Иран Ресеймен стратегиялық коалиция құруды көздеп отыр
Иран Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы өз елінің Ресеймен аймақта стратегиялық коалиция құрып жатқанын айтты.
Әли Лариджани al-Mayadeen арнасына берген арнайы сұхбатында егер Вашингтонның ядролық келісімді тоқтатудағы ниеті шынайы болса, Теһранның ядролық бағдарламасын бастапқы қалпына келтіре алатынын ескертіп: "Біз Сирияда, әсіресе лаңкестерге соққы беру және Сирияның болашағы туралы мәселелерде Ресеймен келісім жасадық" деді. Ол Парсы шығанағы маңындағы барлық елдермен алдын ала шарт қоймастан келіссөздер жүргізуді құптап: "Ынтымақтастық кеңесі бізді келіссөздерге шақырды. Біз оған қарсы емеспіз. Егер Сауд Арабиясы тікелей сұхбаттасуды қаласа, біз оған әзірміз. Біз алдын ала ешқандай шарт қоймаймыз. Келіссөздер үшін алдын ала қойылған шарттарды да қабылдамаймыз. Менің ойымша, аймақта келіссөздер өткізу әрқашанда жақсы болмақ. Сол себепті мен аймақтық елдер арасында саяси келіссөздер өткізуді құптаймын" деді.