Наурызнама: Наурыздың мәдени және болмыс-бітімдік қолданыс аясы
(last modified Mon, 28 Mar 2016 10:21:03 GMT )
Нау 28, 2016 16:21 Asia/Almaty
  • Наурызнама:  Наурыздың мәдени және болмыс-бітімдік қолданыс аясы

Бұл бағдарламада Наурыздың мәдени және болмыс-бітімдік қолданыс аясымен таныстырамыз.

Иран мәдениеті мен тарихын зерттеушілердің көзқарасынша,  Наурыз мейрамы Иран халқының ирандық-исламдық  болмысымен тығыз байланыста болып, барлық ұлттық және діни элементтерді бойына жинақтаған. Сол себепті зерттеушілердің бір тобы Наурызды тану ирандық-исламдық болмыстың өзгеріс жолын тану дегенді білдіреді деп санайды.

Иран мәдениетінің бірнеше мыңжылдық тарихы бар. Оны бірнеше тілді, бірнеше ұлтты қамтитын, өмірде кең таралған ұғым деп айтуға болады. Бұл мерекеден осы мәдени тұтастыққа себеп болатын ортақтастықтарды көруге болады. Наурыз –Иран мәдениетінің көне рәсімдерінің бірі  әрі осы ортақтастықтардың бірі. Наурыз рәсімдерінің маңызды болмыс-бітімдік екі қолданыс аясы бар:  біріншісі – Иран мәдениетінің көрсеткіші. Наурыз Иран өркениетінің  кең ауқымды жерлеріне таралған; екіншісі, бұл ұлы мейрам  қазіргі әлемге ирандық болмыс-бітімді таныстыруда өзіндік үлеске ие.

Наурыз –  Иран мәдениетінің болмысын көруге болатын айна іспеттес Наурыз – Иранның мәдени және географиялық шекараларының қай жерге созылғанын көрсететін кесімді дәлел. Егер Наурызға шекара мен таралым аясын белгілегіміз келсе, оның таралым аясын Иранның ежелгі құдіретті мемлекеттерінің  шекаралары деп айтамыз.  Бұл шекаралар еуропалық тілдерде «Иран әлемі» деген атпен аталып, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Кавказдың оңтүстігіндегі кейбір бөліктерді, тіпті Армения сияқты елдерді қамтиды. Алайда  уақыт өте келе бұл аумақтар Ираннан бөлініп шығып, бүгінде өзінің ұлттық болмысқа ие болып отыр.  Бұған қарамастан, Наурыз аталмыш елдердің барлығында сақталып қалған.

Ирандықтар мен Иран өркениетінің таралу аясында өмір сүретін  ұлттардың барлығы Наурызды табиғи өзгеріс – қыстан көктемге өтумен бірге тойлайды. Бұл мерекеде халық қайта жаңарудағы табиғаттың өзгерісін рәсімдік іс-қимылдар жиынтығында белгіленген құпияға толы әрі символдық амалдар аясында атқарады. Наурыз рәсімдері осы табиғи өзгерісте бір-бірінен бөлек үш уақыт кезеңінде атқарылады: бірінші кезең – жылдың соңғы күндері ескі жылмен қоштасу, жаңа жылды қарсы алу және жаңа уақыт кезеңіне аяқ басуға дайындалу. Бұл кезең халықтың ұжымдаса бірігіп, тұратын жерлерін ластықтан тазарту, өмір сүретін ортаның лас жерлерінде жасырынатын диюлер мен ахримандарды қуу және жоюмен  қатар жүреді. Тазарту рәсімі, яғни, ескі жыл және оның қараңғылықтары мен ластықтарымен символдық түрде қоштасу үйді жинап, қағып-сілку, тазарту, үйге хош иіс себу, киім мен өмірдің құрал-жабдықтарын жаңартудан көрініс табады.

