Сәу 14, 2017 18:31 Asia/Almaty
  • Иран сайлауға қарай қадам басуда

Президенттік сайлаудың он екінші кезеңіне үміткерлерді тіркеу бүгін төртінші күні әлі жалғасуда. Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша, үміткерлерді тіркеудің үшінші күні 357 адам тіркелген. Алғашқы күндердегі үміткерлердің санын қосқанда тіркелгендердің саны 600 адамнан асты.

Президенттік сайлаудың он екінші кезеңіне үміткерлерді тіркеу 11 сәуірде басталып, 15 сәуірге дейін жалғасатын болады. Болжамдар бойынша, қалған екі күні сайлауға үміткер ретінде танымал тұлғалар көбірек тіркелетін болады.

Халықтың дауысына жүгіну – исламдық Ирандағы демократияның  бір көрінісі. Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткеннен бірнеше ай өткен соң х.ш.ж.с.б. 1358 жылы 12 фарвардинда, сәйкесінше 1979 жылдың сәуір айында референдум өтіп, халық жүйенің «исламдық республика» деп аталуына дауыс берді. Содан кейін де орташа есеппен алғанда жыл сайын бір сайлау өткізіліп тұрды. Осы демократиялық үдерістің жалғасуы халықтың жүйенің негізгі органдары мен тетіктерін қалыптастыруға атсалысуын көрсетеді. Қазіргі таңда да Иран халқы шамамен бір айдан кейін  президенттік сайлаудың он екінші кезеңі, қалалар мен ауылдардағы исламдық кеңестерге сайлаудың бесінші кезеңі және Ислам Кеңесі Мәжілісінің кезеңаралық сайлауын бір мезгілде өткізеді.  Бұл сайлау 19 мамырда өтеді. Иран Президенті атқарушы биліктің басшысы ретінде елді басқаруда өте ауыр жауапкершілік пен орынға ие. Сол себепті осы міндетті атқаруға лайық адамды таңдау маңызды оқиға болып табылады. Осы тұрғыдан Президентті сайлаудағы толқыныс пен толғаныс басқа сайлауларға қарағанда көбірек көзге ілінеді. Сайлауалды толқынысты екі тұрғыдан байқауға болады: бұл толқынның бір жағында халық тұр, яғни өздерінің дауысымен сайлаудың тағдырын анықтайтын адамдар; екінші жағында осы міндетті қабылдауға үміткер ретінде тіркелетін адамдар тұр. Бұл кезеңді сайлауды өткізу жолындағы алғашқы қадам деп атауға болады. Бұл кезең көптеген отандық және шетелдік ақпарат құралдарының назарын өзіне аударып отыр.  Иранның сайлау заңы бойынша,  осы ауыр міндетті алуға үміткер болатын адамдар ерекше шарттарға сәйкес келуі керек. Соның ішінде  саяси немесе діни тұлға болуы, басқару саласында мол тәжірибеге ие болуы, осы маңызды міндетті атқару үшін қажет қарым-қабілетке ие болуы қажет.  Сондықтан тіркелген жүздеген үміткердің ішінде қанша адамның осы талаптарға сай екендігін жариялау бақылаушыларға жүктелген. Олар үміткерлердің біліктілігін анықтайды. Осы үдерістегі маңызды мәселе – Иран Конституциясында баса айтылған сайлау принципі. Конституцияның алтыншы бабында осы тақырыптың жалпы принциптері баяндалған.  Өткен қырық жылдың ішінде жүйелі түрде және халықтың жаппай қатысуымен сайлаулар өткізу Ислам республикасы жүйесіндегі сайлаудың маңыздылығын көрсетеді. Сайлауға көңіл аударып, оған маңыздылық беру Иранның жаңа саяси тарихының қалыптасуы мен халық тарапынан жүйенің саяси тағдырын анықтауда маңызды рөл атқарды. Сайлау – шын мәнінде, демократиялық жүйенің негізі әрі қоғамда демократияның дамуының алғышарты.  Сол себепті сайлау ИИР жүйесінде азаматтық құқық болумен қатар, жауапты бір міндет саналады. Сондықтан Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеидің пікірінше, сайлауда екі мәселе маңызды: біріншісі – сайлауға қатысу принципі, екіншісі – дұрыс таңдау және білікті  үміткерлерге дауыс беру.    

 

Тегтер