Эдоардо Аньеллидің қаза болуының жылдығына арналған бағдарлама
Исламның Еуропада таралуы бүгінгі күні батыс сарапшыларының назарын өзіне аударып, олардың таңданысын тудырып отырған мәселелердің бірі.
Der Spiegel басылымы Еуропадағы Исламның жағдайы туралы сараптамасында: "Ислам – әлемдік діндердің арасындағы ең тұрақты әрі тірі дін. Діни қоғамдастықтардың ешбіреуі даму жылдамдығы бойынша Исламмен теңесе алмайды" деп жазды.
Бүгінгі таңда Еуропа Исламның дамуын таңданыспен бақылап отыр. Мысалы, Испанияда Андалусия үкіметі құлағаннан 500 жыл өткеннен кейін Исламға бет бұрып жатқан испаниялық жастардың саны күннен-күнге артып келеді. Ислам Еуропада да, АҚШ-та да қазіргі заманда өз жолын жоғалтып, өздерін үмітсіздік, бұлыңғырлық пен мақсатсыздықтан құтқаратын сәуле іздеп жүрген көптеген адамдардың назарын өзіне аударды. Еуропадағы мұсылмандар санының артуы ислам елдері азаматтарының осы құрлыққа көшуіне байланысты болғанымен, жергілікті еуропалықтар арасында да исламға бет бұрған адамдардың саны аз емес. Олардың арасынан білім алған қоғамның таңдаулы тұлғалары, соның ішінде, батыстық өнерпаздар, жазушылар мен философтар да кездеседі.
Ferrari, IVECO, Lamborghini, Fiat, Lancia, Alfa Romeo көлік жасау зауыттары, бірнеше өнеркәсіптік зауыттар, жеке меншік банктер, киім дизайны компаниялары, La Stampa, Кориерра Делла Серра басылымдары мен Juventus футбол клубының иесі Джанни Аньеллидің ұлы Эдоардо Аньелли 1954 жылдың маусым айының алтысы күні Нью-Йоркте дүниеге келді. Ол бастауыш білімдіИталияда, одан кейін Ұлыбританияның Антлантикалық колледжінде алды. АҚШ-тың Бринстон университетінің Діндер және шығыс философиясы факультетінің докторантурасын бітірді. Эдоардоның ата-бабасы Италияда Fiat зауытын ашып, ол жерде ірі өнеркәсіптің негізін қалады. Бүгінде осы әулеттің ұрпақтары Fiat компаниясы акцияларының басым бөлігін, банктер мен сақтандыру компанияларын, Juventus футбол клубы мен тағы да басқа бас мекемелерді иеленіп отыр. Эдоардоның әкесі католик болса, анасы яһуди дінінің өкілі болған.
Эдоарда АҚШ-тың танымал Бринстон университетінің философия және діндер мамандығының студенті болды. Ол Інжіл мен Тауратты оқыды. Бірақ, бұл кітаптар оның жан дүниесін қанағаттандырмады. 20 жас шамасында кітапханада жүрген кезде көзі Құранға кездейсоқ түседі. Оның бірнеше аятын оқып көргенде бұл сөздерді адамның айтпағанын түсінеді.
Эдоардо өзінің мұсылман болуы туралы былай дейді: "Нью-Йорк университетінде оқып жүрген кезімде бір күні кітапханада кітаптарды қарап жүріп, Құранға көзім түсіп, қызығып кеттім. Оны алып, парақтай бастадым. Бірнеше аятының ағылшын тіліне аудармасын оқыған кезде бұл сөздер маған нұр шашып тұрғандай көрінді. Осылайша қатты әсер алып, Құранды үйге алып кетіп, көбірек оқуды қаладым. Мен бұл кітапты түсінетінімді және қабылдайтынымды сезінгендей болдым".
