Зариф пен Исмаил Валад әш-Шейх Йемендегі гуманитарлық апатты тоқтату қажеттігін қуаттады
ИИР Сыртқы істер министрі мен БҰҰ Бас хатшысының Йемен істері жөніндегі арнайы өкілі Йемендегі гуманитарлық апатты тоқтатып, жан-жақты саяси шешім жолын табу қажеттігін қуаттады.
Сенбі күні Иран басшыларымен кеңесу үшін Теһранға келген БҰҰ Бас хатшысының Йемен істері жөніндегі арнайы өкілі Исмаил Валад әш-Шейх ИИР Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зарифпен кездесіп, Йемендегі соңғы өзгерістер жайлы сұхбаттасты.
Исмаил Валад әш-Шейх Иран Сыртқы істер министрінің Араб және Африка істері жөніндегі орынбасары Хосейн Джабер Ансаримен де кездесіп, саяси келіссөздерді қайта жандандыруға көмектесу мен Йеменнің қоршауда қалып, ашаршылыққа ұшыраған халқына гуманитарлық көмек жіберудің жолдары жайлы сұхбаттасты.
Хосейн Джабер Ансари осы кездесуде БҰҰ-ның Йемен дағдарысын шешуге бағытталған талпыныстарының сәттілікке жетуін бұл ұйымның қақтығысушы тараптардың сеніміне ие болу үшін толық бейтараптықты сақтауымен байланыстырды.
БҰҰ Бас хатшысының Йемен істері жөніндегі арнайы өкілі де Йемен дағдарысын әскери жолмен шешуге болмайтынын айтып, бейбіт шешім жолын табу мен осы елде бейбітшілік орнату жолындағы Иранның қолдауына алғыс айтты.