Хафиз – мәңгілік тұлға
(last modified Thu, 12 Oct 2023 13:07:25 GMT )
Қаз 12, 2023 19:07 Asia/Almaty
  • Хафиз – мәңгілік тұлға

20 меһр Иранның күнтізбесінде Хафиз Ширазиді ұлықтау күні деп белгіленген. Назарларыңызға Хафизға арналған бағдарламаны ұсынамыз.

Хафиз кесенесі

 

Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда өмір сүрген танымал ақын Шамседдин Қожа Мұхаммед Хафиз Ширази – ирандықтардың болмыс-бітімі мен терең жадының нышаны. Хафиз – Иран халқының көмескі санасындағы ұжданы әрі ең танымал парсы ақыны. Иран өзінің мерейлі тарихында аты әлемге тараған ұлы сөз шеберлерін көрді. Бірақ олардың ешқайсысы сөзінің өтімділігі, жүректі баурауы және танымалдығы жағынан ұлттық деңгейде болсын, әлемдік деңгейде болсын Хафиздің дәрежесіне жете алмағаны күмәнсіз. Хафиз – жүрекке ең жақын әрі жанашыр өнерпаз. Ол өз оқырманының түсі, нәсілі, мәдениеті мен әлеуметтік тобына қарамастан, жанына отырып, онымен сұхбаттасады. Сол себепті Хафиздің өлеңдер жинағы – Иранда Құран кітабынан кейін ең көп сатылып, оқылған кітап. Бұл кітап көптеген рәсімдерде, соның ішінде Жыл ауысар сәтте және үйлену тойында құтпа оқырда Жеті син (Һәфт син) дастарханы мен мерекелік үстел үстіне қойылатын заттардың бірі саналады. Ирандық жанұялардың басым бөлігінде оның бір нұсқасы табылады.                      

Әлем Хафизді көрнекті тұлғалардың бірі ретінде жақсы таниды. Оның сиқырлы сөздерінің шетелдіктерге де ықпал еткені таңданыс тудырады. Көп адамдар Хафиздің өлеңдерін парсы тілінде оқып, оны жақсырақ түсіну үшін парсы тілін үйренген.

Йоганн Гете (1749-1832) – неміс ақыны, жазушы, сыншы, ұлы ойшыл әрі данышпан. Ол Еуропада Хафизге ғашық болған ең көрнекті тұлғалардың бірі саналады. Гетенің Хафизді жақсы көргені соншалықты, «Шығыс жырлары» атты еңбегінде: «Бұл ғажайып тұлға менің өміріме қадам басқаннан бері жындана бастадым» деген. Ол Хафиздің мұғжиза жасайтын сөздерінің шынайы да текті сұлулығын түсіну үшін парсы тілін үйрену қиындығына көнген. Гете қайтыс болғаннан кейін оның жұмыс үстелінің үстінен бір парақ қағаз табылғаны мәлім. Қағаз бетіне парсы әліппесін жаңа үйренген баланың жазуына ұқсас жазумен Хафиздің мына екі бәйіті жазылған екен:

Қирандылардан артық жер көрмедім,

Ақ басыма қол созса да ғайыптан.

Тілек мені өлтіреді, сенен несін жасырайын.

Шыны пиала, жылы бұрыш пен әдемі жүз.

Ол «Шығыс жырлары» атты кітабында (1819 жылы) Хафиз туралы былай деп жазған: «Ей, Хафиз, сенің сөзің мәңгіліктің өзіндей ұлы. Өйткені оның басы мен соңы жоқ. Сенің ғазалыңның ортасында мәтлә мен мәқтәны (басы мен аяғын) айырып болмайды. Өйткені олардың бәрі сұлулықтың кемеліне жеткен... Хафиз! Мен сенің ғазал жырлау тәсіліңе еліктегім келеді, сен сияқты ұйқас құрғым келеді, өз ғазалымды сен айтқан жайттармен көмкергім келеді».

Неміс тілтанушысы әрі шығыстанушы Фридрих Юнкер де Хафизге құрмет тұрғысынан Гетеден кем емес. Юнкер Хафизге ғашықтығының шыңын былай деп жеткізген: «Көктемнің мына арайлы таңында мен бәрінен бұрын сені ойлаймын. Сені еске аламын. Ей, поэзия әлемінде мәңгіге қалған тұлға! Ей, Шығыстың гүлі! Ей, әлем бағын әдемі әнмен тербеген бұлбұл ақын! Сені еске аламын. Ей, шабыт пен өнердің бастауы! Ей, Хафиз Ширази, сен әлемді өзіңнің аспандық қуаныш қайнарыңмен суарасың».

Жаңа коммунизмнің негізін қалаушы әрі диалектикалық материализмнің теоретигі, Карл Маркстың досы ойшыл Фридрих Энгельстің Хафизге қатысты көңілі мен пікірі қызық та таңқаларлық. Ол бір хатта Марксқа былай деп жазды: «Хафиздің ойын түсінбейінше, әлемде өз ойымызды жүзеге асыра алмаймыз. Сол себепті мен Хафиздің ойларын жақсырақ түсіну үшін  бүгіннен бастап парсы тілін үйренуге кірісемін. Сізге де парсы тілін үйренуге кеңес беремін».

Өткен 600 жылда парсы поэзиясы көгінде көптеген сөз шеберлері пайда болды. Олардың әрқайсысы өзінің ойы мен зауқы деңгейінде  еңбек жазып, парсы әдебиеті мен мәдениеті тарихында із қалдырды. Алайда олардың ешқайсысы Хафиздің деңгейіне жақындай алмады.