Ол Ислам туралы оқып, зерттегеннен кейін Нью-Йорктегі бір исламдық орталыққа барып, мұсылман болғысы келетінін айтады. Ол шаһадат айтқаннан кейін, есімін "Хашам Азиз" деп қояды. Эдоардо тағы біраз тереңірек оқып білгеннен кейін шиіттік бағытқа бет бұрып, есімін "Мехди" деп өзгертеді. Ол: "Түндерде шамның жарығымен Құран оқимын. Менің рухымның асқақтайтыны соншалықты, сол кездегі менің күйімді басқа уақытпен тіпті салыстыруға да келмейді" деді.
Эдоарданың Исламға деген қызығушылығы мен Аньелли әулетінің мүлкіне деген немқұрайдылығы әкесінің отбасылық мұраны оған тапсырудан бас тартуына себеп болады. Сол себепті Джанни Аньелли мәсихи дінін ұстанатын өз ағасының ұлын Эдоардоның орнына тағайындайды. Алайда көп ұзамай Эдоардоның туысқан ағасы қатерлі ісік салдарынан қайтыс болады.
Эдоардо Аньеллидің шиіттік бағыт және Иран Ислам революциясымен алғашқы таныстығы Иранның Италиядағы ақпараттық кеңесшісі доктор Мұхаммад Хасан Ғадири Абианемен сұхбаты арқылы басталды. Эдоардо сұхбатты тыңдағаннан кейін осы дипломатпен кездесу үшін Иранның Италиядағы елшілігіне барады. Дәл сол кезден Эдоардо Аньеллидің Иранмен байланысы басталды. Аньеллидің имам Хомейнидің ой-пікірлері мен іс-әрекеттеріне деген қызығушылығы шексіз еді. Ол: "Мен Құранда айтылыған дұрыс адамның бейнесін имам Хомейниден көремін" деп жиі айтатын.
Басылымдар мен ақпарат құралдарының Ислам мен мұсылмандарға деген қатынасы Ислам революциясынан кейінгі жылдары өшпенділік пен кекке толы болды. Батыстың ақпарат құралдары Батыстың империалистік саясаттарынң шеңберінде Исламныңқауіп-қатерін зорайтып көрсетуге тырысты. Олар Исламды қатыгез әрі соғысқұмар дін ретінде, оның ілімдерін адам құқығы мен демократияға қайшы етіп көрсетуге тырысты. Сондай-ақ, мұсылмандардың әлсіз тұстарын Ислам дінімен байланыстырып, осы арқылы дінді қазіргі заманғы әлем үшін лайықсыз етіп көрсетуге бар күштерін салды. Алайда, Ислам тағылымдарының арқасында жаны тыныштық тапқан Эдоардо бұл жала жабушылық пен әділетсіздікке шыдамай, Исламның ақиқатын ашуға асықты.
Эдоардо қоғамдағы ықпалын пайдаланып, италиялық бір телеарнаны ислам елдері туралы деректі фильм түсіруге көндіріп, фильмнің продюсерлігін өз мойнына алады. Сол істің барысында Иранға да сапар шегеді. Осылайша деректі фильм телеарналарда көрсетіледі. Соңғы бөлімі көрсетілгеннен кейін, La Stampa газеті Ислам туралы талқылауды бастайды. Сонымен қатар, Салман Рошдидің кітабы жарық көрген кезде бір италиялық баспа оның аудармасын шығаруды мойнына алады. Бірақ Эдоардо осы хабарды естіген кезде оған барып, кітапты шығаруға қатысты наразылығын білдіреді.
Алайда көп ұзамай жас Аньелли Батыстың үстемшіл мақсаттарына төніп тұрған қауіп ретінде есепке алынды. Fiat компаниясы мен Juventus футбол клубының иесі болып табылатын Италиядағы ең танымал әулет Аньелли әулетінің мүшелерінің бірі әрі сенатор Аньеллидің жалғыз перзенті Эдоардо Аньелли 2000 жылдың қараша айында күдікті түрде қайтыс болды. Оның мәйіті Италияның солтүстігіндегі Торино-Савана күре жолының бойында Торин қаласына жақын маңнан табылды. Оның көлігі жарықтары жағылған,есіктері ашылған күйі көпірдің үстінде қалған.
