Мысыр мен АҚШ-тың қарым-қатынасын қалпына келтіруге талпыныс жасалды
(last modified Fri, 14 Apr 2017 14:02:29 GMT )
Сәу 14, 2017 20:02 Asia/Almaty
  • Мысыр мен АҚШ-тың қарым-қатынасын қалпына келтіруге талпыныс жасалды

Мысыр Президенті Абдулфаттах әс-Сиси өзінің америкалық әріптесі Дональд Трамппен ресми түрде кездесу мақсатында Вашингтонға барды. Бұл Мысыр Президентінің өткен 7 жылдағы АҚШ-қа алғашқы ресми сапары болып табылады.

Абдулфаттах әс-Сисидің Вашингтонға сапары АҚШ Президенті Дональд Трамптың ресми шақырумен орын алды. Осы сапарда әртүрлі тақырыптар, соның ішінде лаңкестікпен күрес және Таяу Шығыстағы бітім үдерісі туралы сұхбат болады деп жоспарланды.

АҚШ пен Мысыр басшылары өткен жылдар барысында кейбір отырыстар аясында бір-бірімен кездессе де, әс-Сисидің Вашингтонға сапары екі ел басшыларының АҚШ Президенті Дональд Трамптың президенттік кезеңіндегі алғашқы кездесуі саналады.

Әс-Сиси бұдан бұрын АҚШ-пен екіжақты байланысты, әсіресе лаңкестікпен күрес саласында дамытуды қалайтынын айтқан болатын. Трамп та өзінің мысырлық әріптесімен телефон арқылы сұхбатында осы елді қолдайтынын қуаттаған болатын.

Әс-Сисидің АҚШ-қа сапары Вашингтон мен Каир қарым-қатынасы соңғы жылдары Мысырдағы саяси оқиғалар мен өзгерістердің салдарынан айтарлықтай шиеленісіп кеткен жағдайда орын алды. Мысыр ұзақ жылдар бойы Вашингтонның аймақтағы құдіретті одақтасы болды. Бұған қарамастан, Мысырда орын алған өзгерістер, соның ішінде 2011 жылдағы халықтық көтеріліс, Хосни Мүбарак үкіметінің құлауы, Мұхаммад Морсидің қысқа мерзімді үкіметінің құрылуы, ақырында 2013 жылы әс-Сисидің басқаруымен «Мұсылман бауырларға» қарсы әскери төңкерістің орын алуы Каир мен Вашингтонның қарым-қатынасына кедергі тудырды.

Мысырда әс-Сиси билік басына келіп, 2013 жылы наразыларды басып-жаншу артқан соң Вашингтон қоғамдық пікірдің қысымымен осы елге көмек ретінде қару-жарақ жіберуді тоқтатты. Мұнымен бір мезгілде Вашингтонның Мысырға АҚШ-тан қымбат қару-жарақ сатып алуға берген артықшылығы да тоқтатылды. АҚШ Конгресі Каирге қару-жарақпен көмектесу рұқсатын бекіткен соң Мысырға осы артықшылық берілген болатын. Енді Каир мен Вашингтон қарым-қатынасының жаңа кезеңінде Абдулфаттах әс-Сиси әртүрлі саяси, әскери және экономикалық тақырыптар жиынтығымен Ақ үйдің қонағы болды. Лаңкестікпен күрес осы кездесудегі ең маңызды тақырыптардың бірі болды.

Сонымен қатар, «Мұсылман бауырлар» тақырыбы, Палестинаның автономдық құрылымы мен сионистік режим арасындағы келіссөздердің қайта басталу мәселесі де Мысыр мен АҚШ басшылары арасындағы сұхбаттың маңызды өзектерінің қатарын құрады.  Әс-Сиси «Мұсылман бауырлар» партиясының АҚШ тарапынан лаңкестік топтардың тізіміне енгізілуін талап етуі мүмкін.

Әс-Сисидің АҚШ-қа сапарында күн тәртібіне қойылған келесі маңызды мәселе Мысырдың қазіргі экономикалық жағдайын түзету мақсатында шетелден инвестиция тарту және экономикалық көмектер алу болды.

Экономикалық салада Мысырдың Президенті әртүрлі топтармен, соның ішінде АҚШ Сауда палатасы мен Дүниежүзілік банктың өкілдерімен кездесіп, олармен Мысырға инвестиция салу мүмкіндіктері мен экономикалық реформалар жайлы кеңеседі. Сонымен қатар, әс-Сиси Мысырдың аймақтық дағдарыстар туралы көзқарасын түсіндіріп, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға талпыныс жасау мақсатында АҚШ Конгресінің өкілдері және министрлермен кездеседі деп жоспарланған.

Қалай болғанда да, АҚШ-та жаңа үкіметтің билік басына келуі Мысыр мен АҚШ қарым-қатынасында жаңа кезеңнің қалыптасуы үшін тағы бір мұрсат берген сияқты. Бір жағынан Мысыр Вашингтонның әріптестігіне сүйеніп, аймақтағы өзінің күш-қуатын қайта қалпына келтіріп, ішкі қиындықтарды шешуді көздейтін көрінеді. Ал екінші жағынан АҚШ та өзінің аймақтағы экспансиялық және ішкі іске араласушылық саясатын ілгерілету мақсатында Мысырмен қарым-қатынасын қалпына келтіріп, Батыс Азия мен Солтүстік Африка аймағында бұрынғы саяси және сауда серіктесіне ие болуды қалайтын сияқты. Бұған қарамастан, аймақтағы  саяси-қауіпсіздік саласындағы өзгерістер легі АҚШ пен Мысыр қарым-қатынасын бұрынғы кезеңдерге, әсіресе Хосни Мүбарактың диктаторлық билігі заманына қайтаруды қиындатып отыр.