Дұшпандардың Иранның зымырандық күші туралы сөздері – олардың надандықтарының белгісі
Иран Ислам Республикасының президенті Рухани Иран халқы дұшпандарының Иранның зымырандық күшіне қатысты сөздерінің олардың надандықтарының белгісі екенін баса айтып, Иранның негізгі күшінің өз халқына деген сенімі екенін ескертті.
ИИР-ның президенті Хасан Рухани сәрсенбі күні министрлер кабинетімен өткізген жиналыста сөйлеген сөзінде: «Иранның күші тек зымыранмен шектелмейді. Алайда біздің елімізге қанша зымыран қажет болса, ешбір дұшпанның сөзіне қарамастан, сонша зымыран жасаймыз» деді.
Рухани Иран халқының дұшпандарына қаратып: «Саддам режимі Иранға шапқыншылық жасаған кезде дұшпандардың қолында зымырандар мен тікұшақтар болып, Саддамды заманауи ұшақтар және танктермен, ең ауыр химиялық қарулармен жабдықтағанымен, Иран халқы иман, бірлік және діни жетекшіге бағыну арқылы жеңіске жетті» деді.
ИИР-ның президенті сонымен қатар, үшінші хордад - Хоррамшахрды азат ету күнін ұлықтап: «Ирактың Иранға таңған соғысында әлем Иран халқына қарсы тұрды. Иран халқы үлкен мұғжиза жасады» деді.