Наурыз ирандықтармен бірге (5)
(last modified Sun, 31 Mar 2024 14:19:11 GMT )
Нау 31, 2024 20:19 Asia/Almaty
  • Наурыз ирандықтармен бірге (5)

"Наурыз ирандықтармен бірге" атты бағдарламамызда Иранның әзірбайжан ұлтының Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Бүгін – Наурыз мейрамының бесінші күні. Бүгін біз Иранның әзірбайжандары тұратын аймаққа қонаққа барып, осы ұлттың Наурыз кезінде орындайтын әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.

Наурыз – ең көне мейрамдардың бірі. Сондықтан ұлы мейрам Иранның әр өңірінде жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдеріне сәйкес тойланады.

Ирандағы әзірбайжан этносы – текті халық.  Бұл халықтың қасиеттерінің қатарында қонақжайлылық, батылдық, кеңпейілдік, шыншылдық және дінге беріктік бар. Әзірбайжан халқы Шығыс Әзірбайжан, Батыс Әзірбайжан сияқты Иранның солтүстік-батыс облыстарында, сондай-ақ Занджан, Казвин, Теһран және т.б. өңірлерде өмір сүреді. Әзірбайжан тілі Батыс Азиядағы көне ирандық тілдердің отбасына жатады.

Наурыз – әзірбайжан халқының ең үлкен мейрамдарының бірі. Олар мейрамды "Наурыз байрамы" және "Ел байрамы" деп атайды.

Иранның әзірбайжан халқы көне әрі текті мәдениетке ие. Ауыз әдебиетіндегі көптеген салт-дәстүрлер осы аймақтың эпикалық музыкасының еліктірер сазында жатыр. Ежелгі Иранның көне мейрамы саналатын Наурыз Әзірбайжанда айрықша реңк пен иіске ие рәсімдермен тойланады. Әзірбайжан халқы, барлық ирандық этникалық топтар сияқты ирандық мәдениет пен руханияттың көрінісі болып табылатын Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатпен тойлайды. Әзірбайжан аймағының әдет-ғұрыптары өзіндік сұлулыққа ие және өз түрі бойынша бірегей.

Әзербайжанда Наурыз мерекесімен бір мезгілде «Такам гәрдани», «Саячи» және «Шал андази» сияқты әдемі рәсімдер орындалады.  "Текам" немесе «Такам гәрдани» – осы аймақта ғасырлар бойы өмір сүрген әзірбайжандықтардың ежелгі әдет-ғұрыптарымен астасып жатқан Наурыз ғұрыптарының бірі. «Такам гәрдани» – әзірбайжанның көне мәдениетінен бастау алған бай халық әдебиеті мен музыкасының көрінісі. Бұл рәсімде көктемнің келуі ұғымымен тығыз байланысты қызықты қуыршақ қолданылады. Қуыршақ – теке. Ешкі ежелгі Иран мәдениетінде құнарлылық пен туу нышаны болып табылады «Такам» сөзі «Така/теке» және «М» деген екі бөліктен тұрады. Бұл түрік тілінде үнемі отардың басында жүретін, отарды белгілі жайылым жерлерге апаратын мықты теке деген мағынаны білдіреді. «М» да бірінші жақ жекеше тұлғаның иелік есімдігі, ал "такам/текем" шын мәнінде «менің текем» дегенді білдіреді. Текені билететін адамды «текемші» дейді. Ол текем өлеңін ерекше нақышта орындайды. Текем немесе «ешкі қуыршақ» Наурыз мейрамында барқыт немесе қызыл матадан тігіліп, жылтырақтар, қоңыраулар, тиындар және айналармен безендірілген. Қуыршақ жіңішке таяқшаға бекітіліп, ағаш тақтайдың үстіне қойылады. Наурызға бірнеше апта қалғанда текемші текем қуыршағын ұстап, арнайы ән айтып көше аралайды. Ол текем қуыршағының қарнының астындағы таяқ арқылы оны билетіп, текемнің ағаш тақтайға соғуынан үйлесімді ырғақ тудырады. Наурыз бен көктемнің жаршылары текемді қозғалысқа келтіріп, көктем әндерін айтып, «Аюз, Илуз, Хафтуз, Гунуз Мүбәрәк» (Ай, жыл, апта, күніңіз құтты болсын!) сөздерін қайталау арқылы көктем мен Наурыздың келуін хабарлаған. Текемші өлеңдерінде әртүрлі діни және әлеуметтік тақырыптар мен жағдайлар айтылады. Текемші өлеңдерінде көктем мен Наурызды суреттеуден басқа шиіт мазхабының іздерін және мүміндердің әмірі хазірет Әлиге (ғ) мадақты көруге болады.

 

Әзірбайжанның әртүрлі аймақтарында Наурыз мейрамы қарсаңында және көктемнің келуімен бірге өткізілген және кейбір ауылдарда әлі күнге дейін орындалатын ең көне және ең әдемі рәсімдердің бірі – «Саячи» рәсімі. Олар қойылыммен бірге «Сая» деп аталатын тақпақтар мен әндерді орындайды.

