Құдс күні – Палестинаның мазлұм халқын қорғау жолындағы ислам әлемі бірлігінің көрінісі
(last modified Wed, 29 Jun 2016 12:11:00 GMT )
Маусым 29, 2016 18:11 Asia/Almaty
  • Құдс күні – Палестинаның мазлұм халқын қорғау жолындағы ислам әлемі бірлігінің көрінісі

Тарихтағы таухидтік үлкен діндердің бесігі – Палестина мұсылмандар, мәсихи және яһудилер арасындағы ерекше қадір-мәртебесіне байланысты қасиетті өлке саналады.

Бейтулмұқаддас қаласының шарапаты мен қасиеттілігі илаһи діндердің пайда болуымен ұштасқан. Өйткені бұл мекен тарих бойында Құдайдың үлкен елшілері таңдалып, солардың үгіт-насихат жүргізген ошағы әрі бір Аллаға табынатын нұр пайда болған жер. Осы қалада ұлы пайғамбарлардан қалған із оның рухани асқақ мәртебесін аңғартады. Мұсылмандар үшін бұл шарапатты өлке мәртебесінің тамыры терең тарихта жатыр. Бейтулмұқаддас мұсылмандардың алғашқы қыбыласы болды. Пайғамбарлықтың алғашқы 13 жылында Алланың елшісі Меккеде тұрып жатқанда және Мәдинеге қоныс аударғаннан 17 ай кейін хазірет пен мұсылмандар «Әл-Ақса» мешітіне қарап намазға тұрды. Құдыс Мекке мен Мәдинеден кейінгі үшінші қасиетті қала болып табылады. Осы қасиетті мекен имам Әлидің (ғ) айтуынша, әлемдегі төрт жұмақ сарайының (Әл-Харам мешіті, Пайғамбар мешіті, Бейтулмұқаддас мешіті және Кәфе мешіті) бірі болып табылады. «Әл-Ақса» мешіті басқа бір қыры тұрғысынан да мұсылмандар үшін маңызға ие. Ол ардақты пайғамбарымыздың миғражға көтерілуінің қасиеттілігі мен маңызы болып табылады. Жарықтық пайғамбардың миғражы сол жерде орын алды. Хазірет имам Садықтан (ғ): «Әл-Ақса» мешіті ең маңызды ислам мешіттерінің бірі болып табылады. Ол жерде құлшылық жасап, ғибадат етудің сауабы зор», - деген сөз қалған. Алайда осы өлкені талан-таражға салу және жаулап алу хикаясы бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірден бастау алады. Үстемшіл үкіметтердің өздерінің сұм мақсаттары үшін жасаған әрекеттерінің палестиналық бейкүнә әйелдер мен балалардың қырғынға ұшырауы және тыныштығы мен адами құқығының аяққа тапталуынан өзге жемісі болмады. 1917 жылдың қараша айында сол кездегі Британияның үкімет басшысы Артур Джеймс Бальфур «Бальфур декларациясы» деп танымал болған Британиядағы сионист федерациясының төрағасы лорд Ротшильдке жазған хатында Палестина елінде сионист яһудилер үшін мемлекет пен үкімет құруға Британияның келісімін жариялады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін де Британияның сионистердің осы ислам елі Палестинаны біртіндеп басып алуы үшін жол ашылды.

Сионистік режим құрылғаннан кейін 1948 жылы бірнеше араб елі осы режиммен соғысқа кірісті, бірақ сәтсіздікке ұшырады. Ақыр-соңында біртіндеп, кейбір араб үкіметтері сионистік режимге қарсы достық қолын созды. Бүгінде Палестина халқы өздерінің атамекенін қайтарып алу жолындағы күресте жападан жалғыз, демеушісіз қалды.

Алайда 1979 жыл әлем тарихы мен Палестина өзгерістеріндегі жарқын белес болды. Иран ислам революциясы имам Хомейнидің жетекшілігімен жеңіске жетті. Ислам революциясы ешқашан сионистік басқыншы режим және әлемдік үстемшілдермен бітімге келмеді. Осы бағытта революцияның ұлы жетекшісі имам Хомейни жәбірленушілерге болысу және солардың жанынан табылу жөніндегі Құран тағылымдарына сәйкес қадам жасап, сионистік режимнің Құдс және Палестинаны жаулап алуы алдында мұсылмандардың бірлігі мен ынтымақтастығы үшін мүбәрак рамазан айының соңғы жұмасын «Құдс күні» деп атады.

