Революция жетекшісі: Ирактың жеңістерінің сыры – халықтың бірлігі мен үкіметтің мүмін әрі батыл жастарға қолдау көрсетуінде
(last modified Thu, 26 Oct 2017 17:22:57 GMT )
Қаз 26, 2017 23:22 Asia/Almaty
  • Революция жетекшісі: Ирактың жеңістерінің сыры – халықтың бірлігі мен үкіметтің мүмін әрі батыл жастарға қолдау көрсетуінде

Ислам революциясының жетекшісі әртүрлі тайпалардың бірлігі мен Ирак үкіметінің халықтық күштер мен мүмін әрі батыл Ирак жастарына қолдау көрсетуін олардың лаңкестер мен демеушілеріне қарсы күрестегі жуырдағы жеңістерінің сыры деп атады.

Хазірет аятолла Хаменеи бейсенбі күні Ирак премьер-министрі Хейдар әл-Абадимен кездесуінде Ирак үкіметінің біртұтас егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау үшін жасап жатқан әрекеттеріне қолдау көрсетіп, Иракты араб әлеміндегі маңызды мемлекет деп атады.

Ислам революциясының жетекшісі Ирак үкіметінің көршілес және аймақ елдерімен қарым-қатынастарды дамыту жолындағы талпыныстарын қолдап: "Қазіргі таңда америкалықтардың жауыздығы мен арамдығынан сақ болып, ешқашан оларға сенім артпаңдар. Америкалықтардың өздері ДАИШ-ты құрды. Бірақ қазір лаңкестер Ирак үкіметі мен халқынан жеңіліс тапқандықтан, өздерін бұл маңызды өзгеріс арқылы бағыттас әрі қатарлас етіп көрсетіп отыр. Әрине, мүмкіндік туған жағдайда олар Иракқа тағы соққы береді",- деді.

Хазірет аятолла Хаменеи Теһран-Бағдад қатынастарын әртүрлі салаларда жан-жақты түрде кеңейтуді қолдап, Хейдар әл-Абадиге қаратып: "Аймақ елдерінің назары Ирактың жеңістеріне, Ирак халқына, сіз бен басқа да жауапты тұлғалардың талпыныстары мен ерліктерінің жемістеріне ауып отыр",- деді.

Ирак премьер-министрі де Ирак халқы мен жастарының бұл елдің ынтымағы мен территориялық біртұтастығын сақтауға деген талпыныстарына тоқталып: "Бар күшімізбен Ирактың бірлігі мен тұтастығын сақтаймыз. Бұрын Күрдістан аймағындағы бауырларымызға Иракты бөлу қатерімен қоқан-лоққы жасауға рұқсат бермейтінімізді айтқанбыз",- деді.

Хейдар әл-Абади Иранның Иракқа лаңкестермен күресуде көрсеткен қолдаулары үшін шын жүректен алғыс білдіріп: "Иран Ислам Республикасымен қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында бар ынтамызбен талпыныс жасаймыз",- деді.

 

Тегтер