Аятолла Хаменеидің «Палестина интифазасын қолдау» атты алтыншы халықаралық конференцияда жасаған баяндамасы
(last modified Tue, 21 Feb 2017 19:14:09 GMT )
Ақп 22, 2017 01:14 Asia/Almaty
  • Аятолла Хаменеидің «Палестина интифазасын қолдау» атты алтыншы халықаралық конференцияда жасаған баяндамасы

(Мұсылмандар!) Босамаңдар да қайғырмаңдар. Егер мүмін болсаңдар, әлбетте үстем боласыңдар. («Әли Ғымран» сүресі, 139-аят) Сондықтан босамаңдар, келісімге шақырмандар, сендер үстемсіңдер. Алла сендермен бірге. Әсте амалдарыңды зая қылмайды. («Мұхаммад» сүресі, 35-аят)

بِسْمِ اللّهِ الرَّحْمـَنِ الرَّحِیم

Сөз басында барша құрметті қонақтарға, Ислам елдері Парламенттерінің құрметті төрағалары мен әртүрлі палестиналық топтардың басшыларына, Ислам әлемінің ойшылдары мен ғалымдарына, көрнекті тұлғалары мен басқа да азаттықты талап етуші қайраткерлерге қошемет білдіріп, осы маңызды конференцияға қатысып отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын.

Палестинаның қайғыға толы тарихы мен осы сабырлы, төзімді әрі табанды халықтың зорлық-зомбылық көруі шын мәнінде азаттық, ақиқат пен әділет талап етуші әрбір адамның жанына батып, жүрегін сыздатады. Палестина тарихы, оның зұлымдықпен басып алынуы және миллиондаған адамды босқынға айналдыру, қаһарман халықтың ержүректікпен қарсыласуы шарықтаулар мен құлдырауларға толы. Тарихқа байыппен шолу жасағанда тарихтың ешбір кезеңінде әлемнің ешбір халқының аймақтан тыс қастандық барысында өз елінің тұтастай басып алынып, өз ұлтының өз жері мен үйінен қуылып, олардың орнына басқа топтың әлемнің әртүрлі жерлерінен жиналатындай оқиғаға ұшырамағанын байқауға болады. Ешбір халық өзінің физикалық болмысына көзжұмбайлық танытылып, оның орнын жалған болмыс басып алатындай езгі мен зұлымдық қатынас көрген емес. Бұл да тарихтың былғанған беттерінің бірі болып отыр. Ол да басқа былғанған беттердей Алла Тағаланың рұқсаты және көмегімен жабылатын болады.

“Ақиқат келді. Негізсіз нәрселер жойылды. Сөзсіз, бекер нәрселер жойылады” де. («Исра» сүресі, 81 аят)

