Трамптың үрей тудыру стратегиясы
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге келген беттен-ақ екі деңгейде де, яғни, ішкі және сыртқы алаңдарда үрей тудыру стратегиясын қолға алды. Бүгінгі бағдарламада Трамптың АҚШ-тың ішкі стратегияларына тоқталамыз.
Трамп АҚШ-тың ішінде осы уақытқа дейін үш макростратегияны көздеп келді: біріншісі, көші-қон саясаттарына өзгеріс енгізу; екіншісі, Обаманың әлеуметтік сақтандыру жобасын өзгерту; үшіншісі, энергетика бөліміндегі макро саясат. Дегенмен, басқа да алаңдарда, әсіресе экономикалық салада саясаттарын жүзеге асырды. Оның бұл саясаттары америкалық қоғамды таң қалдырды. Себебі, АҚШ халқы билік тарапынан мұндай шешімдердің қабылданатынын күтпеген еді. Осындай жайттардың бірі ретінде АҚШ-тың жеке сектор бөлімінің салығын 35 пайыздан 15 пайызға дейін төмендетуін атау керек. New York Times газетінің жазуы бойынша, Трамп үкіметінің салыққа қатысты жобасы ауқатты адамдарға үлкен көмек болды.
АҚШ-тың билік құрылымына қарсы ауқымды шаралардың өткізілуіне жеткізген ең даулы ішкі стратегия Трамптың көші-қон туралы жобалары мен бұйрықтары болды. АҚШ-тың ең сүйкімсіз президенті тарапынан жарияланған бұл бұйрықтар көптеген дау-жанжал тудырды. Трамп сайлауалды бәсекелестік кезіндегі сөздерінде де АҚШ-тың көші-қон жөніндегі заңдарына шабуылдаған болатын. Ол сол кезде АҚШ-та заңсыз түрде өмір сүріп жатқан мигранттардың ресми түрде жарияланған статистикасына (11-12 миллион адам) күмән келтірді. Оның ойынша, АҚШ-та 30-34 миллион заңсыз мигрант өмір сүреді.
Көптеген үкіметтік ұйымдар Трамптың бұл болжамының құжат жүзінде дәлелденбегенін айтты. Pew зерттеу орталығы 2015 жылдың наурыз айында жариялаған есебінде заңсыз түрде өмір сүріп жатқан мигранттар санының 2007 жылы 12 миллион 200 мың адам болғанын, 2012 жылы бұл көрсеткіштің 11 миллион 200 мың адамға азайғанын мәлімдеді. Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2007-2015 жылдар аралығында жұмыс мигранттарының саны 8 миллион 100 мың мен 8 миллион 300 мыңның арасында өзгеріп тұрды. Бұл мөлшер АҚШ-тың жұмыс күшінің шамамен 5 пайызын құрайды. Заңсыз мигранттардың санын азайту стратегиясы, Green карталарының күшін жою және жеті мұсылман елінің азаматтарының кіруіне тыйым салу Трамптың көші-қон саласындағы ең даулы саясаттарының қатарын құрады.
Мұсылман мигранттардың АҚШ-қа кіруіне тыйым салу заңы елдің іші мен қатар бүкіл әлемде де дау-жанжал тудырды. Трамп 2016 жылдың шілде айында президент сайлауы кезіндегі бір сұхбатта барлық мұсылмандардың АҚШ-қа кіруіне тыйым салынатынын мәлімдеді. Трамптың 2017 жылдың қаңтар айының жиырма бесі күні қол қойған №13768 қаулысы бойынша елдеріне мәжбүрлі түрде қайтуы тиіс мигранттардың саны артты. 2017 жылдың қаңтар айының жиырма жетісі күні Трамп «халықты шетелдік лаңкестердің шабуылдарынан қорғау» деп аталған №13769 қаулыға қол қойып, жеті елдің, атап айтқанда, Иран, Ирак, Ливия, Сомали, Судан, Сирия мен Йемен азаматтарының 90 күнге дейін АҚШ-қа кіруіне тыйым салды. 2017 жылдың маусым айында АҚШ-тың Жоғарғы соты қаулыға қарсы шықты. АҚШ-тың бұл стратегиясы басқа мемлекеттердің, халықаралық қауымдастықтардың, адам құқығы ұйымдары мен ақпараттық орталардың қатаң сын-пікірлерімен бетпе-бет келді.
Энергетика және қоршаған орта мәселесі де Трамптың даулы стратегияларының қатарына қосылды. Ол президенттік сайлауалды үгіт-насихат кезінде президент ретінде сайланған жағдайда АҚШ-тың Қоршаған орта агенттігін таратуға уәде берген болатын. Ол наурыз айында жеңіске жеткеннен кейін бір қаулысында Обаманың таза энергия туралы саясаттарының күшін жойды. Гидравликалық жару тәсілдерін кеңінен пайдалану және өндірісті арттыру арқылы федералды жерлердегі мұнай өндірісінің артуы Трамптың саясатына қайшы болды. Тас көмірдің өндірісін жаңғырту да Трамптың энергетика саласындағы саясаттарының бір бөлігі. Тас көмір өндірісі мен одан алынған қуат Обама үкіметі кезінде бұрын-соңды болмаған шектеулерге тап болған. Трамптың бұл стратегиясы қоршаған орта белсенділерінің ауқымды наразылықтарын тудырды.
