Иранның абырой-айбыны – дұшпандардың алдындағы мықты қамал
Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи сәрсенбі күні имам Хосейн (ғ.с.) атындағы университеттің офицерлік және сақшылық тәрбие бөлімі түлектерінің рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы сайлаудың маңыздылығын тағы да қуаттап, ИИР-ның абырой-айбынын арттыратын тақырыптарды атады.
Хазірет аятолла Хаменеи осы рәсімде Иран елі мен халқының абырой-беделінің факторлары мен жамандық тілеушілердің осы факторларға қарсы шығу себебіне тоқталып: «Бейберекеттікке толы аймақта елімізде қауіпсіздік пен тыныштықтың сақталуы – ИИР мақтаныштарының бірі»,-деді.
Қауіпсіздік мәселесі – осыдан былай бір көлемді емес, бірнеше көлемді ұғым, ол әскери күш-қуатты арттырумен шектелмейді. Иран өзінің ішкі қабілетіне сүйеніп, жергілікті ықпалды күш-қуат тудырды. Соның арқасында өзінің айналасындағы тынышсыз ортада тұрақты қауіпсіздікке ие. Бұл тұрақты қауіпсіздік әскери күш-қуат, білікті қарулы күштер, соның ішінде Ислам революциясының Сақшылар корпусы, ғылым мен ғылыми даму, мықты да тәуелсіз экономика, адал әскери күштер, «қарсыласу үкіметі» мен саяси атсалысуларға қарыздар. Осы абырой-айбын факторларының серпінді жиынтығы ИИР-ның тежегіш құдіретін құрайды. Осы күш дұшпанды Иранға басқыншылық жасаудан бас тарттырып отыр.
Әскери күш-қуат, соның ішінде зымыран сияқты әскери қару-жарақтар елге қаншалықты айбын сыйласа, мықты экономикаға ие болу, ғылым мен технология саласында жетістікке жету, қарсыласу үкіметіне ие болу және халықтың саяси сахнаға қатысуы да соншалықты тежегіш құдіретті нығайту үшін қажетті істер саналады. «Қарсыласу үкіметі» дұшпандардың алдында кері шегінбейді.
Ислам революциясы жетекшісінің айтуынша, «қарсыласу үкіметі» үстемдікті де, басқа елдерге араласуды да қаламайды, алайда қорғаныс позициясында ғана қалып қойып, әрекетсіздік те жасамайды. Ислам революциясы жетекшісінің түсіндіруінше, «қарсыласу үкіметі» саясат, экономика, қарулы күштер, кеңінен ықпал ететін аймақтық және халықаралық іс-қимылдардың бір-бірімен астасып жатқан және бір-бірін толықтыратын көрсеткіштерінен тұрады. Бір-бірімен байланысып жатқан бұл көрсеткіштер «тежегіш құдіретті» нығайтып, ИИР-ын қуатты, тәуелсіз әрі аймақтық және халықаралық өзгерістерде саяси ықпалды елге айналдырды. Осы басты принципті назарға ала отырып, Ислам революциясы жетекшісі талай рет ИИР-ның дұшпандарына «соққы беріп, қашатын» дәуреннің өткенін, олардың кез-келген әрекетті бастауы мүмкін екенін, алайда істің аяғы дұшпандардың қолында болмайтынын ескертті.
Исламдық Иранның дұшпандары әрдайым қысқа, орташа және ұзақ мерзімді үш мақсатты күн тәртібіне қояды. Олардың қысқа мерзімдегі мақсаты – ИИР-ның қауіпсіздігін бұзу және елге іріткі салу. Иранның қазіргі қауіпсіздік жағдайы халық пен жүйенің білікті әскери күштерге жәрдемдесуіне қарыздар. Халықтың хабардарлығы және саяси қатысуы – күш-қуат пен қауіпсіздік тудыратын фактор. Халықтың қырағылығы мен саналы түрде саяси сахнаға қатысуы дұшпандардың 2009 жылдағы бүлігін әсерсіз қалдырып, оларды Иран халқының ұлттық ерік-жігерінің мықты дуалына ұрындырды.
Дұшпандардың ұзақ мерзімдегі мақсаты – жүйенің негізін жою. Дұшпандар Ислам революциясы жеңіске жеткеннен бері жүйеге соққы беру үшін әртүрлі тәсілдерді пайдаланып, енді қатынастарын өзгертуге ден қойып отыр. Осындай жағдайда халықтан бәрінен бұрын қырағылықты сақтап, саяси сахнада айшықты рөл атқару күтіледі. Халықтың ИИР жүйесін қолдауының жалғасын табуы және революция армандарының сақталуы дұшпандардың ұзақ мерзімді мақсатының орындалуына жол бермей келеді. Алдағы президенттік сайлауға жаппай қатысу және халықтың жүйені қолдайтынын көрсету дұшпандардың есебін бұзады. Ислам революциясының жетекшісі айтқандай, сайлауға «саналы түрде қатысу» жүйе мен мемлекеттің абырой-беделінің қайнар көзі саналады.