Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Иран президенті қолынан сыйлық алды
17 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті ирантану бөлімінің аға оқытушысы, ф.ғ.к. Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның қолынан халықаралық Фараби (FIA) сыйлығын алды.
17 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті ирантану бөлімінің аға оқытушысы, ф.ғ.к. Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның қолынан халықаралық Фараби (FIA) сыйлығын алды. Иран Ислам Республикасы Ғылым, зерттеу және технологиялар Министрлігінің жыл сайын берілетін Ислам гуманитарлық ғылымдарының дамуына бағытталған Фараби Халықаралық сыйлығы байқауының осы жылғы 3 жүлдегері АҚШ, Түркия және Қазақстан ғалымдары болды.
Сыйлықтың мақсаттары теориялық және қолданбалы салаларда нақтыланған, сыйлық ұйымдастырушылық тұрғыдан гуманитарлық ғылымдар саласында жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарының барынша қолдауын алуға мүмкіндік беретіндей етіп айқындалған. Сыйлық жас (35 жасқа дейінгі) және ересек деңгейлердегі таңдаулы жұмыстарды қабылдап тексереді және таңдайды, жұмыс аумақтық тұрғыдан алғанда, ішкі және сыртқы салаларды қамтиды. Ішкі аумаққа келетін болсақ, ирандықтар жасаған барлық жұмыстар, олардың қазіргі тұрғылықты жері мен кәсібіне қарамастан, қарастырылады, ал шетелдік аумаққа иран азаматтығы жоқ адамдар жасаған жұмыстарды қамтиды. Айта кетейік, Иранның ғылым саласындағы екі халықаралық сыйлығы бар. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы Фараби халықаралық сыйлығы және жаратылыстану ғылымдары саласындағы Хорезми халықаралық сыйлығы. Хорезми халықаралық сыйлығын Қазақстаннан осыған дейін математик Асқар Жұмаділдаев алған.
Дайындаған: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шығыстану факультетінің аға оқытушысы Айман Жұбатқанқызы Боранбаева