Сіздердің конференцияларыңыз әлем мен аймақтың ең ауыр жағдайында өткізіліп отыр. Әрдайым Палестина халқын әлемдік қастандыққа қарсы күресте қолдап келген біздің аймағымыз бұл күндері көптеген тынышсыздықтар мен дағдарыстарға ұшырап отыр. Аймақтағы бірнеше ислам елінде дағдарыстардың болуы Палестина мәселесін қолдау мен Құдсты азат ету мақсатының солғындай түсуіне себеп болды. Осы дағдарыстардың салдарына көңіл аудару бізге бұлардан пайда көретін күштердің кім екенін көрсетеді. Осы аймақта сионистік режимді тудырған адамдар ұзақ мерзімді қақтығысты таңу арқылы аймақта тұрақтылықтың орнап, дамудың болуына кедергі келтірген болатын. Олар қазір де пайда болған іріткілердің артында тұр. Бұл арандатушылықтар аймақ халықтарының күш-қуатының мағынасыз қақтығыстарға бір-бірін залалсыздандыруға пайдаланылып, барлығы әлсірегенде сионистік режимнің одан ары нығаюына жағдай жасайды. Сонымен қатар, осы арада ислам үмбетінің басшылары, зиялы қауымы мен жақсылық тілеушілерінің жанашырлықпен осы қайшылықтарды шешудегі талпыныстарына куә болып отырмыз. Алайда, өкінішке орай, дұшпанның күрделі қастандықтары кейбір үкіметтердің хабарсыздығын пайдаланып, сол елдің халықтарына азамат соғыстарын таңып, оларды бір-біріне айдап салып, Ислам үмбетінің жақсылық тілеушілерінің талпыныстарының әсерін азайтты. Осы арада маңызды нәрсе мынада: Палестина мәселесін әлсіретіп, оны басты басымдық дәрежесінен шығару үшін талпыныстар жасалып жатыр. Ислам елдері арасындағы қайшылықтарға қарамастан – кейбір қайшылықтар табиғи сипатта, ал кейбіреулері – дұшпандардың қастандығы, ал келесі біреуі дер кезінде хабардар болмағаннан туындаған. Алайда бұрынғыдай Палестина атауы олардың барлығының бірігу өзегі бола алады және болуы керек. Осы маңызды конференцияның жетістіктерінің бірі ислам әлемі мен азаттықты сүюшілердің ең негізгі басымдығы, яғни Палестина мәселесін көтеру және Палестина халқы мен олардың ақиқатты талап еткен әділетті күресін қолдауға бағытталған жоғары мақсаттың орындалуы бағытында тілеулестік кеңістігін қалыптастыру болып табылады. Ешқашан Палестина халқын саяси қолдаудың маңыздылығынан қапы қалмауымыз керек. Бұл қазіргі әлемде ерекше басымдыққа ие. Мұсылман әрі ақиқатты талап ететін халықтар қандай тәсіл және талғаммен болса да, бір мақсатта бас қоса алады. Бұл мақсат – Палестина және оны азат ету үшін  талпынудың қажеттігі. Сионистік режимнің құлдырауының белгілері тұрақтанып, оның басты одақтастарында, соның ішінде АҚШ-та әлсіздік пайда болған соң, біртіндеп әлемдік кеңістікте сионистік режимнің адамгершілік пен заңға қайшы дұшпандық әрекеттерімен күресуге қарай бет бұрушылық байқалады. Алайда әлемдік қауымдастық пен аймақтық  елдер әлі осы гуманитарлық мәселеге қатысты өзінің міндеттерін орындай алмады.

Палестина халқын айуандықпен басып-жаншу, ауқымды құрықтаулар, өлтіру мен талан-таражға салу, жерлерін басып алып,  онда қалашықтар салу, қасиетті Құдс қаласы мен әл-Ақса мешіті және басқа да ислам мен христиандарға тиесілі қасиетті орындардың келбеті мен болмыс-бітімін өзгертуге әрекет жасап, азаматтарды негізгі құқықтарынан айыру мен басқа да көптеген зұлымдықтар бұрынғыдай жалғасып, АҚШ пен кейбір батыс елдерінің  қолдауына ие болып отыр. Өкінішке орай, олардың әрекеттері әлемдік қауымдастық тарапынан тиісті реакцияға ұшырамай отыр. Палестина халқы Алла Тағаланың оларға осы қасиетті жер мен әл-Ақса мешітін қорғау миссиясын  жүктегенін мақтан тұтады. Бұл халықта Жаратқанға жалбарынып, өздерінің күш-қуатына арқа сүйеп, күрестің жалынын сөндірмеуді көздегеннен басқа жол жоқ. Іс жүзінде олар осы уақытқа дейін осылай әрекет етіп келді. Басып алынған жерлерде осымен үшінші рет басталған интифаза өткен екі интифазадан әлдеқайда көбірек қуғын-сүргін көргенімен, жарқын үмітке толы көңілмен жалғасып жатыр. Алланың рұқсатымен бұл интифазаның күрес тарихының өте маңызды кезеңін құрайтынын және басқыншы режимге келесі бір жеңілісті таңатынын көреміз. Бұл обыр ісігі әу бастан-ақ кезең-кезеңмен өсіп, қазіргі апатқа айналды. Сондықтан оны емдеу де кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы тиіс. Бірнеше интифаза мен үздіксіз қарсыласу өте маңызды кезеңдік мақсаттарды орындай алды. Әлі де шапшаң ілгерілеп, өзінің басқа да мақсаттарын Палестина толық азат етілгенге дейін орындайды.

