Қазақстанда алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні аталып өтті
ParsToday - 2025 жылғы 23 сәуірде елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні ресми түрде атап өтілді. Аталған мерекеге орай Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ауқымды әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылып, бұл күн ел руханияты үшін ерекше маңызға ие болды.
Салтанатты шара Ұлттық кітапхана директорының құттықтау сөзімен ашылып, ол өз сөзінде кітаптың адамзат өркениетіндегі рөлі мен жас ұрпақтың рухани дамуына қосар үлесін атап өтті. Сондай-ақ, кітапханалардың қоғамдағы ағартушылық рөлі мен заманауи оқырманға ұсынатын мүмкіндіктері жайлы ой қозғалды. Кітапхананың әр бөлімінде 8 түрлі әдеби-танымдық іс-шара қатар өтті.
Олардың бірі – ерекше форматтағы әдеби туынды «Бір беттік кітаптың» тұсаукесері болды. Іс-шара аясында «Бір беттік кітап» идеясын ұсынған ирандық жазушы Мехди Миразими, «Фархангваран» мәдени мекемесінің басшысы Мохаммад Амин Тарох, Иранның Алматыдағы мәдени өкілдігінің басшысы Хосейн Ағазаде, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының өкілі жазушы Айбек Нәби және аталған кітапты қазақ тіліне тәржімалаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті ирантану бөлімінің 1-курс магистранты Гаухар Омарханова сөз сөйлеп, жоба барысы мен маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісті. Жазушы М.Миразими өз сөзінде: «Бір беттік кітап – адам санасына терең ой тастайтын, қысқа да болса, көркемдік пен мағынаға бай әдеби жанр, қазақ оқырмандарына бұл идеяны жеткізу біз үшін үлкен мәртебе», – деді. Х. Ағазаде мырза жобаның мәдени ықпалдастықтағы орнына тоқталып, бұл форматтың болашақта жаңа әдеби үрдіске айналуы мүмкін екенін айтты. Аудармашы Г.Омарханова «Парсы әдебиетіндегі терең мағыналы шағын әңгімелерді қазақ тіліне жеткізу – үлкен жауапкершілік. Бұл жоба мен үшін шығармашылық әрі кәсіби тәжірибе болды», – деп атап өтті.
Шара барысында әл-Фараби ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің 1 курс студенттері әйгілі парсы ақыны Хафиздің ғазалдарын мәнерлеп оқып, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, оқушылар мен жастарға арналған викториналық ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға «Бір беттік кітап» сыйға табысталды.
Ұлттық кітап күніне арналған бұл бастама – Қазақстан мен Иран арасындағы әдеби байланысқа, жаңа форматтағы кітап мәдениетінің дамуына жасалған тың қадам.
Дайындаған: Г. Құдайбергенова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультетінің аға оқытушысы