Ислам революциясының жетекшісі: Сионистік режим аймақта "жаңа Израиль" құруды көздейді
(last modified Thu, 05 Oct 2017 09:06:15 GMT )
Қаз 05, 2017 15:06 Asia/Almaty
  • Ислам революциясының жетекшісі: Сионистік режим аймақта

Ислам революциясының жетекшісі сəрсенбі күні кешке Теһранда Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, АҚШ пен сионистік режимнің Ирактың Күрдістан аймағында референдум өткізуден көздейтін мүдделеріне тоқталып: "АҚШ пен шетелдік алпауыттарға сенуге болмайды. Олар аймақта "жаңа Израиль" құруды көздейді",-деді.

Хазірет аятолла Хаменеи Ирактың Күрдістан аймағында референдумның өткізілуін аймаққа қиянат және оның болашағына қатер деп атап, бұл шараның ұзақ мерзімде көршілес елдерге тигізер салдарларына тоқталып: "Иран мен Түркия осы оқиғаға қарсы қолдан келетін кез келген шараны атқаруы тиіс. Ирак үкіметі де мәселеге қатысты қатаң шешім қабылдап, шара қолдануы керек",-деп қуаттады.

Ислам революциясының жетекшісі Иран мен Түркия тарапынан осы мәселеге қатысты әріптестік жасап, пікірлесіп, саяси-экономикалық салада ортақ қатаң шешімдер қабылдау қажеттігін өте маңызды деп атап: "АҚШ пен еуропалық елдердің бұл мәселеге көзқарасы Иран мен Түркияның көзқарасынан мүлдем бөлек. АҚШ өз ықтиярында әрдайым Иран мен Түркияға қарсы тұратын бүлдіргі фактордың болуын қалайды. Сондықтан америкалықтар мен еуропалықтардың ұстанымдарына мүлдем сенуге болмайды",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі, сондай-ақ, Иран мен Түркияның Астана келіссөздеріндегі ынтымақтастығы мен соның нәтижесінде Сириядағы жағдайдың жақсару үдерісіне ризашылығын білдіріп: "Әрине, ДАИШ пен тәкфиршілдер мәселесі мұнымен біте қоймайды. Бұл мәселені шешу ұзақ мерзімге жоспарланған шынайы бағдарламаны қажет етеді",-деді.

Режеп Тайып Ердоған да осы кездесуде Иран мен Түркияның аймақта мықты бір одақ құру қажеттігін айтып: "Бұлтартпайтын айғақтар мен куәлерге сәйкес, АҚШ пен Израиль Ирактың Күрдістан мәселесі туралы бір ортақ келісімге келген. Барзани референдум өткізу арқылы кешірілмейтін қателік жасады",-деді. Түркия Президенті АҚШ, Франция мен Израильдің Таяу Шығыс аймағындағы елдерді бөлшектеуді және мұны өз мүдделеріне пайдалануды көздейтінін айтып: "Олардың Сирияға арналған жоспары да бар. Иран мен Түркияның бірлесіп, осы мәселе жөнінде ортақ шешімге келуі өте маңызды",-деп қуаттады.

 

Тегтер