Жалғыз өзі әлемдік сионизм мен оның алпауыт демеушілерімен күрестің ауыр жүгін арқалаған Палестинаның ұлы халқы сабырлы әрі төзімді, алайда қатаң да мығым түрде барлық уәж айтушыларға сөздерін сынап көруге мұрсат берді. Мүлдем жойылып кетпеуі үшін минималды құқықтарды қабылдау қажеттігі туралы қате уәждер айтылған кезде бітімге келу жобалары байсалды түрде көтеріле бастады. Палестина халқы мен тіпті барлық ағымдар осы көзқарастың қателігі бұрыннан белгілі болса да, оған мұрсат берді. Дегенмен, ИИР әу бастан бітімге келу тәсілдерінің осы түрінің қате екенін қуаттап, оның ауыр зияндары мен шығындары туралы ескертті. Бітім жасау үдерісіне берілген мұрсат Палестина халқының қарсыласуы мен күресуі жолында бүлдіргі іздер қалдырды. Алайда оның жалғыз пайдасы іс жүзінде реалистік уәждердің қателігін дәлелдеп берді. Жалпы сионистік режимнің қалыптасу тәсілі мен жолының ерекшелігі мынада: ол экспансиялық саясат жүргізіп, палестиналықтарды басып-жаншып, олардың құқықтарын әлсіретуден бас тарта алмайды. Өйткені, оның бар болуы мен болмыс-бітімі палестиналықтардың болмысын біртіндеп жоюға тәуелді. Сионистік режимнің заңсыз болмысы тек палестиналық болмыстың қирандыларының үстіне тұрғызылған жағдайда ғана баянды болу қабілетіне ие болады. Сол себепті Палестинаның болмыс-бітімін сақтау және осы табиғи болмыстың барлық белгілерін қорғау – қажетті іс әрі қасиетті джиһад. Палестина атауы мен осы халықтың жан-жақты қарсыласу жалыны жағулы күйде сақталғанға дейін басқыншы режимнің негіздерінің нығаюы мүмкін емес.

Бітім үдерісінің қиындығы тек бір халықтың құқығын шектеп, басқыншы режимге заңдылық беретіндігінде ғана емес. Мұның өзі үлкен әрі кешірілмейтін қателік. Қиындық мынада: онда Палестина мәселесінің қазіргі жағдайымен ешқандай сәйкестік жоқ, сионистердің экспансистік, басып-жаншушы және зорлық-зомбылық жасаушы қасиеттерін назарға алмайды. Ал бұл халық мүмкіндікті пайдаланып, бітім туралы уәж айтушылардың қателігін дәлелдеп бере алды. Соның нәтижесінде Палестина халқының құқықтарын орындау жолындағы күрестің дұрыс тәсілдері туралы ұлттық бірауыздылық пайда болды.