Ол кісі хижри қамари жыл санағы бойынша 1399 жылдың рамазан айындағы (1979 жылдың тамыз айы) өзінің маңызды жолдауында былай деп жариялады: «Мен ұзақ жылдар бойы мұсылмандарға басқыншы Израильдің қатерін құлағдар еткенмін. Мен әлемдегі барлық мұсылмандар мен ислам үкіметтерінен осы басқыншы режим мен оның демеушілерінің қолын қысқарту үшін бірігуге, әлем мұсылмандарын мүбәрак рамазан айының соңғы жұмасын Құдс күні ретінде таңдап, мұсылман халықтың заңды құқығын қолдауда мұсылмандардың халықаралық бірлігін жария етуге шақырамын. Құдай Тағаладан мұсылмандардың кәпірлерді жеңуін сұраймын». Хазірет имамның осы маңызды тарихи шарасы біріншіден, Палестина мәселесін назардан тыс қалдырмау және мұсылмандар мен ислам үкіметтерінің назарын сионизмнің қатеріне аудару болса, екіншіден, кейбір араб үкіметтерінің бітімгершілік қиянаттары алдындағы исламдық көрегенділік пен қайраттылықтан туындаған реакция болып саналады. Ақиқатында имам тарапынан әлемдік Құдс күнінің жария болуы және осы мәселенің өзге ислам елдеріне таратылуы Палестинаны ислам әлемінің ең маңызды мәселелерінің біріне айналдырды. Имам Хомейни: «Құдс күні – әлемдік күн. Бұл тек Құдыспен шектелетін күн емес, жәбірленгендердің үстемшілдермен қарсыласу күні... Құдс күні – езілген ұлттардың тағдыры мәлім болатын күн. Теперіш көріп отырған ұлттар үстемшілдердің алдында бой көрсетуі керек» деп қуаттады. Имам алғашынан-ақ Израильмен күресудің исламдық және наным-сенімдік қырын Палестинадағы жәбірленген ұлтты жұмылдырып, ислам үмбетінің қолдауына ие болу үшін ең тиімді тәсіл деп таныстырып, өзге тәсілдерді ұстануды, соның ішінде араб қауымы мен ұлттық көзқарастарға және исламдық емес тағы басқа кірме идеологияларға иек артуды Құдысты азат ету жолындағы ауытқушылық деп санайтын. Имам Хомейнидің Палестина тақырыбын қуаттауы, осы тақырыпты Иран Ислам Республикасы жүйесі сыртқы саясатының бір діңгегі ретінде қалауы және сондай-ақ, мұсылмандардың Құдыс шәріпті азат ету үшін әлемдік деңгейде талпыныс жасауы оның ислам әлемі үшін ерекше маңыздылығынан туындап отыр.

