Хазірет Иса (ғ.с.) – бейбітшілік пайғамбары
Бүгін – адамзатқа басқаларға сүйіспеншілікпен қарауды үйреткен әрі қара жер мен шаршаған жандарға рақым жаудырған пайғамбар Иса Мәсіхтің (ғ.с.) мәуліті. Осы күнге орай сіздерге арнайы бағдарламамызды ұсынамыз.
Бейбітшілік пайғамбары әрі Алланың сыйы Мәсіхке сәлем! Адамзатқа басқаларға сүйіспеншілікпен қарау үндеуін жеткізген әрі қара жер мен шаршаған жандарға рақым жаудыртқан Мәсіхке сәлем! Ол келіп, адамзатқа нұр, достық, мейірімділік, тазалық пен шынайылылық сыйлады. Ол кедей, міскін жандарға мейірімді қолын созды. Сол себепті байлар мен үстемшілдер оның дінін тек кедейлердің діні деп санады.
Бейбітшілік пен азаттықтың пайғамбары хазірет Иса Мәсіхтің (ғ.с.) мәуліті құтты болсын!
Исаның (ғ.с.) дүниеге келуі Құранда да айтылған таңғажайып оқиға болды. Хазірет Мәсіх (ғ.с.) жұбайы болмаған Мәриям есімді пәк анадан ғажайып түрде дүниеге келген. Алла Құранда Омранның қызы Мәриям туралы баяндап, оның пәк әрі инабатты бану болғанын айтады. Бұл ардақты бану балалық шағынан дін жолына түсіп, тақуалық және нәпсіні тазарту жолын өткеннен кейін оған аспандық тағамдар ұсынылған рухани дәрежеге жетті.
Мәриям ғибадат етіп, Алламен сырласып жатқан кезде кенеттен қасына Жебірейіл келіп, оған бір ұл баланы дүниеге алып келетінін айтады. Алла Мәриям сүресінің 16-21 аяттарында осы оқиғаға сілтеме жасайды. Хазірет Иса (ғ.с.) Құран Кәрімде есімі даналық және ұлылық сөздерімен бірге аталған және «Алланың сөзі», «Алланың рухы» және «қасиетті рух» сөздерімен даңққа бөленген ұлы пайғамбар болып табылады. Исаның есімі Құранның 45 жерінде келтіріліп, кейбір жерлерінде «Мәсіх» деп аталған.
Анасы Мәриям Аллаға жақындық дәрежесіне жеткен әлемнің таңдаулы әрі пәк бануларының бірі. Сол себепті илаһи періштелердің бірі оған келіп, перзентінің дүниеге келетіні туралы хабар жеткізеді.
Исаның (ғ.с.) әкесіз дүниеге келуі – өзінің кейбір жаратылыстарын себеп-салдарлар заңымен шектемеген Жаратушының құдіретінің белгісі. Кейбіреулер Исаның (ғ.с.) әкесіз дүниеге келуін оның құдай болуының белгісі деп санаса, басқа біреулер оны оның анасын айыптау немесе Мәсіхтің (ғ.с.) болмысына күмән келтіру үшін дәлел етіп алды. Мәсихилердің бір тобы Медине қаласына келіп, пайғамбардың алдына барып, хазірет Исаның (ғ.с.) әкесіз дүниеге келуін оның құдай болуының белгісі деп атады. Сол кезде бір аят түсіп, оларға төмендегідей жауап беріледі: " Шын мәнінде Алла қасында Ғиса (Ғ.С.) ның жағдайы: Өзін топырақтан жаратып, сонсоң «бол» дегенде бола қалған Адам (Ғ.С.) ның жағдайы сияқты" (Ғымран сүресінің 59-шы аяты). Бұл дегеніміз, егер құдай болудың дәлелі әкесіз дүниеге келуі болса, онда әке-шешесіз жаратылған хазірет Адамды да құдай деп атау керек. Алайда ешкім бұлай айтпаған.
Хазірет Иса (ғ.с.) зұлымдыққа толы заманда дүниеге келді. Бұл дәуірде жолдан тайған адамдарды түзетіп, оларды бақытсыздық пен адасушылықтан құтқаратын аспандық жетекшінің қажеттілігі сезінді. Хазірет Иса (ғ.с.) өзінің пайғамбарлығы туралы жариялап, халықты тақуалық, құдайшылық пен ақиқатты талап етуге шақырды. Ол хазірет израильдіктерді құтқарып, олардың ауытқушылықтарының түп-тамырын жою жолында жанпидалық етіп, көп қиындық көрді. Хазірет Иса (ғ.с.) Бейт-ул-Мұқаддастың данышпандарының дәрістеріне қатысып, олардың сөздерін тыңдап, сол жерде ойға бататын. Ол адамдардың оңайшылықпен айтылған сөздерге сеніп, құптайтынын көретін.
Иса (ғ.с.) біртіндеп халықтың арасында өзінің ой-пікірін тарата бастады. Ол ақиқатты баяндау арқылы олармен күресті. Тіпті кейбір дін қызметшілері оның іс-әрекетіне ашу шақырып, оның сұрақтарын естімегендей болатын. Ақырында Иса (ғ.с.) сөйлейін деп аузын аша бергенде барлығы оны тыңдау үшін тына қалатындай дәрежеге жетті. Өздерінің қате наным-сенімдеріне берік болған адамдар үшін жағдай қиындай түсті. Ол уақытқа дейін олардың қате наным-сенімдеріне күмән келтіріп, мағыналы сөздермен олардың алдына түскен ешкім болмаған еді. Осындай жағдайда Иса (ғ.с.) оларға наразылық білдіруден тайынған жоқ. Олардың ашу-ызасы Исаны (ғ.с.) өз тәсілінен бас тартқызбады. Керісінше, Иса (ғ.с.) оларға өзінің сұрақтарын жаудыртып, көптеген дәлелдер келтіру арқылы олардың сөйлеу алаңын шектеді.
