқа ұлы ақындары, соның ішінде Хафиз, Моуланаға керісінше өзі көздеген мән-мазмұнды қарапайым да жеңіл тілмен баяндауға тырысқан.

Әлемде Хайямның аты бір батыстық ақынмен біте қайнасып кеткен. Хайямға қызығатындар кім туралы айтып отырғанымызды біледі. Иә, дұрыс. Оның аты – Эдвард Фицджеральд (Edward FitzGerald). Эдвард 1809 жылы Англияның оңтүстігінде дүниеге келген. Ауқатты отбасы оның Кембридж университетінде оқуына жағдай жасады. Ол ішіп-жем туралы қайғырмай, алаңсыз білім алды. Шығыс тілдеріне қызыққандықтан ол үйренуге парсы тілін таңдаған. Алдымен Сағди, кейін Хафиз және Фердоусимен танысқан. Алайда Хайям рубаиларының бір нұсқасы қолына түскен кезде ол үшін поэзия мен философия есігі ашылды. Ол Хайямның өлеңдерін аударуға бел буды. Фицджеральд 1859 жылы Рубаилар кітабын басып шығарды. Әрине оның аудармасы тікелей аударма емес, Хайямның өлеңдерінен шабыт алып жазылған туындыға ұқсады. Хайямның рубаиларын аударуда жіберілген қателіктерге қарамастан, Эдвард Фицджеральд Еуропа жұртшылығын Хайямның ойларымен таныстыра алды. Тіпті әлемнің ұлы тұлғаларының көбі Хайямға ғашық болдын. Солардың ішінде Авраам Линкольн мен Мартин Лютер Кинг те бар. Бір қызығы, Авраам Линкольн "Мен түнде жатар алдында Хайямның өлеңдерін оқимын" деген екен. Сондай-ақ, Хайям Джек Лондонның "Теңіз қорқауы" романындағы екі кейіпкердің сұхбатының сюжетіне айналған.

 

Хайям салыстырмалы түрде ұзақ ғұмыр кешкенн. Түрлі деректерге сәйкес, 83 жасында Нишапурда көз жұмған. Егер осы ирандық ойшылдың кесенесін зиярат еткіңіз келсе, Иранның солтүстік-шығысындағы Нишапур қаласына барыңыздар. Әдемі кесененің құрылысында Хайям тұлғасының үш қыры, яғни математик, астроном және ақын болғанын жақсылап көрсетуге күш салынған.