Наурыз рәсімдерінің екінші кезеңі – жаңа жылдың фарвардин айындағы алғашқы 12 күн. Ескі жылдан жаңа жылға өтетін осы кезеңде адамдар көп уақыттарын жанұя, туған-туысқандармен  бірге Наурыз дастарханының айналасында өткізеді. Үшінші кезең – фарвардин айының 13-жұлдызы. Бұл күнде әлеуметтік өмірдің тәртібі мен ережелері, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінің үлгілері бұзылады.  «Сиздаһ бе дар»  күнінің айшықты көрінісі адамның табиғатқа қайта оралуы, өзінің табиғи болмысымен қайта қауышуы болып табылады. Халық бұл күні үйлерінен тысқа шығып, ұжымдасқан түрде табиғат аясына барып, күнімен бау-бақшада, жасыл желекті далада, өзендер мен бұлақтар жағасында серуендеп, демалады. Бұл күндегі халықтың ең маңызды істеріне Наурызға арнап өсірілген көк шөпті суға лақтыру, тұрмысқа шықпаған қыздардың көк шөпті бір-біріне байлауы, далада пісірілген кеспе көже мен «боғоли» (ірі бұршақ қосылған) палау жеу, шаттанып билеу, әртүрлі ойындар ойнау жатады.

Наурыз көне мейрам болғандықтан оны басқа халықаралық мейрамдардан өзгешелендіретін ерекшеліктер бар. Наурыз – мән-мағынасы терең, табиғаттың көктемімен қатар жүретін шынайы мейрам. Онда көзделетін басты құндылықтар – әділет орнату, қайта оралу, тазалық, бейбітшілік, жанашырлық танытып, туысқанмен жүздесу, үлкендерге құрмет көрсету. Наурыздың ерекше әрі бірегей рәсімдері бар. Әлемдегі 300 млн-нан астам адам Наурыз мейрамын тойлап, оны құрметтейді.

Ежелгі замандардан жеткен ең көне мейрамдардың бірі – Наурыз  ортақ мәдениет саласындағы көрнекті рәсімдердің бірі, Иран мен Иран мәдениетінің таралым аясы арасындағы мәдени интеграцияның факторы саналады. Наурыз  Иран және Орта Азиямен қоса, басқа аймақтарда, соның ішінде Кавказ, Балкан, Үндістан түбегі, Қытайдың Синзцянь аймағы, Азияның батысында тойланады. Осы аймақтардың кейбіреулерінде Наурыз ұлттық мейрам саналады. Ал Үндістан сияқты кейбір аймақтарда ұлттық мейрам болып саналмайды. Мейрам үйден тыс жерде 15 күн бойы өткізіледі, оған барша жұрт қатысады. Пәкістан мен Үндістанда тұратын ирандықтар көне Наурыз мейрамында Иранда орындалатын барлық рәсімдерді атқарады.

Иран өркениетінің таралым аясындағы Наурыз мейрамы кейбір өзгешеліктермен аталып өтіледі. Ауғанстанда Наурыз рәсімі кеңпейілділік байрағын көтерумен басталады.  Бұл елдегі «Чахар чахаршанбе» (Төрт сәрсенбі) рәсімін өткізу Иранның «Чахаршанбе сури» рәсіміне ұқсайды. «Чахар чахаршанбе» рәсімі 1 фарвардиннен 10 ордибехештке дейін өтеді. Әртүрлі ауған тайпалары «Жеті көшет» рәсімін өткізеді. Ол раушан гүлі (қызыл гүл), мандарин гүлі, лала гүлі, қоғажай гүлі, шырғанақ гүлі, анар гүлі мен миндаль гүлі деген жеті рәсімнен тұрады. «Жеті син» немесе «Жеті жеміс» дастарханы да Ауғанстанда рәсімге айналған. Жанұя мүшелері балалар, ер адамдар мен әйелдер болып үшке бөлінеді. Балалар жақын туысқандардың үйіне барып, сыйлық алады. Ер адамдар бір жерге жиналып, тайпа ақсақалының алдына барады. Наурыздың төртінші күні әйелдер де тура осылай етеді. Наурыз мейрамын тойлау Ауғанстанда 40 тәулікке созылады. Қырқыншы күннен кейін кеңпейілділік байрағын қайта төмен түсіріп, халық күнделікті тіршіліктерін жалғастырады.

