Рухани: Дұшпандар аймақта жаңа қастандық ұйымдастыруда
Иран президенті: «Дұшпандар аймақтағы әртүрлі қастандықтары жеңіліс тапқан соң жаңа жоспарлар құрып, қастандықтар ұйымдастыруда» деді.
Иран президенті Хасан Рухани Теһранда атқарушы биліктің басшыларымен өткізген отырыстан соң тілшілерге берген сұхбатта аймақ халықтарының лаңкестікпен күрестегі үлкен жетістіктеріне тоқталып: «Бүгінде Ирак пен Сирия және Ливан халқы өз елдерінің әскерінің қолдауымен және дос мемлекеттердің, әсіресе ИИР-ның демеушілігімен осы қиындықтарды біршама еңсерді. Лаңкестік мәселесі аяқталып қалды. Дұшпандардың елдерді бөлу мен аймақтағы географиялық шекараларды бұзудағы жоспары жеңіліс тапты. Сол себепті, бүгінде осы жетістіктерге байланысты Америка мен сионистік режимнің және олардың одақтастарының ашу-ыза танытып отырғаны түсінікті жайт.
Йемен мәселесіне келсек, бұл кедей елдің халқын бомбалап жатқандарына көп жыл болды. Соның салдарынан Йеменде тырысқақ ауруы таралып, халқы жұтқа ұшырап, аштық кең етек жайды. Теңіз бен құрлықтан адамдарға көмек көрсететін барлық жолдарды жауып тастады. Бұл төзуге келмейтін жағдай. Аймақтың бүгінгі жағдайы дұшпандардың аймақта тағы басқа жоспарлар мен қастандықтарды жүзеге асыруды ойластырып жатқанын көрсетеді. Халық бұл салада қырағылық танытып, басшылар да тиісті бағдарламалар жасауы керек. Барлық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігіндегі белсенділер мен әртүрлі мінберлер алпауыт елдердің, әсіресе Американың шешімдері мен мақсаттарының халықты үмітсіздендіру екендігіне қатысты сақ болғаны жөн. Сондықтан, дұшпанның торына түсіп қалмау үшін қырағы болу керек» деді.
Рухани сөзінің соңында Иранның ұлы халқынан Хосейннің қырқы – Арбағин әлемдік ұлы шеруіне қатысқаны үшін, ал Ирак үкіметінен Хосейннің азасына келген зияратшыларға қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты.