Ислам революциясы жетекшісінің Алланың үйіне қажылыққа барған зияратшыларға жолдауы
Ислам революциясы жетекшісінің жолдауын бүгін, бейсенбі күні таңертең Арафа даласында діни жетекшінің өкілі әрі ирандық қажылардың басшысы Қази Аскяр оқыды. Мәтіннің толық нұсқасы төмендегідей:
Мейірімді де рақымды Алланың атымен!
بسماﷲالرّحمنالرّحیم
و الحمد ﷲ ربّ العالمین و الصّلاة و السّلام علی سیّدنا محمّد خاتم النّبیّین و آله الطّاهرین و صحبه المنتجبین
Биыл да әлемнің түкпір-түкпіріндегі мүміндердің қалың тобына қажылыққа бару бақытын бұйырып, осы мейірімділіктің қайнар көзінен сусындап, қасиетке толы әрбір сағаты мұғжиза тудыратын сусын сияқты жүрекке қозғау салып, жанды тазартатын күндер мен түндерде Құдайдың үйіне жақын жерде құлшылық жасап, ғибадат етіп, зікір етуге мұрсат берген Алла Тағалаға мың алғыс айтамын.
Қажылық – құпияға толы ғибадат. Қасиетті үй – илаһи нығметтерге толы орын, хазірет Хақ тағаланың аяттары мен сөздерінің символы. Қажылық мүмін әрі қырағы пендені рухани биікке жеткізіп, оны жоғары деңгейде нұрланған, қырағы, ержүрек, тәуекелшіл әрі қайратты адам етіп қалыптастырады. Осы теңдессіз парызда рухани және саяси, жеке және әлеуметтік қырлар да айқын көрініс тапқан. Мұсылман қоғамы бүгінде мұның екеуін де қажет етеді.
Бір жағынан, дамыған құралдарды пайдаланатын материалды дүние адамдарды азғырып, жаман жолға бастауда. Басқа жағынан, әлемдік жүйеге үстемдік етіп отырған саясаттар мұсылмандардың арасына жік салып, соғыс отын тұтандырып, ислам елдерін бейберекеттік жайлаған тозақ пен қайшылықтарға айналдыруда.
Қажылық ислам үмбетінің осы екі ауруын емдеуде шипалы дәрі болып, жүректерді таттан тазартып, тақуалық пен таным нұрымен сәулелендіре алады. Сондай-ақ, көздерді ислам әлемінің ащы шындықтарына қарай ашып, ерік-жігерді соларға қарсы шығуға бағыттап, қадамдарды нығайтып, қол мен сананы іске дайындай алады.
Бүгінде ислам әлемі бейберекеттікке душар болып отыр. Ақлақтық, рухани және саяси тынышсыздық біздің қапылдығымыз бен дұшпандардың рақымсыздықпен шабуыл жасауының факторына айналды. Біз дұшпанның шабуылы алдында өзіміздің діни және ақлақтық міндетімізді атқармадық. Кәпірлерге қатал болуды, өзара рақымды болуды естен шығардық. Соның салдарынан сионист дұшпан ислам әлемі географиясының жүрегінде іріткі салумен айналысып жатыр. Біз Палестинаны құтқаруға қатысты кесімді міндетімізден қапы қалып, Сирия, Ирак, Йемен, Ливия мен Бахрейнде азамат соғысымен, ал Ауғанстан мен Пәкістанда терроризммен күресіп жатырмыз.
Ислам елдерінің басшылары мен ислам әлемінің саяси, діни және мәдени қайраткерлеріне ауыр міндет жүктелген. Олар бірлік қалыптастырып, баршаны тайпалық және мазхабтық жауластықтан сақтандырып, халықтарды дұшпандардың айла-шарғылары және үстемшілдер мен сионизмнің қылмыстарынан хабардар етіп, баршаны жұмсақ және тікелей соғыс майдандарында дұшпандарға қарсы тұру үшін жарақтап, бүкіл әлемде қайғы мен наразылық тудырған қазіргі Йемендегі оқиғалар сияқты ислам елдерінде болып жатқан ащы да апатты жағдайларды тез арада тоқтатып, Мьянма мен басқа жерлерде жапа шеккен мұсылман азшылықтарын кесімді түрде қорғап, бәрінен маңыздысы Палестинаны қорғап, 70 жылға жуық уақыт бойы өзінің басып алынған жері үшін күресіп жатқан халыққа қалтқысыз көмектесуге міндетті.
Мұның барлығы біздің бәріміздің мойнымыздағы міндет. Халықтар мұны өздерінің үкіметтерінен талап етуі керек. Тұлғалар бар күш-жігерлері және пәк ниеттерімен бұл міндеттерді орындауға талпынуы тиіс. Бұл істер – Алла дінінің жеңіске жететіндігінің кесімді дәлелі. Алланың уәдесіне сәйкес, оның көмегінің бізге серік болатыны анық.
Бұлар – қажылық беретін дәрістердің бір бөлігі. Осыны түсініп, оны орындаймыз деп үміттенемін.
Баршаңыздың қажылықтарыңыздың қабыл болуын тілеймін. Мина мен әл-Харам мешітінде шәһид болғандарды құрметпен еске алып, рақымды да мейірімді Алладан олардың дәрежелерінің өсуін сұраймын.
والسّلامعلیکمورحمةﷲ
Сейіт Әли Хаменеи
7 шахривар 1396 жыл
7 зилхадже 1438 жыл
29 тамыз 2017 жыл.