Наурыз Иран өркениеті таралған елдердің бірі – Түркіменстанда көктемгі күн мен түннің теңелетін күні ретіндегі ұлттық мейрамдардың бірі саналады. Олар Наурызды Джамшидтің Пишдадтардың төртінші патшасы ретінде таққа отырған күні деп санайды. Түркімендік күнтізбені қалыптастыру және «март» атауын «наурызға» ауыстыру, жүздесулер, арнайы тағамдар әзірлеу (саману, Наурыз баме, Наурыз көже) және әртүрлі сайыстар мен ойындар өткізу Түркіменстандағы Наурыз рәсімдерінің қатарына жатады.  

Қазақстанда да халық Наурызды көктемдегі күн мен түннің теңелетін күні және қасиетті мейрам деп санап, хазірет Қызыр пайғамбар жерге түседі деп сенеді. Наурыз қазақтар үшін ұлы күн. Наурыз бұл елде көбінесе көшеде тойланатын мейрамға айналған.  Үйді тазалау, жаңа киім кию, көрісу, «наурыз көже» деген арнайы тағам дайындау, үйдегі ыдыстарды сүт, дәнді дақылдар, жүгері және сумен толтыру, арнайы жарыстар өткізу Қазақстандағы Наурыз рәсімдері мен әдет-ғұрыптары саналады.

Наурыз – Тәжікстандағы ең үлкен ұлттық мейрам. Ол ата-бабадан қалған ұлттық мейрам, достық пен барлық тіршілік иелерінің қайта жандануының кілті саналады.  Жергілікті тағамдар пісіру,  әртүрлі тәтті-дәмді дәм дайындау, үйді тазалау, жаңа киім кию, бір-біріне қонаққа бару, бидай өскінін өсіру, «суманак» (саману) пісіру, әртүрлі жарыстар мен ойындар өткізу осы елдегі Наурыздың рәсімдеріне жатады.

Әзірбайжан Республикасында Наурыз – тарихи, мәдени және рухани мейрам. Ол тәуелсіздік алғаннан кейінгі бұл елдің ұлттық және ресми  мейрамы саналады. Жаңа киім сатып алу, тәтті-дәмді дайындау, үйді жинау, көк шөп өсіру, ойын үшін жұмыртқаны бояу, қаладағы қоғамдық орындарды безендіру, «Чахар чахаршанбе» (су сәрсенбі, от сәрсенбі, жел сәрсенбі мен жер сәрсенбі) өткізу, айттап бару Әзірбайжан Республикасындағы Наурыз рәсімдерінің ерекшеліктері саналады. Бұл елде «Сиздаһ бер дәр» рәсімі өткізілмейді.

Наурыз Түркияда 2005 жылдан бастап ұлттық мейрам болып жарияланды. Бұл мейрам Осман империясы кезінде де тойланған, бірақ Түркия Республикасы құрылған соң ұмытылған. Тек күрдтер ғана оны жасырын түрде тойлап отырған. Сондықтан көбінесе елдің шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында ғана Наурыз мерекесі тойланған. 1980 жылдары  наразылық символы ретінде танылған. Ал қазіргі таңда Түркияның Стамбұл, Анкара мен Измир сияқты үлкен қалаларында да тойланады.  Тәтті-дәмділер мен жергілікті тағамдарды пісіру, сырнай мен барабанда ойнау, оттың айналасына жиналу – Түркиядағы Наурыз рәсімдерінің ең маңыздысы.

Қорыта айтқанда, Наурыз Үлкен Иран өркениеті таралған аядағы ортақ рәсім ретінде осы аумаққа жататын елдер арасында ұжымдық болмысты қалыптастыру факторы болып табылады.  Наурыз Иран мәдениеті мен өркениетінің ең көне элементтерінің бірі және ирандықтардың ең үлкен әрі ең мықты мәдени құндылығы саналады. Наурыз –  адамзат баласының ең маңызды мәдени мұрасы ретінде кешірім, тазалық, бірлік, тілеулестік, адамға құрмет, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің символы. Наурыздың жолдауы – бейбітшілік. Ирандықтардың сол арқылы басқа ұлттармен байланыс орнатып жатқанына ғасырлар болды. Көктемнің балаусалығы мен сұлулығының жетуімен бір мезгілде ғашықтық пен достықты сақтау, дұшпандықты ұмыту Наурыздың адамзат қоғамы үшін жасайтын жолдауы болып табылады.

Наурыз құтты болсын!