Енді Палестина халқы өзінің отыз жылдық тарихында екі бөлек үлгіні тәжірибеден өткізіп, олардың өзінің жағдайына сәйкестік деңгейін анықтады. Бітім үдерісіне қарсы қасиетті интифазаның үздіксіз әрі ержүрек қарсыласуы тұр. Мұның халық үшін үлкен жетістіктері болды. Осы күндері жағдайы белгілі орталықтар тарапынан «қарсыласуға» шабуыл жасалып, «интифазаға» күмән тудырылатынын байқайтынымыз дәлелсіз емес. Дұшпаннан бұдан басқаны күтпейміз де, өйткені бұл жолдың дұрыстығы және оның жемісті болғаны айқын. Алайда, кейде кейбір ағымдар мен тіпті сырттай Палестина мәселесін қолдаймыз дейтін, ал шын мәнінде бұл халықты дұрыс жолдан тайдыруды көздейтін елдердің қарсыласуға шабуыл жасайтынын байқаймыз.  Олардың уәждері мынадай: қарсыласу қозғалысы өзінің ондаған жылдық тарихында әлі Палестинаға азаттық әкеле алмады, демек, бұл тәсілді қайта қарастыру керек. Бұған жауап ретінде қарсыласу қозғалысының өзінің түпкілікті мақсатына, яғни Палестинаны толығымен азат ему мақсатына әлі жете алмағаны рас, бірақ қарсыласу қозғалысы Палестина мәселесінің өзектілігін сақтай алды деу керек. Егер қарсыласу қозғалысы болмағанда қазір қандай жағдайда өмір сүрер едік? Қарсыласу қозғалысының ең маңызды жетістігі сионистік режимнің жобаларына ауыр кедергілер тудыруы болып табылады. Қарсыласудың сәттілігі – дұшпанға қажытатын соғысты таңуы, яғни сионистік режимнің негізгі мақсаты болған бүкіл аймаққа билік ету мақсатын жеңіліске ұшырата алды. Бұл арада шынымен-ақ әртүрлі кезеңдерде сионистік режимді құрыла бастағаннан-ақ қарсыласуға кірісіп, жанын пида етіп, қарсыласудың туын биік ұстап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізген күрескерлер мен жауынгерлерге алғыс айтып, марапаттауымыз керек.  Басып алынғаннан кейінгі кезеңдердегі қарсыласудың рөлі ешкімге жасырын емес. Тіпті, шын мәнінде 1973 жылы болған соғыстағы қарсыласудың рөлін назардан тыс қалдыра алмаймыз. 1982 жылдан бастап қарсыласудың салмағы Палестинаның ішіндегі халыққа түсті. Ливанның исламдық қарсыласуы – Хезболла  күресте палестиналықтарға көмектесуге асықты. Егер қарсыласу сионистік режимді жер жастандырмағанда, қазір оның аймақтың басқа жерлеріне Мысырдан Иорданияға, Ирак пен Парсы шығанағына дейінгі жерлерге  қол созуына куә болар едік. Ия, бұл өте маңызды жетістік. Алайда бұл қарсыласудың жалғыз жетістігі емес. Ливанның оңтүстігі мен Газаның және Палестинаның азат етілу үдерістерінде екі маңызды кезеңдік мақсаттың орындалуы да саналады. Бұлар сионистік режимнің географиялық таралу аясын шектей алды. 80-жылдардан бастап сионистік режимнің басқа жерлерге қол соза алмағаны былай тұрсын, оның масқара түрде Ливанның оңтүстігінен шегіну үдерісі басталып, Газадан шығуымен жалғасты. Ешкім бірінші интифазадағы қарсыласудың шешуші рөлін жоққа шығара алмайды. Екінші интифазада да қарсыласудың рөлі түпкілікті әрі айшықты болды. Бұл интифаза ақырында сионистік режимді Газадан шығуға мәжбүрледі. Ливандағы 33 күндік соғыс, Газадағы 22 күндік, 8 күндік және 51 күндік соғыстардың барлығы қарсыласу тарихының жарқын парақтары болып саналады. Бұл аймақ халықтарының барлығының, ислам әлемі мен әлемнің барлық азаттықты сүюшілерінің мақтанышын тудырды.