Аньелли әулетінің Италиядағы ерекше орнына байланысты италиялық радиолар, телеарналар мен басылымдар бірнеше күн ішінде түрлі болжамдар айтты. Алайда олардың барлығының Эдоардоның өз-өзіне қол жұмсауы туралы ешқандай дәлелі болған жоқ. Италиядағы Иран түлектерінің исламдық ассоциациясы осы ұйым мүшелерінің Аньеллимен ұзақ уақыттан бері таныстығына байланысты бір интернет сайтында хабар жариялап, Эдоардоның мұсылман-шиіт болғанын және оның өлімінің өз-өзіне қол жұмсаушылық болмағанын, сондай-ақ, сионистер тарапынан жоспарланғанын әшкере етті. Бұл хабардың бір нұсқасы барлық италиялық басылымдар мен ақпарат агенттіктеріне жіберілгенімен, оның Ислам діні үшін пайдалы болуынан қорқып, ақпарат құралдарының ешқайсысы бұл мәселеге назар аудармады. Тіпті, Эдоардоның әулеті өз ықпалын сақтап қалу үшін оның ісінің нақтырақ тергелуін қаламады. Эдоардоның мәйіті өлім себебін анықтау үшін ешқандай зерттеу жүргізілместен, келесі күні бір мәсихи ретінде отбасылық қабірлердің біріне көмілді. Оқиғадан біраз уақыт өткеннен кейін бір ирандық деректі фильм түсіруші топ Италияда осы мәселені зерттеп жатқан кезде осы ел полициясы шындықтың ашылуының алдын алу үшін оларды құрықтап, бірнеше күн қамауда ұстағаннан кейін "лаңкестер" деген айыппен елден қуып шықты.
Шындық – Ислам дінінің барлық тұлғалық, әлеуметтік және саяси салаларда қоғамдық пікірлерді баяндауында. Жылдар бойы діндер мен мектептер туралы зерттеу жүргізгеннен кейін Ислам мен шиіт мазхабын таңдаған шетелдік ойшылдардың көбісінің мойындауынша, ең жақсы ілімдер, кәміл тұлғаны қалыптастыратын тапсырмалар, ұсыныстар мен пікірлер ислам діні мен Пайғамбар әулетінің мектебінен табылады. Шәһид Эдоардо Аньелли осы ақиқатты түсінген мұсылмандардың бірі болды.
Шәһид Эдоардо Аньеллидің естелігі ешуақытта ұмытылмайды. Бүгінгі бағдарламамызды осы тұлғаның сөзімен тәмамдаймыз: "Біз өмір сүріп жатқан заманда құныдылықтар солғындап барады. Жалғыз мақсат пен арман – ақша жинау. Ақшақұмарлық есірткі заттарға тәуелділіктен де жаман. Біз барлығымыз есірткі заттардың жастардың арасында таралуына алаңдаймыз. Алайда,адамдардың есеп-шотындағы қаржы мөлшеріне негізделген дүниеге қарай келе жатқанымызды аңғармайымз. Бұлардың барлығы тоқтайды. Менің ойымша, болашақта Ренессанс дәуірінен кейін біз Декарттың рационализмі мен эмпиризміне негізделмеген дәуірге кіреміз. Бір адамның екінші адамды пайдалануының табиғаттан алынған қағида екенін ұмытпауымыз керек. Басты міндеті миллиондаған адамның өмірін жеңілдету болып табылатын көлік жасау өнеркәсібінің керісінше әрекет етуі дұрыс емес. Менің ойымша, ақша мақсат емес, ол бір құрал ретінде пайдаланылуы керек".