Жетекші көзқарасы: Барлау министрлігі – исламдық жүйенің ояу көзі
(last modified Wed, 10 Aug 2016 12:05:14 GMT )
Там 10, 2016 18:05 Asia/Almaty
  • Жетекші көзқарасы: Барлау министрлігі – исламдық жүйенің ояу көзі

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сейсенбі күні Иранның Барлау министрі, оның орынбасары және бөлім басшыларымен кездесуінде бұл министрлікті өте маңызды бекініс әрі исламдық жүйенің қырағы да ояу көзі деп атап: «Барлау министрлігі – Ислам республикасы жүйесінің қатты қабығы, сондықтан ешқашан осал болмауы тиіс»,-деп баса айтты. Хазірет аятолла Хаменеи Ислам революциясының жеңісі мен баяндылығын иманды сақтауға байланысты деп санайды.

Аятолла Хаменеи Ислам революциясының негіздерін  имам Хомейнидің (р.) туындылары мен баяндамалары деп атап: «Үстемшілдер ағымының басты елі, яғни АҚШ-пен шекараны белгілеу ИИР-ның негізін қалаушы имам Хомейнидің (р.) кесімді негізі болып табылады. Бұл мәселеге ешқашан жеңіл қарауға болмайды»,-деп қуаттады.

Ислам революциясының қазіргі мерейі, оның аймақтық және әлемдік қатынастарға әсері Иранның қауіпсіздік күштерінің ерліктеріне қарыздар екендігі анық. Иранның Барлау министрлігі бірнеше кезеңдегі қауіпсіздікті орнатуда маңызды да негізгі тірек болып саналады. Қоғамдағы тұрақты қауіпсіздік пен тыныштық аясында саяси-экономикалық және әскери мәселелер қалыптасып, олар әртүрлі аспектілер бойынша қадағаланады.

Қауіпсіздік – даму үстіндегі экономика және әскери күш-қуатпен бірге мемлекеттерге айбындылық беретін маңызды да әсерлі фактор. Иранның саяси-экономикалық және әскери қуаты тұрақты қауіпсіздіктің арқасында көрініс тапты. Иранның қазіргі тыныштығы мен қауіпсіздігі және оның әртүрлі салаларда, әсіресе саяси салада күш көрсетуі барлау және қауіпсіздік аппаратының рөлін айқындай түседі.

 

Иранның ежелгі дұшпандарының кез-келген саладағы қастандықтарын анықтау Барлау министрлігінің рөлінің маңыздылығын еселендіре түседі. Дұшпан Иранға соққы беріп, Ислам революциясының дамуына тосқауыл қою үшін қастандық жасауды ойлаған кез-келген жерде қауіпсіздік күштері алғы шептен көрініп жүрді.

Ислам революциясымен жауластық 37 жылдан кейін ауқымды көлемге ие болды. ИИР күштірек болған сайын, қастандықтар да арта түсті. Бір кездері қастандықтар соғыс алаңында жүргізілетін, алайда бүгін дұшпан Ислам революциясына соққы беру үшін әртүрлі салаларда, саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, өнер және кинематография саласында «жұмсақ соғыс» жүргізуге бет бұрды.

Ұлттардың мәдениеті мен тарихына ықпал ету және тәуелсіз ұлттарды болмыс-бітімнен айыру – үстемшіл күштердің, соның басында тұрған АҚШ-тың  жаңа құралы. Исламдық Иран өзінің бай тарихы және болмыс-бітімімен  әрдайым дұшпанның көзіне түскен шел болды. Ирандағы тәуелсіз халықтың  мықты іргетасына ықпал етіп, әлсірету – дұшпанның қазіргі мақсаты. Бүгінде саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік салаларда өзінің тұрақты қауіпсіздігін дәлелдей алған ел ғана шынайы мағынадағы тәуелсіздікке қол жеткізе алады.

Қазіргі заманда дұшпандардың қастандықтарымен күресуде басты тақырып ретіндегі қауіпсіздіктің маңыздылығын назарға ала отырып, аятолла Хаменеи: «Барлау министрлігі дұшпанның исламдық жүйеге соққы беру үшін жасырын база құруы мүмкін кез-келген салаға еніп, өз жұмысын жүргізуі тиіс»,-деп қуаттады.

Тегтер