Хафиздің жақсы қабылданып, есте сақталуының сыры оның уақыт пен мекеннен тыс жоғары ойларынан басқа ештеңе емес. Хафиз уақыт талғамайды, өйткені оның жолдауы жаһандық сипатта. Мына әлемнің қай жерінде өмір сүріп жатқаның, ақсың ба, қарасың ба, қызылсың ба, сарысың ба, солтүстік пен оңтүстікте, батыс пен шығыста тұрғаның маңызды емес, ол бүкіл әлем халқымен түсіністік, бейбітшілік, достық, сабырлық пен ғашықтық жайлы сөйлеседі. Ол жаныңа отырады да, тілдеседі. Сол себепті оның өлеңдеріне «парсының шекері» деген лақап берілген. Оның өлеңдері көзі тірісінде Бангладеш, Үндістан, Кашмир мен Самарқандқа таралған. Ақын ойы әлі күнге дейін көкте қанат қағып, уақыт пен кеңістіктен өтіп келеді.

Хафиз Ширазидің өлеңімен билейді де еркелейді

Кашмирдің қара көздері мен Самарқандтың түріктері

Кейбіреулер Хафиз өлеңдерінің жақсы қабылданып, мәңгі сақталуының сырына қатысты мынадай пікір білдірді: Хафиздің ойы – оған дейінгі ақындардың ойларының електен өткізіліп, екшелген нұсқасы. Хафиз бұл ойларды өзінің ерекше тілімен баяндап берген.

Әли Дәшти «Хафизден бір нақыш» атты кітабында Хафиздің өлеңдерін Иранның үш ұлы сөз шебері Хайям, Сағди мен Моулавидің ойларының көрінісі деп атады. Оның айтуынша, «Хафиз Хайямның үмітсіздігі, Джалаледдин Мұхаммед Балхидің үміт сыйлар рухы мен Сағдидің лирикаға толы сарынын синтездеп, жаңа әдебиет тудырды. Бұл Хайям да емес, Моулана да, Сағди де емес. Бірақ ол осы үш тұлғадан да айрықша әсер алған. Бірнеше элементтен тұратын металдай, бірақ қасиет пен жалпы әсер тұрғысынан алғашқы элементтерден өзгерек».

Хафиздің өлеңдері өзіне дейінгі және өз кезіндегі әдебиеттен қатты әсер алғаны рас, бірақ шындық мынада: Хафиздің поэзиясында басқа бір құпия мен сиқыр жасырылған. Мұны өткен ақындардың ықпалымен түсіндіруге болмайды. Хафиз – өзінің туған жері мен жалпы адамзаттың рухани мирасының мұрагері. Оның өлеңдерінде Иранның әлеуметтік жағдайы, мәдени ағымдар мен қоғамның ой-пікірі көрініс тапқан және өткен заманнан осы күнге дейінгі адамдардың армандары, қажеттіліктері, қам-қайғысы мен қуанышы жеткізілген.  

Ағылшын жазушысы әрі ақыны Самуэль Джонсон Шекспирді «Заман рухы» деп атаған. Хафизді де «Заман рухы» деп атауға болады. Бірақ ол тек өз заманының ғана емес, ежелгі дәуірден осы күнге дейінгі барлық замандардың рухы.

Шираздағы Хафиз кесенесі

Хафизді басқа ақындардан ерекшелендіріп, Иранның тарихы мен мәдениетіндегі бірегей тұлғалардың бірі ететін нәрсе – оның теңдессіз қиялы мен мән-мазмұн тудыруы, сөздерді тіркестіріп, көркемдеудегі ғажайып қабілеті ғана емес, оның өлеңдерінде бірдей өрілген ой, сезім мен құлшыныс.  Олар бір бағытта қозғалып, ерекше кеңістік тудырған. Әрбір парсытілді адам өзін Хафиз өлеңдеріне үлестес әрі ортақтас санайды.  Осы кеңістікке қатысты болуды сезіну адамдарды жанашырлыққа, тілеулестікке шақырып, Хафизді «әрбір құпияны ашушыға» айналдырды. Бұл жанашырлық пен тілеулестік барлық ғасырларда бәрінен бұрын адамдардың көне тарихи және әлеуметтік қиыншылықтарын баяндағанда байқалады. Оның өлеңдерінде екіжүзділік, әділетсіздік, демагогия, хақты аяқ асты ету, дінді сату, эгоизм, зұлымдық сияқты ондаған дерт аталған.

Кейбір зерттеушілердің сенімінше, «Хафиз – өз заманының айнасы». Бірақ бүгін осы айнадан бір ғасырдың жағдайы мен шындықтарын ғана емес, бүкіл тарих бойындағы және Хафиздан кейінгі замандағы Иран халқының ойы мен рухын көреміз. Хафиздің өлеңдері жер-жаһанға кең таралған қазіргі заманда аяны кеңейтіп, «Хафиздің өлеңдері – барлық замандардағы адамдардың өмір айнасы. Оның өлеңі – ең жоғары шыңнан ең төменгі қорлыққа дейінгі адамның өмір дастаны» деп айтуға болады. Оған аманатқа берілген ғашықтық адамды биікке жетелейді. Ал екіжүзділік пен әділетсіздік – адамдықтың соңы әрі адамның Құдайдан алшақтауының басы.

Хафиз тірі. Ол өз өлеңдері арқылы бізбен сөйлеседі. Хафиздің мәңгі сақталуының сыры оның осы жанашырлығы мен тілеулестігінде. Ол бізбен өмірдің ащылығы мен ауырпашылығы туралы сөйлеседі. Ол бізбен бірге залымдар және екіжүзділермен күреседі. Бізбен бірге әділдікке негізделген жаңа әлемнің жобасын жасауды армандайды.