Рухани: БҰҰ Бас ассамблеясы – Иран халқының үнін әлем халықтарына жеткізуге берілген қолайлы мүмкіндік
ИИР Президенті БҰҰ Бас ассамблеясының жыл сайынғы саммитын Иран халқының дауысын әлем халықтарына жеткізуге және АҚШ пен Батыстың қоғамдық пікіріндегі ықтималды күдік-күмәндарды жоюға берілген қолайлы мүмкіндік деп атады.
ИИР Президенті Хасан Рухани жексенбі күні таңертең БҰҰ Бас ассамблеясының жетпіс екінші саммитына қатысу үшін Теһраннан Нью-Йоркке аттанар алдында тілшілерге берген сұхбатында БҰҰ Бас ассамблеясының саммитында сөз сөйлеумен қоса, АҚШ-тағы БАҚ басшылары, саясаткерлер, әртүрлі институттардың жауапты тұлғаларымен, ислам дінбасылары және осы елде тұратын ирандықтармен кездесіп, сұхбаттасып, Иранның ұстанымдарын түсіндіретінін айтып: «Сапар барысында Бельгия, Швеция, Аустрия, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Пәкістан, ОАР, Боливия елдері басшыларымен кездесіп, екіжақты қарым-қатынас, аймақтық мәселелер, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы және Мьянма мұсылмандарының қырып-жойылуына қатысты ұстаным жайлы пікір алмасатын боламын. БҰҰ Бас ассамблеясының саммиты аясында Ислам ынтымақтастық ұйымының ұйымдастыруымен Мьянма мұсылмандарының қырып-жойылуына қатысты бір отырыс және қоршаған орта мен ауа райына қатысты тағы бір отырыс өткізіледі»,-деді.
Иранның атқарушы билігінің басшысы «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын аймақ пен әлемнің қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен дамуына бағытталған келісім деп атап, аталмыш халықаралық келісімге қарсылардың санының шектеулі екенін айтты.
Хасан Рухани, сонымен қатар, Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тың Иранға қарсы ұдайы теріс жарнама жасайтындығына тоқталып: «Ислам елдері, әсіресе Иран жайлы әлемдік жарнамалар ақиқаттан алшақ. Иран БҰҰ Бас ассамблеясының саммитында өзінің ұстанымдарын жария етеді»,-деді.
ИИР Президенті Иранның әлеммен ауқымды да сындарлы қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін айтып: «Таяу Шығыс аймағы дағдарысының әскери шешім жолы жоқ. Бұл түйткілдерді тек саяси диалог арқылы шешуге болады. Лаңкестікпен күрес тақырыбы барлық елдердің әріптестігін қажет етеді»,-деді.
ИИР Президенті БҰҰ Бас ассамблеясының жетпіс екінші саммитына қатысу үшін бүгін жексенбі күні таңертең Теһраннан Нью-Йоркке аттанды.