33 күндік соғыста іс жүзінде Ливан халқы мен Хезболланың қайсар  жауынгерлеріне көмек жеткізу жолдарының барлығы жабылған еді, алайда Құдайдың көмегімен және Ливанның табанды халқының ұлы күшінің арқасында сионистік режим мен оның негізгі демеушісі, яғни АҚШ масқара жеңіліске ұшырады. Енді бұл жерге шабуыл жасауға жүректері дауаламайтындай болды. Газаның үздіксіз қарсыласуы қазір қарсыласу қозғалысының алдырмас қамалға айналып, бірінің артынан бірі болған бірнеше соғыста бұл режимнің ұлттық ерік-жігеріне қарсы табандылық танытатындай қауқары жоқ екенін көрсетті. Газа соғыстарының негізгі қаһармандары – ержүрек, табанды халық. Ол бірнеше жыл бойы экономикалық қоршауда болса да, иманның күшіне сеніп, әлі күнге дейін осы қамалды қорғап келеді. Осы сәтті пайдаланып, Палестинаның қарсыласушы топтарының барлығына – исламдық джиһад қозғалысынан  Сарайа ул-Құдсқа, ХАМАС-тың Азеддин Ғиссам бригадаларына, Фатхтан әл-Ақса шәһидтерінің бригадаларына, Халық майданынан Абуали Мұстафаның бригадаларына Палестинаны азат ету жолындағы соғыстарда атқарған құнды рөлі үшін алғыс айту керек.

Құрметті қонақтар!

Сионистік режимнің аймақта орналасуынан туындаған қауіп-қатерлер ешқашан естен шығарылмауы тиіс. Сондықтан қарсыласу өзінің ісін жалғастыру үшін барлық қажетті құралдарға ие болуы керек. Осы жолда аймақтағы барлық халықтар мен үкіметтер, сондай-ақ әлемнің барлық азаттықты талап етушілері осы табанды халықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті. Қарсыласудың басты тірегі – Палестина халқының табандылығы мен баяндылығы. Бұл халықтың өзі қайсар да берік ұл-қыздарды тәрбиелеп шығарды. Палестина халқы мен қарсыласу қозғалысының қажеттіліктерін қамтамасыз ету – барлығымыз орындауға тиісті маңызды да өміршең міндет. Осы үдерісте Иордан өзенінің батыс жағалауындағы қарсыласу қозғалысының басты қажеттіліктеріне көңіл аударылмай қалмауы керек. Олар қазір қуғын-сүргін көріп отырған интифазаның басты жүгін арқалап отыр. Палестинаның қарсыласуы да өзінің өткенінен сабақ алып, мына маңызды мәселеге көңіл аударуы керек: «қарсыласу» мен «Палестина» ислам және араб елдері арасындағы елдердің ішкі қайшылықтарымен немесе тайпааралық және дінаралық қайшылықтармен айналысудан әлдеқайда құндырақ әрі жоғарырақ. Палестиналықтар, әсіресе қарсыласу топтары өздерінің құнды орнының қадірін біліп, осындай қайшылықтарға араласпауы керек. Ислам және араб елдері, барлық исламдық және ұлттық ағымдар Палестинаның арманына қызмет етуге міндетті. Қарсыласуды қолдау – баршамыздың міндетіміз. Ешкімнің көмектің есесіне олардан бірдеңе дәметуге қақысы жоқ. Ия, көмектің басты шарты мынада: бұл көмектер Палестина халқы мен қарсыласудың құрылымын  нығайтуға жұмсалуы тиіс. Дұшпанға қарсы табандылық таныту идеясына беріктік және дұшпандықтың кез-келген  қырымен қарсыласу – осы көмектердің үздіксіз берілуінің кепілі.

Біздің қарсыласуға қатысты ұстанымымыз – принципті ұстаным. Бұл белгілі бір топқа қатысты емес. Осы жолда қай топ табанды болса, біз сонымен біргеміз. Осы жолдан тайған әрбір топ бізден алшақтайды. Біздің исламдық қарсыласу топтарымен байланысымыздың тереңдігі тек олардың қарсыласудың принциптеріне беріктігінің дәрежесіне байланысты.