Исаға (ғ.с.) Алладан уәхи түсіп, Жаратушы оған Інжілді жіберді. Ол шамамен отыз жасында пайғамбарлыққа жетіп, халықты өзінің сеніміне шақырды. Хазірет яһудилердің теріс жолға түсуінің алдын алып, оларды адасушылықтан құтқаруға талпыныс жасап, олардың арасындағы халал мен харам туралы келіспеушіліктерді шешіп берді. Хазірет Исаның (ғ.с.) пайғамбарлық міндеттерінің бірі өзінен кейін "Ахмед" есімді пайғамбардың, яғни хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) келетіні туралы хабар жеткізу болды. Алла бұл оқиғаны Иса (ғ.с.) пайғамбардың тілімен былай деп баяндайды: "Сол кезде Мәриямның ұлы Иса былай дейді: "Әй, Израиль халқы! Расымен де мен Алланың сіздерге жіберген елшісімін. Тауратты растаймын. Сіздерді менен кейін "Ахмед" есімді пайамбардың келетіні туралы құлақтандырамын".
Иран Ислам революциясының жетекшісі имам Хомейни хазірет Исаның (ғ.с.) жоғарғы орны туралы былай деді: "Ислам хазірет Мәсіхті (ғ.с.) аса құрметтеп, оны ұлы пайғамбар деп санайды. Ол хазірет пен хазірет Мәриямды Құран көп қорғайды. Біз, мұсылмандар, Мәсіхті Алланың ұлы елшісі деп санаймыз. Құран хазірет Мәсіхті ұлы пайғамбар деп атаған...". Имам Хоменйи келес бір сөзінде: "Иса Мәсіхтің (ғ.с.) барлық нәрсесі мұғжиза болды: пәк анадан дүниеге келуі мұғжиза болды; бесікте жатып сөйлегені мұғжиза болды; адамзат үшін бейбітшілік, тазалық пен руханият алып келгені мұғжиза болды. Бейбітшілік пайғамбары Иса Мәсіх (ғ.с.) әлемде бейбітшіліктің орнауын қалады" деді.
Ислам мен оның тағылымдары адамдарды бақытқа жеткізетін соңғы үлгі ретінде басқа аспандық және таухидтік діндер мен илаһи елшілерді қуаттап, барлық адамдарды оларға құрмет көрсетуге шақырады. Алла Тағала Ниса сүресінің 136-шы аятында былай дейді: " Әй, мүміндер! Аллаға, Пайғамбарына және оған түсірген Құранға, сондай-ақ одан бұрынғы түсірген ктіапқа иман келтіріңдер. Ал кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ахирет күніне қарсы шықса, сонда тым ұзақ адасты". Ислам мен мұсылмандар барлық илаһи пайғамбарларды қабылдайды. Осы ұлы адамдардың ахлақи және тәлім-тәрбиелік нұсқаулары күнәлардың жуылуына жеткізетін жолнұсқа іспеттес.
Ирандағы мәсихилер хазірет Мәсіхтің мәулітінің жылдығы күнін мерекелейді. Теһран мен Исфаһан және Табриз сияқты кейбір үлкен қалаларда әсіресе мәсихилер қоныстанған аймақтардың дүкендері, сауда орталықтары мен қонақүйлердің кіреберістерінде қызыл, жасыл және алтын түстес орамалармен қапталған сыйлармен безендірілген шырша ағаштары көзге түседі. Иранның кейбір мәсихилері Иса (ғ.с.) пайғамбардың мәулітін желтоқсан айының жиырма бесі күні, ал жаңа жылды қаңтардың бірі күні мерекелесе, армяндар Иса (ғ.с.) пайғамбардың мәулітін қаңтар алтысында тойлайды.
Ирандағы мәсихилер, яһудилер мен зартуштттер діни азшылықтар ретінде ресми түрде танылған. Олардың Иран Ислам кеңесі мәжілісінде өкілдері, сондай-ақ, өздерінің діни мейрамдарын тойлау еркіндіктері де бар.
Ирандық армян Рафи Марадисян былай дейді: "Исламдық елдердің ешқайсысында мәсихилер Иса (ғ.с.) пайғамбардың мәулітіне қатысты мерекелік шараларды біз Иранда өткізетіндей өткізе алмайды".
Иранның 80 миллиондық халқының шамамен 97 пайызын мұсылмандар, ал қалған 3 пайызын басқа діндердің өкілдері құрайды. Соған қарамастан ИИР-ның Конституциясында ресми таухидтік діндердің ізбасарлары көптеген алаңдарда мұсылмандармен тең құқықтарға ие.
Ұлы илаһи пайғамбар, бейбітшілік пен достықтың жаршысы, рух пен сананың салауаттығын алып келген хазірет Исаның (ғ.с.) мәулітіне орай сіздерді, құрметті тыңдармандарымызды тағы да құттықтаймыз!