Саячилер текемшілер сияқты Наурыздың келгенін қуыршақтармен жарияламайды. Олар халық арасында түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен ән салып, әзіл-ысқақ айтады.

Түрік фольклорында "саячи" құрмет және құрмет білдіруші деген мағынаны білдіреді. Саяшылар/саячилер саяхаттаушы өнерпаздар болғандықтан, табиғи түске боялған киім, кейде жергілікті шопандардың киімін киіп, қолдарына қос таяқ ұстап Наурызға бірнеше апта қалғанда ауылдан ауылға, ауданнан ауданға барып, үй-үйді аралап, қол таяқшаларын соғу арқылы ырғақ тудырып, табиғатты суреттейтін тақпақтар мен әндер айтып, мейірімді Алладан жаңа жылда адамдарға қуанышты күндер, жақсылық пен береке тілейді. Әзірбайжанның наурызхандары жаңа жыл мен табиғат көктемінің хабаршысы болумен қатар, негізі эпикалық хикаяларды жырлап, отансүйгіштікке шақырып, діни және даналық ақыл-кеңестер айтады.

Саяшылар қарапайым да әсем әндерді бәйіттер мен қосшумақтар түрінде айтады. Ал олардың өлеңдерінде үйдегілер мен тыңдармандарға құрмет пен жақсылық тілеу, ауылшаруашылық өнімдерінің мол болуын ойлап бата тілеу, малға деген сүйіспеншілікті білдіру аңғарылады. Олар жақсы дұғалары мен сүйкімді өлеңдері үшін пәтер иелерінен сыйлықтар мен кеңестер алады. Бұл сыйлық бидай, арпа, тәттілер мен жаңғақтар немесе ақша сомасы болуы мүмкін.

 

Көптеген ирандық этникалық топтардың тағы бір ортақ дәстүрі – жыл сайынғы жылдың соңғы сәрсенбісіне қараған түні орындалатын "Шал андази" рәсімі. Бұл рәсім әзірбайжандар тұратын көптеген аймақтарда көне заманнан бері таралған және әлі күнге дейін ауылдарда қолданылады. Бұл өңірлерде жылдың соңғы сәрсенбісіне қараған түні дастарханға жаңғақтар мен тәттілермен бірге пісірілген ақ күріш қойылады. Жасөспірімдер немесе жас жігіттер үйдің төбесіне шығып,  көршінің үйіне шәлі тастап, айт сұрайды. Үй иесі де төбедегі жас жігіт тартсын деп орамалдың бұрышына жаңғақ, тәтті немесе жұмыртқа байлайды. Көптеген ирандық этникалық топтар арасында кездесетін бұл әдет-ғұрып "Шал андази" рәсімі деп аталады.

Барлық ирандық этностар Наурыз мейрамына "Һәфт Син" дастарханын дайындалады. Кейбір этностардың, соның ішінде әзірбайжандардың дастарханы басқалардан ерекшеленеді. Бұл айырмашылықтар да Наурыз мейрамының тартымдылықтарының бірі.

Әзірбайжандар Жаңа жылды «Наурыз байрами», «Ил байрами» сияқты атаулармен атайды. Олар Наурыз мейрамында қонақ бөлмесіне «Байрам софраси» немесе «Ямиш софраси» деп аталатын ақ мата жаяды. Дастархан айналасына қандай қонақ отырса да, үй иесі жақсылап күтеді. Бұл дастархан шын мәнінде бір жағынан қонақ күту үстелі және екінші жағынан "Һәфт син" дастарханы болып табылады. Отбасылар қонақтарды осы дастархан басында қабылдайды. Әдетте ескі және дәстүрлі байрам дастархандарына ноқат, мейіз, бадам және жаңғақ, түрлі-түсті тәттілер, жалбыздан жасалған тәттілер, алма, қолдан жасалған халуа және т.б. қойылады.

Сыйлық беру – Наурыздың тамаша әдет-ғұрыптарының бірі. Әзірбайжандар тұратын аймақтарда халық қыздарына "Байрам Пайи" деп аталатын Наурыз сыйлықтарын өте әдемі рәсіммен ұсынады. Бұл рәсімнің ұзақ тарихы бар.  Бірнеше жүз жыл бұрын әзірбайжандар тұратын аймақтарда аналар Жаңа жыл мерекесіне бір апта қалғанда қыздарына арнап «Байрам пайи» немесе Наурыз айтын дайындаумен айналысады.

Бұл рәсім аясында жас отаудың ата-анасы мыс табақтарға күріш, тауық еті, куку, ғейме, және суға пісірілген ысталған балық сияқты дәстүрлі және жергілікті тағамдар, үй тәттілері мен шоколадтар, мата сияқты сыйлықтар салып, "Байрам Пайи" сыйлығын қызының үйіне жібереді. Кейбір үйлерде бұл рәсім қыз тұрмысқа шыққаннан бірнеше жыл барысында орындалады.

 

Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Келесі бағдарламада Иранның солтүстік-шығысына барып, осы өңір халқының Наурыз мейрамына қатысты әдет-ғұрыптарымен таныстырамыз.