Сионизм идеясы яһуди діні тағылымдарынан бөлек идея әрі осы аспандық діннен ауытқыған секта болып табылады. Иесі Израиль болып табылатын осы идея отаршылдардың Таяу Шығысқа үстемдік ету және мұсылмандар сапына іріткі салу үшін қолдан жасағаны болып табылады. Имам Хомейни бұл жөнінде былай деді: «Израиль – Батыс және Шығыс отаршыл үкіметтері сыбайластығының өнімі. Бұл режим мұсылман ұлттарды басып-жаншып, отарлау үшін қалыптасты. Бүгінде барлық отаршылдар тарапынан басқыншы режимге қолдау көрсетіліп, демеу жасалуда. Британия мен Америка Израильді әскери және саяси тұрғыдан күшейтіп, аталмыш режимді жойқын қарулармен жабдықтап, оны арабтар мен мұсылмандарға қарсы толассыз шапқыншылыққа айдап салуда». Сионистік режим мұсылмандар арасына іріткі салуға ұмтылу арқылы өзінің Таяу Шығыстағы тіршілігі мен құзырын жалғастыру үшін қауіпсіз мекен жасауды көздеуде. Өйткені осы режим қалыптасқаннан кейін сионизм Таяу Шығыста «Бөліп алып, үстемдік жүргіз» деген отаршылдық көзқарасты күшіне енгізудің құралы болды. Сондықтан бүгінде Таяу Шығыста тәкфирлік күштердің сириялық және ирактық мұсылман бауырларын қалай аяусыз өлтіріп, осы басқыншы режим алдында шынайы тұрғы ұстанбай отырғанына куә болып отырмыз. Осының барлығы тәкфирліктердің қылмыстарының сионизм және әлемдік үстемшілдердің мақсат-мұратымен бағыттас екенін көрсетеді. Осы арада Израиль басқыншы режимінен өзге ешкімнің осы қырғындардан пайда көрмейтіндігі даусыз. Түрлі айғақ-деректер тәкфирлік топтардың сионистік режиммен ынтымақтастық жасап жатқанын аңғартады. Алайда сионистік режимнің Палестинаны жаулаушылығы мен ислам үмбетінің арасына іріткі салуды жалғастыру жолындағы жоспарларын мұсылмандардың бірлігі ғана залалсыздандыра алады. Сондықтан осы режим аракідік күш көрсету үшін Палестинаның бейкүнә халқын бомбалап, оларды зымыранмен атқылайды. Заңсыз режим балалар мен әйелдердің қанын төгумен және өзінің жыртқыш жабайы сипатын көрсетумен күрескерлер мен мұсылман ұлттар арасында үрей-қорқыныш тудыра аламыз деп ойлайды. Осы қырғынның мұсылмандардың қарсыласуы мен қайсарлық рухын ждәне бірлігін күшейтуден өзге нәтижесі болмақ емес. Американың «Таяу Шығыс» зерттеу орталығы «Израильдің ақыр заманы» туралы мәліметінде: «2050 жылы Израиль құриды»,- деп келтірген. Мұсылмандардың бірлігі олардың сионизм мен әлемдік үстемшілдер алдындағы жеңіске жетуінің жалғыз сыры болып табылатындықтан, имам Хомейни өзінің саяси көрегенділігімен әлемдік Құдыс күні бастамасын көтерді. Осы күн мұсылмандар арасындағы бірліктің нығаюына себеп болып отыр. Пәкістандық ойшыл, доктор Парвиз Шәфи былай дейді: «Құдыс күні тек Палестина арманы үшін емес, мұсылман үмбетінің бірлігі үшін ерекше маңызға ие. Имам Хомейни осы күннің негізін қалаған алғашқы кісі болды. Өйткені Құдсты азат ету тақырыбы ислам әлемінің ортақ мәселелерінің бірі болып табылады... Израиль ешқашан бейбітшілік үдерісінің нәтижеге жетуін қаламайды. Сондықтан мұсылмандар үшін қалған жалғыз жол қарсыласу үдерісі болып отыр. Мұсылмандардың осы үдерісте қадамдары нық болса келешекте өздері үшін пайдалы болады».Бірақ биыл Құдс күні мынадай жағдайда өткізіледі. Газадағы езілген халық ауызашар мен сәресін төбелерінен бомба мен оқ жауып отырған жағдайда өткізіп, сәт сайын өздерінің бейкүнә бауырлары мен туыстары және балаларының өлімдеріне куә болып отыр. Осы арада адамзат құқығын қорғаушысымақтар мен көптеген араб үкіметтері Газа халқының қырғынға ұшырап отырғанын байқап отырғанда Газа халқы мұсылмандар мен хабардар жұртшылыққа үміт артып отыр. Биылғы Құдыс күні шеруі және мұсылмандардың бірлігі мен сионистерге деген ашу- ызасын көрсетуінің аймақтағы соңғы оқиғаларға байланысты ерекше маңызға ие екендігі сөзсіз. Сионистік режим құлдырап бара жатқанда мұсылмандардың Құдс күні шеруіне жаппай қатысуы оларға ауыр соққы келтіріп, осы режимнің аймақтық және аймақтан тыс демеушілеріне мұсылман ұлттардың бірлік- ынтымағының кез-келген қару мен бомбадан күштірек екендігін әрі осы жалған режимді құлата алатындығын көрсетеді.