Келесі мәселе – әртүрлі палестиналық топтар арасындағы қайшылық.  Әртүрлі топтар арасында талғамның алуандығына байланысты көзқарастардың әрқилы болуы – түсінуге болатын табиғи жағдай. Осы шектен шықпаса, Палестина халқының күрестерінің одан ары үдеп, толыса түсуіне септігін тигізеді. Алайда бұл қайшылықтар дау-жанжал мен (Құдай бетін ары қылсын), қақтығысқа ұласқанда қиындық басталады. Бұл жағдайда әртүрлі ағымдар бір-бірінің күш-қуатын әлсіретіп, залалсыздандыру арқылы іс жүзінде олардың ортақ дұшпанының мақсат-мүддесіне орай әрекет етеді. Қайшылықтар, көзқарастар мен талғамдар алуандығын басқару негізгі ағымдардың барлығы қолдануы тиіс өнер болып табылады. Негізгі ағымдар өздерінің күрес бағдарламасын дұшпанға қысым жасап, ал күресті нығайтатындай жоспарлауы тиіс. Джиһадтық бағдарлама негізіндегі ұлттық бірлік Палестина үшін ұлттық қажеттілік болып табылады. Әртүрлі ағымдардың барлығынан Палестина халқының талап-тілектерін орындау жолында талпыныс жасайды деп күтіледі.

Қарсыласу бұл күндері басқа бір қастандықпен бетпе-бет келіп отыр. Бұл –  Палестина халқының қарсыласуы мен интифазасын өз жолынан тайдырып, оны Палестина халқының дұшпандарымен құпия мәмілелердің қаражаты деп көрсетуге тырысып жатқан доссымақтар. Қарсыласу осындай қақпанға түсуден әлдеқайда қырағы. Әсіресе, Палестина халқы күрестер мен қарсыласулардың шынайы жетекшісі болып отырған жағдайда. Өткен тәжірибелер көрсеткендей, бұл халық жағдайды нақты түсіну арқылы осындай жолдан таюшылыққа жол бермейді. Егер, (Құдай оның бетін ары қылсын), қарсыласу ағымдарының бірі осындай қақпанға түсіп қалса, бұл халық бұрынғыдай өз қажеттілігін қайта тудыра алады. Егер бір топ қарсыласу туын тастаса, Палестина халқынан басқа топ шығып, оны қолына алатыны анық.

Осы конференцияға қатысып отырған құрметті қонақтар, сіздердің тек Палестина жайлы сөйлейтіндеріңіз айқын. Бірақ, өкінішке орай, соңғы бірнеше жылда оған тиісті көңіл аударуда олқылықтар болды. Аймақ пен ислам үмбетінің әртүрлі жерлерінде бар дағдарыстарға да көңіл аудару қажет екендігі анық. Алайда осы басқосуға себеп болған тақырып – Палестина мәселесі. Бұл конференция  біртіндеп барлық мұсылмандар мен аймақтың халықтары өздерінің ортақтықтарына сүйеніп, қайшылықтарды ауыздықтап, олардың әрқайсысын шешу арқылы Мұхаммад (с.ғ.с) үмбетінің нығая түсуіне жағдай жасайтындай үлгі бола алады.

Сөз соңында тағы да конференцияға қатысып отырған барлық құрметті қонақтарға алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы мен оныншы Мәжілістегі оның әріптестеріне осы конференцияны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Ислам әлемінің ең негізгі мәселесі және барша мұсылмандар мен әлемнің азаттық талап етушілерін біріктіретін өзек ретіндегі Палестина мәселесіне қызмет ету жолындағы сіздердің еңбектеріңізге Алла тағаладан сәттілік сұраймын.

Исламның барлық шәһидтерінің жеңіске толы рухына, әсіресе  қарсыласу қозғалысының сионистік режимге қарсы күрестегі жоғары дәрежелі шәһидтері, қарсыласу майданының барлық жауынгерлері мен Палестина  мәселесіне бәрінен көп көңіл бөлген ИИР-ның негізін қалаушының рухына Алланың сәлемі мен рақымы болсын! Табысқа жетіп, жеңімпаз болыңыздар! 

والسلام عليكم ورحمة الله وبركاته

Теһран, 21.02.2017 ж.