Жетекші көзқарасы: Халық пен исламдық жүйе – сайлаудың ержүрек жеңімпаздары
Ислам революциясының жетекшісі жолдау жариялап, халыққа президенттік сайлаудың он екінші кезеңі мен қалалық және ауылдық ислам кеңестерінің бесінші кезеңінің сайлауларына салтанатты түрде қатысқаны үшін алғыс айтып, бұл сайлаудың жеңімпазын халық пен исламдық жүйе деп атады.
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи сенбі күні Иран халқына алғыс айтуға арналған жолдауында: «Кешегі сайлаудың салтанатты мерекесі ұлттық ерік-жігердің жарқын бейнесін әлем халықтарына тағы да паш етті. Халықтың сайлауға жаппай қатысуы және Иранның барлық жерінде дауыс беру учаскелеріне жету үшін ұзын сап түзеуі исламдық демократия негіздерінің нығайғанын және осы илаһи нығметтің баршаға жағымды екенін айқындап, Иран мен ирандықтардың амал алаңындағы сынақтан абыроймен өткенін көрсетті. Сайлаудың жеңімпазы – Иран халқы және дұшпанның қастандықтары мен талпыныстарына қарамастан осы ұлы халықтың сеніміне енген, әрбір кезеңде табысқа жеткен Ислам республикасының жүйесі»,-деді.
ИИР Ішкі істер министрі Абдурреза Рахмани Фазли сенбі күні тілшілер алдында: «Барлық сайлау учаскелерінде есептелген 99,7 пайыз дауыспен президенттік сайлауға қатысқандардың саны 41 220 131 адам болды»,-деп мәлімдеді.
Иран Ішкі істер министрінің айтуынша, Хасан Рухани 23 549 616 дауыспен ең көп дауыс жинап (57 пайыз), сайлаудың он екінші кезеңінің жеңімпазы атанды.
Президенттік сайлаудың он екінші кезеңі қалалық және ауылдық ислам кеңестерінің бесінші кезеңі сайлауымен бір мезгілде жұма күні Иранның түкпір-түкпірінде өткізілді. Иранның саяси сахнасына әрдайым белсенді түрде қатысатын халық өздерінің саяси тағдырларына тікелей атсалысып, ел Президентін сайлау үшін сайлау учаскелері ашылғанға дейін осы орталықтардың алдында сап түзеді. Конституцияның 114-бабы бойынша, Иранда Президент халықтың тікелей дауыс беруі арқылы төрт жылға сайланады.
Халықтың Иранның президенттік сайлауындағы өзінің шынайы әрі тікелей рөлін сезінуі оларды сайлау учаскелеріне келтірді. Халықтың миллиондап қатысуы сайлау учаскелерінде есте қалаларлық тарихи көріністер тудырды. Осы жолы Иранның президенттік сайлаулары тарихында дауыс берушілердің қатысуы бойынша жаңа рекорд тіркелді. Ұзын саптарда бірнеше сағат бойы тұру халықты саяси жауапкершіліктен бас тартқызбады. Бұл әлем халықтарына ИИР жүйесі тағдырының халықтың қолында екенін және осы ықпалды рөлді дұрыс пайдаланатынын тағы көрсетті.
Президенттік сайлауға 41 млн-нан астам адамның қатысуы халықтың саяси сана-сезімінің пісіп-жетілгенін көрсетеді. Мұнымен қоса, Иран халқының саяси салада күш-қуатының артып келе жатқанын байқатты. Халықтың президенттік сайлаудың он екінші кезеңіне ержүректікпен қатысуының айқын да маңызды жолдауы – халықтың исламдық жүйемен терең байланыста екендігі. Халық пен жүйенің қатар жүруі осы жүйеге жамандық тілеушілердің жоспарларын тағы да бұзды.
Жұма күні барлық әлеуметтік топтар, саяси талғамдар мен ағымдардың бірлесіп саяси сахнаға шығып, ИИР жүйесіне бірауыздан дауыс беріп, осы сынақтан абыроймен өтуі – революция мен ИИР жүйесі үшін қымбат қазына. Бұл осы жүйенің негіздерін одан ары нығайта түседі.