Қыр 10, 2016 14:55 Asia/Almaty
  • Теһран жұма намазының құтпалары

Теһран жұма намазының құтпагері әлем елдері мен халықаралық ұйымдардың өткен жылғы Мина апатында қажылардың қайтыс болғанына қатысты үнсіздік танытып, бұл апаттың туындау себептері мен оған жауаптыларды анықтамауын сынады.

Аятолла Ахмад Жәннати Теһран жұма намазының осы аптадағы құтпаларында Сауд әулеті режимінің біліксіздігі салдарынан 8 мыңға жуық қажының қаза болуына әкеліп соқтырған Мина оқиғасынан бір жыл өткеніне тоқталып: «Әлемдік қауымдастықтың осы қылмысқа қатысты үнсіздік танытып, Алланың үйіне барған қажылардың қанының төгілуіне еш наразылық білдірмеуі таңқалдырады.

Алла үйі ең қауіпсіз жер болуы тиіс, алайда Сауд әулеті режимінің біліксіздігі салдарынан бұл жерде мыңдаған жазықсыз қажы жан тәсілім етті, тіпті жаралылар көшелерде қараусыз қалды. Бұл саудиялық режимнің жауапты тұлғаларының немқұрайдылығын көрсетеді»,-деді.

Теһран жұма намазының құтпагері ваххабилердің адамзатқа қарсы амалдары мен іріткі салушы әрекеттерінің жалғасып жатқанына алаңдаушылық білдіріп: «Бұл ағым әрдайым мұсылмандардың мүдделеріне қайшы қадамдар жасауда. Оны ұстанушылар – ислам әлеміне зиян тигізу үшін ешбір қылмыстан тайсалмайтын діннен адасқандар»,-деді.  

Аятолла Жәннати, сондай-ақ, Халықаралық ақшаны жылыстатумен күрес одағының (FATF) Иранның қаржы ұйымдары мен кейбір адамдарына қарсы жуырдағы шешіміне реакция білдіріп: «Бұл шешімнің орындалуы Иран тарапынан «өз-өзіне санкция салу» деп саналады. Олар ақшаны жылыстатумен күресті сылтауратып, ИИР-ның қаржы және банктік мәліметтерін дұшпандарға беруді қалайды»,-деп қуаттады.

 

Тегтер