29 есфанд – Иранда мұнай өнеркәсібі ұлттандырылған күн
Жексенбі, 29 есфанд, сәйкесінше 19 наурыз күні Иранда мұнай өнеркәсібінің ұлттандырылғанына 66 жыл болды.
Иранның мұнай өнеркәсібінің ұлттандырылу жобасы 1951 жылы 20 наурызда Иран Мәжілісіндегі мұнай комиссиясы мүшелерінің ұсынысымен бекітіліп, Иран мұнайы ресми түрде ұлттандырылды.
Текетіреске толы бір саяси кезеңнен соң Иранда мұнай өнеркәсібі ұлттандырылып, Ұлыбританияның осы өнеркәсіптегі үстемдігі аяқталды. Бұл мәселе британдықтардың біртіндеп Таяу Шығыс аймағынан шығарылуына себеп болды.
Иранда мұнай өнеркәсібінің ұлттандырылуы, сондай-ақ, Таяу Шығыс аймағындағы саяси өзгерістер тарихында бетбұрыс нүктесі болды. Мысырда Джамал Абдуннасердың бастауымен Суэц каналының ұлттандырылуы да Иранның мұнай өнеркәсібінің ұлттандырылуынан үлгі алып жасалды.