Трамптың сыртқы саясат алаңындағы стратегиялары да үрей тудыру стратегиясы шеңберінде бағаланады. Бұл стратегияларды бес бөлімге, яғни, әлемдік экономика, халықаралық қауіпсіздік, халықаралық ұйымдар, халықаралық келісімдер мен үкіметтер деп бөлуге болады. Әлемдік экономика алаңындағы Трамптың протекционистік саясаты АҚШ-тың көптеген сауда серіктестері мен халықаралық ұйымдардың, соның ішінде, Халықаралық Валюта қоры және Дүниежүзілік банктің алаңдаушылықтарын тудырды. Америкалық маман Уильям Робертстің айтуынша, Трамп АҚШ-тың мүдделерін басқа америкалық басшыларға қарағанда көбірек назарға алып отыр. Ол халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың орнына экономиканы ұлттандыруды қуаттауда. Бұл стратегия АҚШ-тың іші мен әлемнің жер-жерінде де сын-пікірлер тудырып, АҚШ-ты экономикалық алаңда сенімсіз үкіметке айналдырды.
Сан-Диегодағы Калифорния университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының ұстазы Дэвид Виктор: «Біз қазіргі заманда Трамп сияқты оқшауланғыш және ынтымақтастыққа қарсы республикашыл басшыны көрген емеспіз» деді. Ол сонымен қатар Трамптың саясаттарының кесірінен АҚШ-тың әлемдегі жетекшілік рөлінің әлсірейтінін қуаттап: «Трамптың президенттігі АҚШ-тың халықаралық көшбасшылық рөлінің солғындауына жеткізетіні сөзсіз» деді.
АҚШ-тың Париждің климат жөніндегі шартынан шығуы – Трамптың дау-жанжал тудырған стратегияларының бірі. Трамп 2017 жылдың маусым айының бірі күнгі мәлімдемесінде аталмыш шарттың АҚШ азаматтарын экономикалық тұрғыдан қатты шектейтінін және оның экологиялық жағдайды жақсартуға еш көмектеспейтінін айтты. Еуропа осы саясатты сынаған ең басты тарап болды. Еуропа одағының энергетика және қоршаған орта комиссиясының төрағасы Мигель Ариас Каньете АҚШ-тың Париж шартынан шығу шешімінің әлем үшін ауыр соққы болғанын айтты. Франция президенті Эммануэль Макрон да Трамптың шешімін АҚШ-тың жер шарының болашағына қатысты жасаған үлкен қателік деп атады. Германия канцлері Ангела Меркель де АҚШ-тың осы әрекетіне қатысты өкініш білдірді. Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мей де Трамппен телефон арқылы сұхбатында АҚШ-тың осы әрекетіне өкініш білдірді.
АҚШ-тың Иранға қатысты стратегиясы да Трамп бір баяндамасында тоқталып, жанжал тудырған мәселелердің бірі болды. Трамп «Ортақ қадам» жан-жақты ортақ келісімінің АҚШ-тың мүдделерін қамтамасыз етпеуі туралы сылтау айтып, ойдан шығарылған уәждерге негіздеп, Иранның осы келісімге берік екенін растаған жоқ. Осы стратегияның басты қарсыластары болып табылатын еуропалық үкіметтер Трамптың сөздерінен кейін көп ұзамай мәлімдеме жариялап, өздерінің осы келісімге берік екендіктерін мәлімдеді. Ислам республикасы Конституциясының 150, 151 және 152-баптарына сәйкес басты мақсаты ИИР-ның мүдделерін қорғау болып табылатын Сақшылар корпусын нысанаға алу да осы стратегияның басты өзектерінің бір бөлігі. Шын мәнінде, Трамп қазіргі кезде аймақтағы лаңкестікпен күресіп жатқан маңызды ресми ұйымды АҚШ-тың Қаржы министрлігінің санкцияларының тізіміне енгізді.
Трамп Солтүстік Корея мәселесінде де АҚШ-тың іші мен Корея түбегінде де үрей тудыруды көздеп отыр. ДАИШ-тің Таяу Шығыс аймағында жасаған іс-әрекеттері сияқты Трамп та үрей тудыру арқылы аймақтағы халықтарды өзінің ықпалына түсіруді мақсат етуде. Трамптың мақсаты – өз мүдделерін қамтамасыз ету үшін АҚШ халқы мен әлемнің басқа да халықтарын өз ықпалына түсіру. Алайда Трамп өзінің жеке және сауда мүдделерін көздеп жүр ме, әлде АҚШ-тың күш-құдіреті аясындағы құрылымдық мақсаттарды көздеп отыр ма деген сауал туындайды.