Мүбаһеле күні
(last modified Wed, 12 Jul 2023 12:27:16 GMT )
Шіл 12, 2023 18:27 Asia/Almaty
  • Мүбаһеле күні

Пайғамбардың (с.ғ.с.) Мәдинаға хижрат еткеніне тоғыз жылға жуық уақыт өтіп, зилхадже айы соңғы күндеріне жақындап қалды. Меккені Алланың елшісі (с.ғ.с.) мен оның сахабалары жеңіп алып, Ислам діні тарай бастады

Исламның ардақты пайғамбары осы ауыр күндерде үлкен сынаққа тап болды. Бұл күресте өзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін барлық достарын жинап, Алланың дініне көмектесу керек еді. Бірақ мұндай майдан әркімге бұйыра бермейді. Бұл майданға таза иманмен, бір Алланың махаббатына толы жүрегімен,  Аллаға және Пайғамбарына (с.ғ.с.) ең сүйікті және сөзбен дүниені төңкере алатын,  дұғасы қабыл болатын адам қадам басуы керек еді.  

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы салада өзіне көмектесе алатындардың барлығын жинады және барлығының үстіне абасын жауып, аспанға қарап: «Уа, Алла, әрбір пайғамбардың өзі үшін ең ерекше адамдар -  отбасы мүшелері. Уа, Алла, бұл менің отбасым. Ендеше олардан күдік пен күнәны жойып, оларды ең таза адамдар ете гөр»,- деді. Осы кезде уахи періштесі Жәбірейіл түсіп, Пайғамбардың (с.ғ.с.) құлағына Алланың хабарын сыбырлады: «Пайғамбардың үй-іші! Шын мәнінде Алла сендерден арамдықты аулақ қылып, өздеріңді тап-таза қылуды қалайды».

Ақыры, үлкен бетпе-бет келу уақыты келді. Дұшпандар сап түзеп, Пайғамбарыдың (с.ғ.с.) сахабалары мен жауынгерлерімен далаға шығуын күтіп отырды. Бірақ таңғаларлығы, олар алаңға қарапайым киінген екі ер адам, екі бала мен бір әйелдің ғана келгенін көрді. Пайғамбар (с.ғ.с) Раббысының әмірін орындауда қатаң болды. Бұл Жаратушының бұйрығы болды: «Сізбен таласып жатқандарға    балаларымызды, әйелдерімізді, өз өмірімізден де қымбат тұтатындарымызды шақырайық, сосын өтірікшінің абыройын түсіріп, оның әрекетінің жазасын Алладан сұрайық деп айтыңыз». Алланың бұл бұйрығына сәйкес келетін барлығы төрт-ақ адам еді. Екі дүниеде әйелдердің көшбасшысы болған қызы Фатима-Заһра (ғ.с.),  Алла елшісінің сүйікті қызының перзенттері Хасан (ғ.с.) мен Хұсейн (ғ.с.), Ала елшісі өз жанындай санаған хазірет Фатима-Заһраның (ғ.с.) жұбайы Әли ибн Абиталеб (ғ.с.) болды. Бұл төрт адам Пайғамбардың (с.ғ.с.) осыдан бұрын абасының (шапанының) астына жинаған адамдар болатын. Алла елшісі оларды өзінің Әһле Бәйтім деп атап, күнә мен шірктен аулақ болуын тіледі.

Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с.) төрт жақынымен бірге аттаған алаң қылыш пен найзаның,  бетпе-бет ұрыстың алаңы емес еді. Мәдинадан тыс жерде және қаланың күйбең тірлігінен алыс жерде екі жақ та дұға етіп, Алладан әділетсіз талап пен жалған сенімдерді жоюды сұрауы керек еді. Мұхаммед бен Абдулланың (с.ғ.с.) сөздерінің   және шақырған жолының да ақиқат екенін әркім өз көзімен көруі керек еді. Алаңда осы бес адамның алдынан сапқа тұрғандарды кәпірлер, Алланы жоққа шығарушылар деп ойлайтын шығарсыздар, бірақ олай емес, тарихқа қарағанда, олар Наджран христиандар. Наджран Хижаздың оңтүстігіндегі жасыл аймақ болды және оның халқы ерте заманнан бері христиан дінін қабылдаған. Алыс елдерге хат жолдап, халықтар мен патшаларды Исламға шақырғандай, Пайғамбар (с.ғ.с.) Наджран христиандарына да хат жазған: «Ибрахимның, Исқақ пен Яқұбтың Құдайының атымен. (Бұл хат) Алланың пайғамбары Мұхаммадтан (с.ғ.с.) Наджран епископына. Ибрахимның, Исқақ пен Яқұбтың Құдайын мадақтаймын. Мен сендерді  құлдарға  құлшылық етуден  Аллаға құлшылық етуге шақырамын. Мен сені Жаратушының құлдарының билігінен кетіп, Алланың билігіне кіруге шақырамын. Егер менің шақыруымды қабылдамасаңдар, (кем дегенде) Ислам үкіметіне салық (джезие) төлеулерің керек.  Осы сомадан сендердің жаныңыз бен мал-мүлкіңіз қорғау үшін жұмсалады. Олай болмаса, сендердің қауіп-қатермен кезігетіндерінді ескертемін».

Осы хаттан кейін Наджранның алпыс ақсақалы мен ғұламалары Ислам пайғамбарымен кездесіп, келіссөздер жүргізу үшін Мәдинаға аттанды. Бұған дейін де наджрандықтардың бір тобы Ислам пайғамбарымен (с.ғ.с.) кездесіп, хазіреттің сөздерін естіген. Олар оның сипаттары мен хабарын Тәурат пен Інжілде өздеріне уәде етілгенге сәйкес деп тапқандықтан,  Исламды қабылдап, Пайғамбардың (с.ғ.с.) шыншылдығына куәлік етті. Бірақ 60 адамнан тұратын бұл топ Мұхаммед ибн Абдулланың (с.ғ.с.) бұрынғылар уәде еткен пайғамбар екенін білсе де, Исламды қабылдауға ниет білдірмеді. Олар айтысуға, мақтануға және өздерінің артықшылығын дәлелдеуге келді. Мәдинаға жақындаған кезде олар сәнді киімдер киіп, алтын әшекейлермен әшекейленді, тіпті мәдиналықтардың санасына өздерінің артықшылығын сіңіру үшін ер-тоқымдары мен тізгіндерін безендірді. Олар бір ауыз сөз айтпай, өз басымдықтарын мәдиналықтардың санасына сіңіргілері келгендей болды. Оның ниетінен хабардар болған Пайғамбар (с.ғ.с.) оларды үш күн бойы қабылдамады. Әли ибн Әби Талибтің (ғ.с.) кеңесімен олар өздерін басқалардан артық көруден алыстау керектігін түсінді. Содан кейін олар қарапайым киімдерін киіп, мешітке Пайғамбармен (с.ғ.с.) кездесуге барды. Пайғамбар (с.ғ.с.) Наджран тұрғындарының  мақтану мен сән-салтанатын шетке қойғанын көріп, олармен келіссөзге кірісті. Христиандар Ислам пайғамбарынан бұрын жалғыз Тәңірге құлшылық етіп, қайтадан Исламды қабылдаудың қажеті жоқ деп есептеді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендерде Исламның белгілерінің ешқайсысы жоқ, мысалы, сіз шошқа етін жейсіндер және хазірет Исаны  Құдайдың ұлы деп санайсыз, ал Алла жалғыз»,- деді. Христиандар: «Исаның (ғ.с.) әкесі жоқ, сондықтан ол Алланың ұлы болуы керек»,- деді. Осы кезде Пайғамбарға (с.ғ.с.) «Исаның жаратылуы хазірет Адамның жаратылуы сияқты» екенін айту уахи етілді. «Егер хазірет Исаның әкесі болмаса, хазірет Адамның әкесі де, шешесі де болмады. Сондықтан ол Құдайдың баласы болуға лайық. Неге оны Құдайдың ұлы деп санамайсыңдар?» Олардың арасындағы пікірталас ушығып, дауға ұласқан. Сонда наджрандықтардың Исламға мойынсұну ниеті жоқ екенін білген Алла Тағала «Мүбаһиле» аятын түсірді: «Ал Иса (ғ.с.) жайында саған мәлімет келгеннен кейін өзіңнен кім таласса да оларға: «Келіңдер! Балаларымызды, балаларыңды, әйелдерімізді, әйелдеріңді, өздерімізді және өздеріңді шақырып алайық. Сонсоң Алланың лағынеті өтірікшілерге болсын! деп қарғасайық» де». («Әл-Имран» сүресі, 61-ші аят).

Белгіленген күн де ​​келді. Пайғамбарды (с.ғ.с.) қызы, күйеу баласы және немерелерімен бірге көргенде, наджрандықтар бұл алаңның қалатын жер емес екенін түсінді. Олардың басшысы тым көп ойланудан сақтандырып: «Мен көріп отырған мына адамдар Алла Тағала тауды көшірсін деп дұға етсе, міндетті түрде орындалады»,- деді. Наджрандықтар Ислам пайғамбарының шындығын түсінсе де, Исламды қабылдаудан бас тартты. Бірақ олар мүбаһеледен бас тартып,  бітімге келу үшін Пайғамбарға біреуді жіберді. Пайғамбар оларға қатыгездік көрсетпей, аз ғана салықтар мен джезие белгілеу арқылы олармен бітімгершілік орнатқан.

Мүбәһеле күні - үлкен күн. Бұл күні баршаға Ислам мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) ақиқаты ғана дәлелденіп қоймай, «Татхир» аяты арқылы Пайғамбардың Әһле Бәйтінің қасиеті мен артықшылығы да баршаға аян болды және Әли ибн Абуталибтің (ғ.с.) Пайғамбардың жаны сияқты қымбат және қадірлі екенін бәрі білді.

Бұл күні мұсылмандарға ғұсл алу, ораза ұстау және Ғадир күні намазы сияқты намаз оқу сияқты амалдарды орындау ұсынылды. Бұл намаз   екі рәкат және әр рәкатта бір рет «Хамд», 10 рет «Таухид», 10 рет «Аятул курси» және 10 рет «Қадір» сүресі оқылады. Бұл намазды түскі азанға дейін оқу ұсынылады. Бұған қоса, бұл күні кедей-кепшіктерге садақа беру және хазірет Әлиге (ғ.с.) зиярт жасау  мен «Зиярат Джомее» дұғасын оқу насихатталды.